Экология • 27 Мамыр, 2020

Экология бәрімізге ортақ

858 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Былтыр жыл соңында өткен Үкімет отырыстарының бірінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңадан дайындалған Экологиялық кодекстің жобасы туралы баяндама жасап, елімізде 3,5 мың қалдық пен қоқыс полигонында 120 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтың жиналғандығын, жыл сайын олардың 5 млн тоннаға жуық көбейетіндігін, сол қалдық пен қоқыстардың қайта өңделуінің көлемі 11,5 пайыздан аспайтындығын айтқан еді.

Экология бәрімізге ортақ

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Министр атмосфералық ауаның және жерасты су қоймаларының да жағдайы мәз емес екендігін, мұндай жағдай қалып­та­суының басты себебі облыстарда және елді мекендерде қажетті деңгейде инфрақұ­рылымның жоқтығын алға тартты. Эко­логиялық ахуалды жақсартудың бірден-бір жолы – мемлекеттік деңгейде ша­ра­лардың қабылдануы және солардың жүзе­ге асуы деді.

2007 жылы қабылданған Экологиялық кодекс ел экономикасын дамыту сала­сын­дағы сол кездегі алға қойған мақсат­та­ры­ның орындалуына оң ықпалын тигізді деп айтуға болады. Ал осы кодекске елдің бүгінгі даму деңгейінен қарайтын болсақ, бап­тардың көбі ескіріп, қоғам алдына қойыл­ған талаптарға сай келмейтіндігін аңғару қиын емес. Сол себепті Үкіметтің жаңа Экологиялық кодекстің жобасын дайындап, оны Парламентке жолдауы құптарлық жайт.

Халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымының дерегі бойынша, Қазақстан ауа­ны ластау көрсеткіштері бойынша әлем елдері арасында 5-орында екен. Біздің алдымызда – АҚШ, Қытай мен Ресей. Аталған елдердің алғы шепте орналасуын олардың алыптығымен, халқының санымен, өнеркәсіптерінің даму аумағымен және көп болуымен түсіндіреді. Ал Қа­зақстанның осы елдердің арасында тұруының басты себебінің бірі, ол қазір­гі қолданыстағы заңнамалық база­ның әлсіздігі деуге болады. Сонымен қатар тоқырау кезінде еліміздегі алып өнеркәсіп орындары шарт негізінде жекешелендіріліп, зауыт қожайындарына жеңілдіктермен берілгеніне қарамастан, сол шарттардағы өнеркәсіп иелерінің экология саласын жақсартудағы міндет­те­мелеріне бақылау жүргізуге тиісті құ­­зыр­­лы мемлекеттік органдар тарапы­нан немқұрайдылық байқалғаны өз алдына, заң тұрғысынан жұмыстың қалай жүріп жатқаны да тексерусіз қалуда. Осын­­дай салғырттықтың нәтижесінде өнді­ріс орын­дарының мұржаларынан газ бен түтін қалдықтары мөлшерден тыс будақ­тап шығып, ауаны ластауда. Алып зауыт иелерінің өз міндеттеріне алған тиісті көп­те­ген әлеуметтік нысанның құры­лыс­та­ры да салынбады.

