Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Батыс Қазақстанда 108 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы 390 мектепте 108 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады.

Батыс Қазақстанда 108 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады

Биыл облыста мектеп бітірушілердің саны – 5142 түлек болды. Олардың ішінде 362 түлек «Алтын белгі» иегері және 223 түлек Үздік аттестат иегері атанды.

Елдегі коронавирус індеті соңғы қоңырау салтанатының форматын өзгертіп жіберді. 25 мамыр күні 1-10 сыныптар үшін соңғы қоңырау мерекесіне арналған онлайн-сынып сағаты өтті. WhatsApp желісінде өткен сынып сағатына ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, өңірдің танымал азаматтары, өткен жылдардағы мектептердің табысты түлектері, еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде оқитын студенттер, бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер шақырылды.

Әлеуметтік желілерде «Сәт сапар, жас түлек!», «Ұстаздарға мың алғыс», «Мектеп – білім ордасы», «Көңілді жазғы демалыс» тақырыбымен бейнесюжеттер тарауда.

- 2019-2020 оқу жылында біздің №47 мектептің 1-11 сыныптарда – 2559 оқушы, мектепалды даярлық тобында – 236, шағын орталықта – 100 бүлдіршін, барлығы 2895 бала  білім мен тәрбие алды. Оқу жылының қорытындысы бойынша 612 оқу озаты, 997 оқу екпіндісі бар. Білім сапасы 63,3%-ды құрап отыр. 130-ға жуық оқушымыз қалалық, облыстық байқауларда, білім олимпиадаларында жүлделі орынға ие болып, мектебіміздің мәртебесін көтерді. Соңғы тоқсандағы қиындықтарға қарамастан біз оқу жылын табысты аяқтадық деп ойлаймын, - дейді Орал қаласындағы №47 мектептің директоры Наталья Ерғожиева.

123
Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің кесірінен биыл соңғы қоңырау салтанаты мектеп қабырғасында өтпеді. Бірақ арнайы безендірілген көліктер көше-көшені аралап, соңғы қоңырау үнін таратты. Әр көшеде тұратын оқушылар санитарлық шараны сақтай отырып, мектеп формасында, қолдарына шар алып үйлерінің алдында қарсылап тұрды. Оқушылар алдағы оқу жылында сабақ үрдісі қалыпты жағдайға көшіп, алтын ұя мектебінің табалдырығын аттайтын сәтті асыға күтеді.

 123

 

Батыс Қазақстан