Таным • 26 Мамыр, 2020

Мемлекет ашқан тұлға

874 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазіргі күні қоғамтану ғылымдарында, соның ішінде тарих ғылымында жұрттың назарын бірден аударатындай, көпшіліктің құлағын бірден елең еткізетіндей жаңалық ашу мүмкін емес-ті. Ондай жаңалықтарды ашу тек жаратылыстану ғылымдарының үлесінде тұрғандай көрінеді және солай болып келе жатқан секілді. Дегенмен өте сирек болса да, қоғамтанушы-ғалымдардың зерттеулерінде жаңалықтар ашылып жатады. Ондай жаңалықтарды біздердің дер кезінде білмеуіміздің себебі – ашылған жаңалықтың маңызын дұрыс түсінбеуімізден болса керек.

Мемлекет ашқан тұлға

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын бү­кіл дүниежүзі бойынша Шығыстану ғылымы орталықтарының бірі болып саналатын Ленинград қаласында атақ­тары жер жарып,  еңбектерін әлем мойындаған  шығыстанушы ғалымдар ортасында  отыздағы қарапайым қазақ жігітінің тарих ғылымдары мамандығы бойынша ашқан ғылыми жаңалығы – қазіргі түсінікпен айтсақ, отандық тарих ғылымындағы ірі  сенсациялық жаңалық болды.

1970 жылы Ленинградтың ғылыми ортасын «шулатқан» қазақ жігіті – Қазақ­­стан Республикасы Ұлттық Ғы­лым ака­­демиясының академигі, тарих ғы­лым­дарының докторы, профес­сор, Қазақстандағы шығыстану ғылы­мы­­­ның құрылымдық жүйесінің не­гізін қалаушылардың бірі – Болат Еш­­мұхамедұлы Көмеков болатын. Б.Кө­меков Нева бойындағы қаланың ғылыми ор­тасын тек диссертация қорғау барысында емес, диссертация тақырыбын таңдау мен оны орындау барысында да таңғалдырады. Сол кездері отыздағы қазақ жігіті ленинградтық әріптестері мен ғылымдағы аға буын өкілдерін өзінің ерекше қарапайымдылығымен, араб тілімен бірге бірнеше шет тіл­де­рін аса жетік меңгергендігімен, кере­мет ізденімпаздығымен және қай­сар табандылығымен мойындатады. Олай болса, бүкіл ғылыми ортаны дүр сіл­кіндірген Болат Көмеков кім еді  және ол ғылымға қалай келген еді деген сұрақ­тарға  рет-ретімен  жауап берелік.

Академик Болат Ешмұхамедұлы 1940 жылы 5 тамызда Тараз қаласында көп балалы отбасында дүниеге ке­леді. Заманының қандай болғанына қара­мастан Болат ағайдың ата-бабалары иман­дылықты ту еткен, дін жолында жүрген жандар болған  екен. 1957 жылы мектепті үздік бітіріп, жоғары білім іздеп Ташкент қаласына аттанады. Онда жаратылыстану мамандықтарының біріне қабылданып  тұрса да, көңілі басқа жаққа ауып, ойлана келе, ақыры құ­жаттарын қайтарып алады да,  Таш­кент Мемлекеттік университетінің шығыс­тану факультетіндегі араб бөліміне тапсырады.  Басқа жер, басқа жұрт болса да, ондағы қабылдау комиссиясының мүше­лері талапкердің біліміне ризашылық білдіріп, оқуға қабылдайды.

Университет қабырғасында да Болат Ешмұхамедұлы қатарының алды болып, үздіктер шоғырынан көрінеді. 1961 жылы араб тілі мен әдебиеті бо­йын­ша білімін жетілдіру үшін уни­вер­ситет­тің төрт студенті Бағдат Мем­ле­­кет­тік университетіне бір жылдық та­ғы­­лым­дамаға жіберіледі. Сол кездің өзін­де 20-21 жастағы студенттің  шетелге шығуы өзінше бір маңызды оқиға болса, екіншіден, студент Көмековтің үлкен, танымал адамдармен жолығуы, Халықаралық Ислам конференциясының жұмысы туралы хабардар болуы – жас жігіттің санасында ұзақ сақталады.

