Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Түркістан: 150-ден аса жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері 70 миллионнан астам теңге тұратын 150-ден аса жылқы мен сиыр ұрлаған, Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысып жүрген, қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков онлайн брифингте мәлім етті. 

Түркістан: 150-ден аса жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Сәуір айында Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан малы ұрланғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Жәбірленушінің айтуымен полиция қызметкерлері, оның 20-дан астам жылқысы жоғалып кеткенін анықтаған. Аталған жайт СДТТБТ-ға 188-1 бап «Мал ұрлығы» 4-бөлігі бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларына кірісіпті.

Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, ауыл тұрғындарынан сұрастырып, мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шыққан. Сөйтіп, жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Криминалдық полиция қызметкерлері Түркістан қаласы мен Кентау қаласының 5 күдікті тұрғынын, оның ішінде ұрланған малдарды сатып алушыны да ұстаған.

«Тергеу барысында ұрылардың 125 жылқы мен 30 ірі қара малын ұрлауға қатысы бар екендігі анықталды. Бүгінгі таңда олардың 2017-2020 жылдар аралығында мал ұрлығының 19 жайтына қатысы бары белгілі болып отыр. Аталған топ ұйымдасқан түрде қылмыс жасаған. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Кейбіреуі жайылымнан малды ұрлап алып шықса, басқалары оларды қора-жайларға жайғастырып отырған, ал үшіншілері ұрланған малдарды сатқан немесе сойып етін өткізіп жүрген», деді генерал-майор Қайрат Дәлбеков.

Күдіктілердің үйін тінту кезінде тәртіп сақшылары 18 жылқы мен 9 сиырды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге 70 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Күдіктілер қамауға алынған. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас мал ұрлығы деректеріне қатыстылығын анықтауда.