Аймақтар • 26 Мамыр, 2020

Жеңіс Қасымбек: Карантинге қарамастан, облыс экономикасы дамып келеді

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай режімі және карантиндік шектеулердің қыспағына қарамастан, Қарағанды облысының экономикасы дамып келеді екен. Бұл салада жылды жағымды жаңалықпен аяқтауымыз әбден мүмкін: жалпы өңірлік өнімнің үш пайыздық өсуі күтілуде, деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында өткен брифинг барысында.

Жеңіс Қасымбек: Карантинге қарамастан, облыс экономикасы дамып келеді

– Қазіргі қарқынды бәсеңдетпеу үшін дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Оған экономиканың негізгі салалары бойынша 108 іс-шара кіреді. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру бағытында 1 трлн теңгеден астам соманың 41 инвестициялық жобасы жоспарланған, –  деді облыс басшысы.

Осы орайда, Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы күрес шығындарына байланысты жергілікті бюджет жаппай іс-шаралар бөлігінде оңтайландырылыпты. Дегенмен, мұндай қадам жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларға әсер етпейді, деп мәлімдеді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Яғни, бұл жергілікті атқарушы билік өзінің барлық міндеттемелерін орындайды деген сөз.

Жеңіс Қасымбек үнемделген ақша дағдарыс пен эпидемияға қарсы іс-шараларға бағытталатынын хабарлады.

– Жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларды қысқартқан жоқпыз, олардың барлығы толық көлемде жүзеге асырылатын болады. Уәде еткеніміздей, тұрғын үйлер мен жолдарды салып жатырмыз. Біз бюджетті оңтайландырдық. Бірақ, бұл тек форумдар, көрмелер, мәдениет және спорт саласындағы іс-шаралар өткізу сияқты бағыттарға қатысты. Халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады, – деді облыс әкімі.

«Тарта жесең, тай қалады» деген. Үнемделген қаражаттың бір бөлігі эпидемияға қарсы шараларға жіберілді. Атап айтқанда, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды, өкпені жасанды демалдыру аппараттарын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар, бұл қаражаттың біразы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталмақшы.

Республикалық және облыстық бюджеттен дәрігерлер үшін жеке қорғану құралдарын, медициналық жабдықтарды сатып алуға, төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды өткізуге және басқа да қажеттіліктерге 4,8 млрд теңге бөлінгенін хабарлады облыс әкімі.

Қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі – тұрғындарды табысы тұрақты жұмысқа орналастыру. Осы бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында нысандарды салу, жөндеу және абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларға 63,7 млрд теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға жергілікті компаниялар жұмылдырылуда.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасын жүзеге асыруға 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін мәлім етті. Жұмыссыздар кәсіптік даярлау мен қайта оқыту курстарынан өтіп, кәсіпкерлік негіздерін оқып, шағын несие немесе гранттар ала алады. Сондай-ақ, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі сияқты көмек түрлерінің де қарастырылғанын атап өтті облыс әкімі.