 Ташкенттен келген студент-практиканттар КСРО-ның Ирактағы елшілігі орналасқан Бағдаттағы ғимаратына барып, әртүрлі қосымша жұмыстар атқаратын. Барып келу, алып келу, күтіп алу, шығарып салу, телефонға жа­уап беру және тағы басқа көптеген ұсақ жұмыстарды елшілік практиканттарға тапсыратын. Сондай бір күні Бағдатқа Халықаралық Ислам конференциясының жұмысына қатысу үшін  Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының басшысы, Діни басқарманы құрған  атақты Ишан Бабахан Әбіл­мажидханның ұлы әрі мұрагері Шейх Зияуддинхан ибн Ишан Бабахан (1957-1982 жж. басшы.) келеді. Кеңес Ода­ғының Ирактағы елшісі мен Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы арасындағы кейбір әңгімелерді құлағы шалып жүріп, жас жігіт қазақ халқына қатысты мынадай әңгімелерді естиді. Ислам конференциясында кейбір араб елдерінің өкілдері қазақтардың жылқының етін жеп, қымызын ішетіндігін алға тартып, исламға жат әдет деп сынайды. Бұған қарсы Шейх Зияуддинхан ибн Ишан Бабахан: – Төрт түлік малдың еті мен сүті қазақ халқының ежелгі асы екенін айта келе, XIII ғасырда Мысырда билік құрып, ол елдің тарихында ерекше рөл атқарған Сұлтан Бейбарыстан бастап, мәмлүк сұлтандарының бірталайы Дешті Қыпшақтың өкілдері болғандығын, олардың заманында жылқы еті мен сүті Каир базарларында еркін сатылғандығын дерек мәліметтеріне сүйеніп айтып бе­реді. Одан әрі бүкіл конференцияға бас­шылық жасап отырған Каирдегі Әл-Азхар университетінің ректоры З.Ба­баханның жауабына қанағаттанып, бұл сұрақты бұдан былай көтермеу керектігін ескертеді.

Одан әрі Ташкенттен барған студенттер Орта Азия мен Қазақстан мұ­сыл­мандарының дін басына сәлем бер­генінде, ғұлама олардың сәлемдерін жылы қабылдап, аз және қысқа болса да көңіл аударып, жылы шырай біл­діреді. Болат ағайымыздың қазақ және Қазақстаннан екенін білгеннен кейін З.Бабахан өзінің Бұхарадағы ұстаз­дары­ның бірі қазақ болғанын, аты-жөні Сәдуақас Ғылмани, Қазақстан мұ­сыл­мандарының қазиы, Алматы қаласы мешітінің имамы  және оның өте білімдар екенін айтып, жыл сайын­ Алматыға ұстазының туған күніне орай барып тұратынын айтады. Болат ағайы­мыздың кеудесін  сол кезде үлкен қуаныш кернейді. Терең білімнің  ғана көп нәрсені жеңетініне, мойындататынына көзін жеткізеді. Осы жерде айта кету керек, 10 жылдан кейін, яғни 1971 жылы Ленинградтан кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ол жақ­ты білімімен таңғалдырып келген Б.Көме­ковті 1952-1972 жылдардағы Қазақ­стан мұсылмандарының қазиы, Алматы қаласы мешітінің бас имамы Сәдуақас Ғылмани (1890-1972 жж.) шақырады. Ол жөнінде Болат ағайы­мыздың былай деп айтқаны бар: «Қазіргі Орталық мешіт тұрған жерде бұрынғы мешіт және қазидың үйі тұратын. Бас имам шақырған соң сонда барып, ғұламаға сәлем бердім. Үлкен кісі қуана қарсы алып, хал-жағдайымды сұрады. Екі шай, бір ет желінді. Менің бүкіл өмірбаянымды білді. Соңында ғана шақырған себебін айтты. Өзінің жасы келіп қалғанын, мұсылмандықты жақсы сақтап, арабшаны өте  терең меңгерген жас­тарға қазилық және бас имамдық орынды тапсыруды  ойлай келе, көздеп отырғаным  өзіңсің, айналайын». Болат ағайымыз болса, ұзақ ойлана келе, ғұламаның сенім білдіргеніне рахмет айта келе, өзінің кеңестік тәрбие мектебінен өткенін, комсомол мүшесі екенін, алған жоғары білімі мен қорғаған кандидаттық диссертациясы ғылыми жолдың бағыты екенін,  қазіргі Қазақ елінде ортағасырлық тарихпен айналысатын мамандардың жоқ екенін, ал зерттеуін күтіп отырған тарихи мәсе­лелердің көп екенін айтады.  Содан кейін ғана Бас имам Болат ағайымыздың сөздеріне иланып, тағы да рахметін айтып, жылы қабақпен шығарып салады. Осылайша, ағайымыздың жеке өмір беттерінде көпшілік біле бермейтін осындай тұстар бар екенін білсін деген оймен айтып отырмыз.

