Аймақтар • 26 Мамыр, 2020

Ақмолада 3 адам суға кетті

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Суға түсу маусымы басталмай жатып, облыста 3 адамның ажалы судан болды. Олардың арасында балықшылар да, дем алуға шыққандар да бар. Таяуда құтқарушылар алдын алу шараларына байланысты арнайы рейд өткізді.

Ақмолада 3 адам суға кетті

Облыста 754 су айдыны бар. Суға шомылу науқаны басталмас бұрын төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері демалыс орындарында құтқару посттарын орнатуда.

–Биыл осындай 35 бекет дайындалды. Құтқару әдістерін 77 адам меңгерді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Кәсіби құтқарушылар Қопа, Зеренді, Айнакөл және Бурабай сияқты 4 ірі су айдынындағы қауіпсіздікке жауапты. Биыл  үшінші жыл қатарынан Үлкен Шабақты көлінде маусымдық пост орнатамыз,–дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі  департаментінің бастығы Алексей Советов.

Бұдан бөлек «Суға шомылуға тыйым салынған» деп жазылған  274  белгі  орнатылды. Полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, бүгінге дейін 200-ден артық рейд жүргізілді. 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Суға шомылу маусымы басталмай жатып, қайғылы оқиғалар тіркелуде. Целиноград, Қорғалжын және Ақкөл аудандарында 3 адам суға кеткен.

Рейд қорытындысы бойынша құқық бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Десе де, су айдынындағы қауіпсіздік шараларын естен шығармаған жөн. Ол қарапайым ғана ереже. Қалқыма белгілерден әрі аспау, балаларды қадағалау, қараңғыда суға түспеу және ішімдік ішпеу. Айта кетейік, суға шомылу маусымы әдетте жаздың алғашқы күнінен басталады. Бірақ, биылғы карантиндік шектеулерге байланысты  оның нақты уақыты белгіленбеген.