Қоғам • 27 Мамыр, 2020

586 мыңға жуық адам әлеуметтік көмек алды

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда ағымдағы жылғы қаң­тар-сәуір айларында 113 мың отбасы­дан 586 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалды және төленді.

586 мыңға жуық адам әлеуметтік көмек алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 586 мың адамның 561 мыңы ТЖ кезінде мемлекеттік инстанцияларға жүгінбей, II тоқсанда АӘК-ті автоматты түрде алған. Оның ішінде 25 мың адам АӘК алу үшін алғаш рет жүгінген.

«Жәрдемақы ең алдымен құрамы, тұрғылықты мекенжайы және табыс деңгейі өзгермеген отбасыларға тағайындалды. Ол үшін ақпараттық жүйелерден алушылардың деректерін тексеру жүзеге асырылды, атап айт­қанда, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, жылжымайтын мүлкінің, көлігінің болуы, кірістері және басқасы тексерілді. Барлық ақпарат, сондай-ақ хабарламалар, электронды пошта және мессенджерлер арқылы жіберілді. АӘК көрсетудің жаңа тетіктері шеңберін­де табысы аз отба­сылар­дағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлі­неді. Кепілдік берілген әлеуметтік топ­тама жас санаттары бойынша 2 түрге бөлінеді: 1-ден 6 жасқа дейінгі және 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. 1 жастан 6 жас­қа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұр­мыстық химия заттарының жиынтығы қарас­тырылған», дейді министрлік өкілдері.

Азық-түлік жиынтығына түрлі жарма, шырындар, сүт және т.б. кіреді. Тұрмыстық химия жинағы тіс пастасы, балаға арналған щетканы, кір жуатын ұнтақты, шаруашылық және иіс сабынды және т.б. қамтиды, ол тоқсанына 1 рет ұсынылады. Сонымен қатар, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектепте тегін тамақ беріледі, қоғамдық көлікте оқу орнына дейін жеңілдікпен жүреді, мектеп формасымен және мектеп керек-жарақтарымен жылына 1 рет қамтамасыз етіледі.