Тәжірибеде араб тілі бойынша білімін тәуір жетілдірген студент Б.Көмеков елге оралып, оқуын одан әрі жалғастырады. 1963 жылы университетті бітірген ол Мәскеудің жолдамасымен Мысырдағы Асуан су қоймасын салып жатқан кеңес­тік инженерлерге аудармашы болып жіберіледі. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде аға аудармашы дәрежесіне көтеріледі. Б.Көмековтің ғылым жолы­на келуінің өзі қызық. 1966 жылдың жазында кезекті еңбек демалысын алып Алматыға  келеді де, бірден  Ташкентте бірге оқыған досымен жолығады. Қазақ КСР Ғылым Академиясында жұмыс істейтін досы оны бірден Тарих, архео­логия және этнология институтының  бөлім меңгерушісіне, ал ол институт директоры академик Ақай Нүсіпбековке  алып барады. Сөйтсе, институтта білікті кадр мәселесіне байланысты қиын жағдай қалыптасқан екен. 1960 жылы Қазақ хандығы дәуірі бойынша ең мықты маман – тарих ғылымдарының кандидаты Сапар Камалұлы Ибрагимов, 1965 жылы – төңкеріске дейінгі Қазақстан тарихнамасының негізін салушылардың бірі, белгілі тарихшы Едіге Айдарбекұлы Масанов (тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрболат Масановтың әкесі) кенеттен қайтыс болып, шет тілін жетік білетін мамандар  қалмаған көрінеді. Соған байланысты институт басшылығы өз қызметкерлеріне шет тілін білетін таныстарын іздестіруді тапсырған сияқты.

Араб тілін жетік білетін Б.Көмековті институт басшылығы оның ойлануы­на мұрсат бермей, бірден жұмысқа қа­былдайды.

Сол жылдар  –  Әбу Насыр әл-Фара­биді қазақ елі жаңа ғана танып-біліп жат­қан кез болса, екіншіден ғұламаның 1100 жылдығына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқан болатын.  Соған байланысты Болат ағайымызға алғашында Ә.Марғұланның жетекшілігімен «Әл-Фарабидің тарихи көзқарастары» атты кандидаттық диссертация тақырыбы беріледі. Бір жылдай әлемнің «екінші ұстазының» қолжазба мұраларымен танысып шыққан жас ғалым одан дис­сертацияға қатысты материалдар таппайды. Содан кейін институт директоры А.Нүсіпбеков аспирантураға тағы бір жыл қосып, Б.Көмековті 1966 жылы Ленинградқа аспирантураға жібе­реді. Қайнаған ғылыми ортада өзіңді мойын­датудың ең дұрыс жолы – білім және тағы білім  екені белгілі. Жас Көме­ков ленинградтық ғалымдарды араб тілін жетік білетіндігімен алғаш таңғал­ды­ра­ды.

Көмеков аспирантураға тарих маман­дығы бойынша қабылданғандықтан оған жетекші бекіту жағы біршама қиын­дық туғызады. Араб тілінің мамандары филология мамандығы бойын­ша келісім береді. Бірақ аспирант тарихты таңдайды. Болашақ жетекшісі С.Кляшторный алғашқыда жетекші болудан бас тартады. Себебі Болат ағайға дейін Қазақстаннан бірнеше аспирант келіп, жетекшінің қойған талаптарына шыдамай кетіп қалған екен. Болат ағайға да шыдамай кетіп қалар деген оймен қолжазба қорына жіберіп, араб тіліндегі мәліметтер бойынша бір айда болашақ тақырыбы туралы баяндама жазуды тапсырады. Аспирант Көмеков бір ай емес, 17 күн ішінде өте ыждағаттылықпен өзіне қажетті қолжазбаларды қарап шы­­ға­ды да, диссертациясына қажетті мә­ліметтерді орысшаға аударады және баяндамасын жетекшісіне ұсынады. Аспиранттың мұндай іскерлігіне сенбей, институттағы араб тілін білетін мамандардан арнайы комиссия құрылып, араб тіліндегі қолжазбалардағы мәліметтер мен аспирант тапқан  мәліметтер салыс­тырылады. Комиссия мүшелері Қа­зақстаннан келген аспиранттың қол­жазбалармен танысқандығына, баян­дама материалдарының бәрі қолжаз­балардан алынғандығына  және орысша аудармалардың дұрыстығына көздерін жеткізеді және барлығы да таңғалып, бастарын шайқайды. Комиссия қоры­тындысынан кейін ғана белгілі түрколог С.Кляшторный аспирантқа жетекшілік жасауға келісімін береді. Міне, осы кезден бастап Қазақстаннан келген аспирант Көмеков туралы ленин­градтық гуманитарлық ғылыми ортада небір «аңыздар» пайда болады. Тіпті мүйізі қарағайдай небір мамандар өздері іздеп келіп танысады. Осы жылдары алматылық Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов та Ленинградта тарих мамандығы бойынша аспирантурада оқып жүрген болатын.  Жас ғалымдардың сол кездегі жақын араласуы үлкен достыққа ұласып, ол достық әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Б.Көмеков аспирантурада жүріп, жетекшісінің талабы бойынша XVIII-XX ғасырлардағы  еуропалық шығыстанушы ғалымдардың еңбектерімен  танысу үшін ағылшын, неміс, француз тілдерін де меңгереді. Шығыстанушы классиктердің  мәселеге қатысты тұжырымдарын өз зерттеуінде қолданады.

