Руханият • 25 Мамыр, 2020

Жігіттің жақсысы

2828 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың түйіп айтқан әр сөзінің түбінде қатпар-қатпар қазына жатады. Ұлы даланың төсінде емін-еркін көшіп-қонып, мыңдаған жылдар бойы мағыналы ғұмыр кешкен қазақ баласы өзінің жүріп өткен өмір жолын тобықтай ғана сөзбен түйіндеп отырған. Сондай салмақты сөздердің бірі нағашы турасында айтылған.  Нақты нақылдан небір ұлағатты ой қорытуға болады.

Жігіттің жақсысы

«Қымыздың жақсысы сабасынан,

Киіз үйдің жақсысы ағашынан,

Жігіттің жақсысы нағашыдан» депті байырғы бабалар.

Бүгіне сол аталы сөзді арзандатып, балаларымызды «нағашысына тартқан» деп намыстандыратынды шығардық. Жігіттің бәрі нағашысына тартып нашар болса, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер қандай шешеден туды?

Жер жаһанды әміріне қаратқан Шыңғыс қағанның ата-тегіне үңілген болсақ, намысы найзағайдай жарқылдаған жауынгер патшаның нағашысы Жиделі Байсынды жайлаған Қоңырат елі екені есіңізге түседі. Нағашысы ғана емес, әжесi де, анасы да, сүйген жары Бөрте де Қоңырат тайпасынан екенiн байқайсыз.

Егер Шыңғыс қаған нағашысына тартып осал болса, дүр дүниені дәргейіне бас ұрғызып, даңқы жаһангер атанбаған болар еді. Егер Қоңыраттың қызы Бөрте анадан туған төрт бөлтірік тексіз болса Шыңғыс қаған құрған алып империяның шаңырағы сол ғасырда-ақ ортасына түсер еді.

Жә, кәрі тарихың кәдеге жарамайды десеңіз, алаштың ғана емес, адамзаттың алып ойшылы хакім Абайдың ата-тегіне аздап үңіліп қараңыз. Бас ақынымыздың да нағашы жұрты мен қайын жұрты «Орта жүзді қалам беріп дауға қой» деген дауысы қаздай саңқылдаған Қазыбек бидің текті тұқымдары. Абайдан туған ер Әбіштің де нағашылары «Пайғамбар мен шадиярдан басқасының бәрі туған» қаракөк тұқым Қаракесектер.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп қысылтаяң тар кезеңде қазақ үшін басын бәйгеге тіккен Әлихан Бөкейханның нағашысы да осал емес. Нағашысы Көкше Тобықты – Жуантаяқ. Шәкәріммен – бөле. Шәкәрімнің шешесі мен Әлиханның шешесі – апалы-сіңілі деген дерек бар. Әйгілі Мамай батырдың ұрпақтары болған. Шәкәрімнің шешесі – Бошантай, Әлекеңнің шешесі – Бегім ханым.

Әлбетте біз мысал келтірген кесек тұлғалардың ата қандары да асыл ұрықты айтулы рулар.

Шыңғыс баһадүр – тоғыз баулы төре тұқымы, Абайымыздың руы қалың қазақты сөзбен сүйеген атақты Тобықты елі.

Әлихан бабамыз да ақсүйек.

Иә, ер баланың мінез-құлқы, түр-әлпеті көбіне анасына тартатынын ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Шынымен, ананың сүті арқылы сәбидің бойына бар игі қасиет қонатыны рас. Әулетінің болашағын әріден болжаған қазекем сол себепті де сүйегі асыл, сүті таза салиқалы ұрпақ тәрбиелеу талабымен нағашы жұрттың намысын олай таптатпаған.

 «Үш жұрттың ұлығы деп, ұлысы деп,

Сөзінің бұрынғының дұрысы көп.

Мен сені жақсы көрем, нағашыжан,

Ардақты анашымның туысы деп».

Расымен де аяулы анаңды ардақтап өсірген қалың елді қағытпаға қоса беру нағыз ерге жараспас қылық деп ұққан дұрыс. Ол сөздің үлгілік сипатына гөрі, күлкілік сипаты басым.

Жөн-жосықсыз «Нағашысына тартқан» деген жалғыз сөзбен жалпақ жұртты жалп еткізгеннен сен жақсы, олар жаман болып қалмайтыны белгілі.

Оқудан келе жатқан шәкірт бала Абай да алдымен әкесіне емес, анасына бірінші сәлем беретінін оқып өстік.

Анаға деген құрмет оның еліне, жеріне, тегіне, тамырына деген ілтифатпен іргелес болуы керек.

Сен шыр етіп дүниеге келген бетте қалжасын арқалап келетін қалың ел неге нашар болсын!..

Қазақты бөлшектейтін емес, біріктіретін мұратқа жұмылсақ қана жұдырық боламыз.

Ол үшін ауызымыздан шығатын әр сөзімізде әділдік салтанат құрғаны жөн.