Былтыр Республикалық «Байтақ Бола­шақ» экологиялық альянсы қоғамдық бір­­лес­­тігіне Нұр-Сұлтан қаласының ірге­сін­дегі Ы.Алтынсарин елді мекенінің 300-ден астам тұрғыны қол қойған шағым хат келіп түсті. Онда ауыл іргесінде орна­лас­қан медициналық қалдықтарды өртеп, өңдейтін зауыттың талапқа сай жұмыс істемейтіндігі айтылған. Тәулік бойы өртелетін медициналық қоқыстардың түтіні мен иісі қолайсыздық туғызып отырғанын, тұрғындардың өкпе, тыныс алу және басқа ауруларға шалдығып жатқанын, ал жел зауыт жақтан соққан кезде үйлерінің терезелерін ашу түгілі, далаға шығудың өзі мүмкін болмай қалатынын жазған. Осы мәселенің мән-жайымен танысу үшін аталған ауыл тұрғындарымен кездесіп, жергілікті әкімдіктің өкілі, жер ресурстарын реттейтін бөлім және сан­эпи­дем­стансаның қызметкерлерімен бірге зауыттың басына барып, қалыптасқан жағ­дайдың себептерін анықтауға тырыс­тық. Расында да, ауылдың іргесінде ор­на­ласқан медициналық қалдықтарды ж­ағу зауытының жұмыс істеуі, объектілерінің орналасуы осы саланы рет­тейтін нормативтік құжаттардың талабына сай емес екендігін қолдағы бар мәліметтердің негізінде анықтадық. Талап бойынша, аталмыш мекеме елді мекеннен 300 метр қашықтықтан кем болмауы керек. Яғни тұрғындарға қауіп төндірмеуі тиіс. Ы.Алтынсарин ауылының іргетасы қаланғанына 10 жылдай болған. Содан бері дау туғызып отырған кәсіпорын мен жаңадан салынған үй құрылыстарының ара қашықтығы айтарлықтай жақындай түсіпті. Сонымен қатар мекеменің сани­тарлық талаптарға сай келмейтін пеш­тер­ді пайдаланып жатқанын, өңделген қал­дық­тар­ды жинақтайтын арнайы орын­ның жоқтығына байланысты, жаз мезгілінде ит-құстар медициналық қалдықтармен қоректенетінін анықтадық.

Бұл жерде дау туғызып отырған мәселе – қоршаған ортаны қорғайтын заң­­да­рымыз бен қаулыларымыздың ес­кір­­гендігі және бүгінгі заман талабына жауап бере алмауы. Қара түтінді бұр­қы­ратып, дәрілердің исін мүңкітетін зиян­ды кәсіпорынның ауыл сыртына орна­ласуына жол бергені – жергілікті әкім­дік­тің санитарлық талаптарды өрескел бұз­ғандығының айғағы. Тұрғын үйлердің са­лынуына рұқсат беретін заңдардың тәртіпке сай орындалуын қадағалайтын құзырлы органдардың да өздерінің тікелей міндеттеріне немқұрайды қара­ға­нын да байқадық.

Қолданыстағы Экологиялық кодек­стің тағы бір осал тұсын айтып өтейін. Елі­мізде кө­ліктердің саны жыл сайын артып ке­ле­ді. Сол көліктердің пайдаға жарамсыз дөңгелектері де күннен күнге көбейе тү­суде. 2007 жылы Алмания елінен 9 млн доллар несие алған «Қаз RR» ЖШС жарамсыз шиналарды өңдеп, өнді­ріл­ген шикізатты, атап айтқанда, резина қиыршықтарын қайта қолданысқа бере­тін, шинаны утилизация жасайтын зауыт ашып, Нұр-Сұлтан қаласындағы техно­парк аймағынан жұмысын бастаған еді. Жылына 10 мың тонна авторезиналарды өздері жинақтап, тасып алатын ло­гистикалық жүйені енгізген. Олар­дың өн­імд­ері – ұнтақталған резина қиыр­шық­та­ры еліміздің әр жердегі шағын аудандарында орналасқан спорттық алаңдарды жабдықтауда 100 па­йыз көлемінде пайдаланылып келген. Көршілес Ресей мен Қырғыз елдеріне де артылған өнімдерін шарт негізінде жөнелтіп тұрған. Соның нәтижесінде түскен пайданың көлемінен мемлекетке салық төлемдерін жасаған. Алайда 2015 жылғы теңгенің құлдырауына бай­ланысты серіктестік бекітілген кесте бо­йынша өз өтемдерін толық көлемде уақ­тылы есептесуге мүмкіндіктері болмай қалған. Осы серіктестіктің мұндай жағ­дайға тап болуының себебін анықтап, неси­енің төлем мерзімін бірнеше айға немесе бір жылға дейін шегеріп, қолдау көр­сетудің орнына, «Бәйтерек» холдингі жанындағы инвестициялық қордың жа­уап­­ты қызметкерлері салық органдарына шағымданып, елордадағы жалғыз за­уыт­тың есеп шоттарын жапқызып, серік­тес­тіктің кепілге қойған мүлкін өздерінің активтеріне қосып алу мақсатында оны банкротқа ұшыратуда. Осындай келеңсіз жағдайларда қаржылай көмек қөрсетудің орнына, қолданыстағы Экологиялық кодексте қарастырылған утилизациялық жинақтауды және үлестіруді РОП деген жеке кәсіппен айналысатын мекеменің құз­ы­рына жүктеп, заң негізінде берген. Соны­мен қоса, есеп шотына еліміздегі ути­ли­зацияға жататын өнімдермен айналысатын мекемелерден қаражат жинақтарын тапсыруы міндеттелген. Сондай-ақ кодекс жобасында бұл жеке мекеменің атқаратын жұмыстарымен міндеттелген құзырлары алты баптың ішінде қарастырылған.