Болат ағайымыз 1969 жылы аспирантурасын аяқтайды да, 1970  жылы  тағы да бүкіл ғылыми ортаны таңғалдырып,  Қимақ мемлекетінің тарихына арналған кандидаттық диссертациясын өте сәт­ті қорғап шығады.  Диссертантты аш­қан ғылыми жаңалықтарын ғылыми кеңес мүшелерінің бәрі бірауыздан өте жо­ғары бағалап, ғылыми ізденістердің нәтижелерін шығыстану ғылымындағы зор жетістік деп бағалайды.  Ғылыми жетекшісі өзінің сөйлеген сөзінде былай деп айтқан екен: «Тарих ғылымында тың жаңалықтар ашу қиын, негізінен қазіргі кездегі тарихшылар   өз зерттеулерінде белгілі бір бағыттағы мәселелерді кеңей­теді, толықтырады немесе мәселені басқа қырынан қарастырады. Ал ізденуші Б.Е.Көмеков өз зерттеуінде Қазақстан тари­хында бұрын белгісіз болып келген  жаңа мемлекеттің болғандығын дәлелдеп отыр. Ол мемлекет  – Қимақ мемлекеті». Одан әрі шәкіртіне риза болған Сергей Григорьевич: «Колумб Американы ашса, Көмеков Қимақияны ашты», деп салыс­тырады.

Міне, осындай бағалаулардан кейін ленинградтық  ғалымдар   кандидаттық диссертация барысында алынған ғы­лы­ми жаңалықтарды докторлық дис­сертацияның нәтижелерімен сәйкес келеді деп есептеп, диссертантқа  бірден ғылым докторы ғылыми дәрежесін беру жөнінде ұсыныс көтереді. Сол кездегі тәртіп бойынша ол үшін Б.Көмековті аспирантураға жіберген Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнология институты мен Академия басшылығының келісімі қажет болатын. Өкінішке қарай, Алматы мұндай ұсынысты қабылда­майды. Олар жас маманға бірден ғылым докторы дәрежесін беруді артық деп есептейді. Ол кезде тарихшылар 50 мен 60 жастың аралығында  докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанатын.

Б.Көмековтің бұл ғылыми жетістігі тек өзінің жеке басының ғана емес, сонымен бірге сол жылдардағы бүкіл қа­зақ ғылымының, Қазақ КСР Ғылым Академиясының зор табысы болып саналды. Диссертация негізінде 1972 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасы 2200 таралыммен оның  «Государство кимаков IX-XI вв. по арабским источникам» атты монографиясын жарыққа шығарды. Осылайша, Б.Көмековтің есімі  әлемдегі танымал шығыстанушы ғалымдардың қатарына қосылады. Осы жерде айта кете­лік, 2014  жылы бұл монография Түр­кия­да түрік тілінде жарық көрді.

