Аймақтар • 26 Мамыр, 2020

Мақтаарал: Мақта егуге өзбекстандық техникалар көмекке келді

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданындағы су басқан егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстары басталды. Бұл орайда жергілікті шаруаларға Өзбекстан Республикасының Жызақ және Сырдария облыстарынан келген 40 арнайы техника көмектесіп жатыр.

Мақтаарал: Мақта егуге өзбекстандық техникалар көмекке келді

Аудан аумағына кірген 15 чизель агрегаты, 11 жүйекаралық қопсытқыш, 14 дән сепкіш (сеялка) техникалар қазіргі уақытта суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп беріп жатыр. Мәселен, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекеніндегі «Жаманқұл» шаруа қожалығы өзбекстандық техниканың арқасында 7 гектар алқабына мақта шитін қайта сеуіп шықты. Көрші ағайындар техникадан бөлек, жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отыр. Яғни көрші елден 243,6 тонна мақта шиті жеткізілді. «Су шайған алқаптарда мамыр айының соңғы күндеріне дейін мақта егуге болады. Сондықтан шаруалар күндіз-түні тынбай егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылуда. Бір тәулікте шамамен 100 гектардан астам алқапқа күлте жүргізіліп, 100 гектарға мақта егілуде», дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Жарқынбек Мырзалиев.

Айта кетейік, жалпы топан судан Мақтаарал ауданындағы 7 мың 500 гектар егістік алқап зардап шеккен болатын. Соның 5035 гектары Жаңажол ауыл округіне тиесілі. Өзбекстандық техникалардың басым көпшілігі де осы ауыл округіне бөлінген отыр. Бұдан бөлек, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс және Жантақсай елді мекендеріндегі жалпы аумағы 113,31 гектар егістік алқапты қайта өңдеу жұмыстарына да өзбекстандық техникалар бөлінді. Сонымен қатар, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекенінде 61,8 гектар егістікке қайтара мақта дәнін себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше