Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Алматыдағы полицейлердің тең жартысы карантин ережелерін сақтауды қадағалайды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бірнеше  брифинг қатар өтіп, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов мен Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Алматыдағы полицейлердің тең жартысы карантин ережелерін сақтауды қадағалайды

Полиция департаментінің басшысы Алматыда көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы тәртіпті қаладағы патруль қызметкерлерінің тең жартысы қадағалайтындығын атады.

«Алматы полициясы жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Патрульдік полиция полкі құрамының 50% қаланың көшелері мен аулаларына бағыттау туралы шешім қабылдады. «102 патрульдік аймақ анықталды. Қалада жалпы 2020 патрульдік бағыт жасалған, олардың 478-іне шолғындау автокөлікпен, 1487-іне жаяу жүргізіледі. 550 бағыт бойынша екі ауысымда 2 мыңнан астам полиция қызметкері күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетеді. Жаяу патрульдеу енгізілген сәттен бастап аталған аймақтарда қылмыстарды тіркеу 16,5% азайды», – деді Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар Қ.Таймерденов тәртіпті сақтауға 1 қоғамдық құрылым мен әртүрлі ұйымдардың 7 командасы қатысатынын атап өтті. Олардың көмегімен 39 қылмыс ашылып, 4 214 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов блок-бекеттерде туындаған ұзын-сонар кептелістерге қатысты сауалдарға: «Қазір қалада 700 полиция қызметкері 22 блокпоста 2-3 ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Бір блокпосқа 10 адамнан келеді. Алайда, біз блокпосттың периметрін де ескеруіміз керек. Ол территория да бақылауды қажет етеді. Қазір карантин шараларының бәсеңсуіне байланысты қалаға кіретін-шығатын көліктердің саны артып келеді», – деп жауап берді.

Қожағапановтың айтуынша, қазір әр блок-бекетте полиция қызметкерлерінің қолына берілетін планшеттер саны көбейген.