Алматыға қайтып оралғалы бері Б.Кө­мековтің өмірі Ғылым академиясымен, шығармашылығы академиялық ғылыммен біте қайнасып келеді. 1972 жы­лы досы Т.Сұлтановпен бірге академия журналында «Қазақ­стандағы тарихи-шығыстанулық зерт­­теулердің қорытындылары мен кей­бір мәселелері» атты мақаласын жа­риялай­ды. Институт директоры академик А.Нүсіпбеков жас ғалымдардың көтерген мәселелеріне көңіл аударып, оларды қолдайды да, 1974 жылы инс­ти­тут құрылымында «Ежел­гі және ортағасырлардағы Қазақ­стан тарихы» атты бөлім аштыра­ды  және  оның жетекшілігіне Б.Көме­ковті тағайын­дайды. Іскер басшы бір­ден бөлімге нағыз мамандарды жи­най бастайды. Аз уақыт ішінде бө­лім­ге араб, парсы, шағатай, қытай, тү­рік, испан тілдерін білетін мамандар – К.Пищулина, Н.Мингулов, Т.Сұлтанов, А.Қадырбаев, В.Нас­тич, В.Шу­ховцев, С.Өтениязов секіл­ді ғалым­дар шоғырландырылады.

Жас болса да бас бола білген, ғылымға адал, жаны таза Б.Көмеков ғылыми ізденістермен қатар, ғылыми кадрлар даяр­лау ісіне де белсене араласады. Оған  тарих, археология және этногра­фия институты басшылығы өткен ғасыр­дың 80-ші жылдары үлкен сенім артып, институттың мамандандырылған Ғы­лыми Кеңесінің ғалым хатшысы етіп тағайындаса, Мәскеу қаласындағы  Бүкіл­­одақтық  Жоғары аттестациялық ко­миссия (ВАК) Б.Көмековті Орта Азия мен Қазақстанда тарих ғылымының мамандықтары бойынша сарапшы ретінде бекітеді. Осы салада да ағайымыз өзіне тапсырылған міндеттерді абыроймен орындайды.     

1994 жылы Б.Көмеков Ресей Ғы­лым Академиясының Шығыстану инсти­тутының Санкт-Петербург бөлімінде  «VIII-XIII ғғ. қыпшақ, құман және қимақ тарихына қатысты араб деректері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. 1995 жылы профессор Б.Көмеков ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы ҰҒА академигі болып сайланады. Бұл дегеніміз оның ғылыми шығармашылығын мойындау және ғалымға деген үлкен құрмет болса керек.

Академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Көмековтің  жал­­пы ғылыми жарияланымдарының саны 700-ден асады. Оның ішінде 40-тан аса жеке және  ұжымдық монография, оқулық және оқу құралдары бар. Ға­лым­­ның ғылыми жетекшілігімен және кеңесімен – 7 ғылым докторы, 13 ғылым кан­дидаты диссертацияларын қорғаған. Сол жетеудің ішінде осы жолдардың авторы да бар. Көмеков шәкірттерінің бәрі ұстазы секілді ғылымда адалдықты ту етіп ұстап, Отан тарихының өзекті мәселелері бойынша тарихнамаға өз үлестерін қосуда.

Соңғы 25 жылда  академик Б.Көмеков өз шәкірттерімен бірге  Халықаралық Қыпшақтану орталығын ашып, Еуразия аумағындағы қыпшақ этносының тарихи мәселелерімен терең айналысып жүр. Ол осы тақырыппен айналысатын АҚШ, Венгрия, Түркия, Иран, Англия, Франция, Қытай, Жапония, Ресей, Болгария, Румыния, Украина, Армения, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Ол бірнеше рет халықаралық деңгейде қыпшақтану мәселелеріне арналған конференциялар өткеріп, оның материалдарын жариялады.

Академик Б.Көмековтің отандық тарих ғылымына сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2014 жылы ғалымдар үшін ең үлкен мемлекеттік марапат болып саналатын  «Парасат» орденін кеудесіне тақты. Ал мерейтойлық, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға арналған және қоғамдық ұйымдардың медальдары қаншама!

Бүгінгі күндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған  академик ағамыздың күш-қайраты мен ерік-жігері бойында. Одан халқы әлі де талай ғылыми туындылар күтуде. Тараздағы мектепте, Ташкенттегі университетте өз қа­тары­ның алды болған, Бағдатта ел на­мы­сын жерге түсірмеген, Мысырда қазақтың қандай екенін көрсеткен, Ле­нинградта бүкіл қазақ жастарының қандай болатындығын дәлелдеген,  ал Алматыда болса, бүкіл жиған-терген білімін өз халқына еселеп, том-томдап сыйлаған Болат Ешмұхамедұлына қандай құрмет көрсетсек те өте лайықты тұлға. Нағыз қазақ үшін, қазақ ғылымы үшін жаратылған  «аңыз адам» деуге тұрарлық.  

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы