Облыс әкімі санитарлық қызмет пен әкімдіктердің іс-әрекеттеріндегі қателіктер аталған қала мен аудан орталығы Ботақара кентінде коронавирустың өршуіне алып келгенін атап өтті.
– Өткен аптадағы нәтижелер жекелеген өңірлер әкімдерінің коронавирустың таралуы қандай қауіп төндіріп отырғанын ұғына алмағанын көрсетті. Жеделдік, басқа мемлекеттік органдармен өзара түсіністік іс-қимыл жоқ. Тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау бойынша жұмыс әлсіреді. Оның тікелей салдары, нақтырақ айтқанда, шаралардың уақытында қабылданбауы Теміртау мен Ботақарада індеттің өршуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының әкімдеріне сөгіс түріндегі тәртіптік жаза жариялаймын, – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімі өңірдегі «Нұрқазған» кенішінде пайда болған індет ошағын да тілге тиек етті.
– Өткен аптада «Нұрқазған» кенішінде инфекцияның өршу салдарынан негізгі өсім болды. Жұқтырғандар басқа қалаларға барып, отбасылық іс-шараларға қатысқаны туралы фактілер бар. Біз бұл ошатардың бәрін білеміз. Олар оқшауландырылған. Дегенмен, егер санитарлық дәрігерлер мен әкімдер дер кезінде бірлескен шешім қабылдағанда, осының алдын алуға болар еді, – деп өкініш білдірді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы қаланы аралаған кезде тұрғындардың бетпердесіз, топтанып жүргеніне қынжылыс білдірді.
– Мен кешке жақын қаланы аралап жүремін. Сонда байқағаным: масканы ешкім кимейді, саябақтар мен гүлзарларда адамдар топ-топ болып жиналады және әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. Қала және аудан әкімдері, оларға санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін түсіндіруді талап етіңіздер. Сайып келгенде, бұл тұрғындарға көрсетілген қамқорлық, – деді Жеңіс Қасымбек.
Аппарат жиынының соңында облыс әкімі санитарлық-карантиндік талаптардың сақталуына бақылауды және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қарағанды облысы