Осы жайтқа заңнамалық тұрғыдан баға берсек, бұл заң бұзушылық дейтіндей негіз бар. Себебі біздің мемлекетіміздің Са­лық кодексіне сай мемлекеттің атынан қайбір қаражатты жинақтау, үлес­ті­ру ол мемлекеттік мекемелердің құзы­рын­а жатқызылған. Сол себепті бұл жұмыс­тар­ды атқару мемлекеттік мәртебесі бар мекемеге немесе квазимемлекеттік мекемеге жүктелгені орынды. Бұл жағдайда да қолданыстағы Экологиялық кодекс қоршаған ортаға оң ықпалын тигізетін мекеме орындарын қорғап қалуда әлсіздік танытуда деуге болады.

Өткен жылы қыркүйекте Ақтөбе қа­ла­­сында Республикалық «Байтақ Бола­шақ» экологиялық альянстың ұйым­дас­тыруымен осы аймақтағы жер асты су­ла­рының жай-күйі туралы жиыны өтіп, «Көкжиде» жер асты су қоймасының жағ­да­йы дөңгелек үстелге қатысушыларды қатты толғандырды. Экологтардың айтуынша, жер асты қазба жұмыстарымен айналысатын жеке мекемелердің (оның ішінде шет мемлекеттің басқаруындағылар да бар) жан-жақтан қазып, жақындап келе жатқан ұңғылары осы су қоймасының қауіпсіздігіне қатер төңдіруде. Табиғатты қорғаушы белсенділер: «Жыл сайын бұл аймақта ұңғылардың саны көбеюде. Осы мәселелерді реттейтін және қадағалайтын мемлекеттік органдар шарасыздық көр­се­туде!» деп дабыл қағуда. Егер сол ұң­ғы­­лардың біреуі бір қателіктердің сал­дарынан су қоймасын газдың немесе мұнайдың қосындыларымен ластандыратын болса, осы өңірдегі елді мекендер мен Ақтөбе қаласының тұрғындарын тұщы сумен қамтамасыз етуге қауіп төнетіні сөзсіз. Сонымен бірге Шалқар ауданындағы «Шалқар» өзеніне де белгілі дәрежеде мемлекет тарапынан назар аударылмаса, жойылып кетуі ықтимал екендігі сөз болды. Сондықтан алдымен Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешуде қандай стратегиялық бағытты ұстанатынымызды және қоғам мен мемлекеттің қоршаған ортаға деген қағидалық көзқарасын айқындап алуымыз керек. Экология мәселесі қоғам үшін қашанда маңызды. Алдағы уақытта халықтың оған деген назары ерекше болатынын ескерсек, қоғамдық консенсумның алғы шарттарын айқындағанымыз орынды болар еді. Тіпті аса маңызды кейбір мәселелерді республикалық референдум өткізу арқылы шешу жолдарын кодекс шеңберінде қарастырғанымыз жөн.

Еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу саясатын әрі қарай қарқынды жүр­гі­зетін болсақ, қоршаған ортаны жақ­сартуға қызмет жасап жүрген мекемелерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көр­се­тілуі қажет. Қазіргі кезде жа­ңар­тыл­ған энергия көздерін пайдаланумен айналысып жатқан жеке қожалықтардың саны көбеюде, олардың өндіріп жатқан энер­гия қуаттарының көлемі де өсуде. Бірақ өнді­рілген энергияны жинақтайтын және тұтынушыларға жеткізетін орталық энергия жүйелеріне қосу талаптары мен ережелері заң негізінде ескерілмеген. Тамыр-таныс арқылы әупірімдеп орталық жүйеге қосылып, солардың қас-қабағына қарап, өз бетімен негізсіз белгіленген тариф бағасымен энергия қуаттарын сатып алуда. Ал өндірілген энергия қуаттарын өз құнынан төмен бағамен өткізген жағдайда, ондай өндірістердің дамып кетуі екіталай.

Осындай күрделі мәселелерді шешу­дің бірден-бір жолы – кодекс жобасына «Жаңартылған энергия көздерін өнді­ру­ші­лердің нарықтағы операторы» деген арнайы жаңа ұғым мен бап енгізу. Бұл оператор энергия қуаттарын жинақтаушы өндірушілердің арасындағы байланыс­­тарды нығайтумен қатар, нақты сатып алушыларды айқындап, нарықтық бағамен өнімдерін өткізу жұмыстарын атқарады.

Экологияға қатысты нормаларды бір ғана заңды қабылдаумен шешу мүм­кін емес, әрине. Сол себепті алдағы уақыт­та жаңартылған энергия көздерін өндіру­шілердің қарқынды жұмыс істеп, нарыққа кірігіп кетуі үшін жер ресурстарына қол жетімді болуын қарастырған жөн және әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Осы мақсатта Жер кодексіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізсек, орынды болар еді. Біздің ұсынысымыз: Жаңартылған энергия көздерін өндірушілердің жер қорын жасақтау қажет.

Кодекс жобасының 397-бабында құ­рылыс саласындағы қалдықтарды бас­қа­рудағы экологиялық талаптар бел­гі­­ленген. Біз осы баптың орындалуы­на және толықтырылуына Үкімет тара­пынан бөлек жұмыс регламенті қабыл­да­нуын дұрыс деп есептейміз. Себебі ол бапта өте қысқа жазылған және іс жүзінде туындап қалатын көптеген мәсе­ле­лердің заң жолымен шешілу жағы еске­рілмеген. Сондай-ақ тұрмыстық және басқа да қалдықтармен айналысатын, жаңартылған энергия көздерін өндіретін кәсіпорындарға жеңілдетілген талаптармен несиелер қарастырылса, мемлекеттік тапсырыс беруде басымдық берілсе, әртүрлі салықтардың пайыздық көлемдері азайтылса, елімізде тұратын халықтың экологиялық қауіпсіздігінің деңгейі артып, қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетіндердің саны да, көлемі де азаяр еді.

Тағы бір айтары, соңғы жылдары елімізде экологиялық қауіпсіздікке баса мән берілуде. Өйткені экологиялық жағдайдың нашарлауы ұлттық қауіп­сіз­ді­гімізге қатер төндіріп келе жатқаны жасырын емес. Апатты жағ­дайлардың қай-қайсысы болмасын, ескерусіз қалмас үшін, еліміздің қауіпсіздігін қалыпты жағдайда ұстау мақсатында «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңға төмендегідей өзгерістер мен толықтыруларды қарас­тыр­ғанымыз орынды. Аталған заңның 25-бабында экологиялық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге тиісті мемлекеттік ор­ган­дар­дың, мекемелердің, сондай-ақ жа­уапты қызметкерлердің шешімдері мен жұмыстары мынадай бағытта болуы тиісті: табиғи ресурстарды сақтау, тиім­ді пайдалану, қоршаған ортаны пайда­ланғаннан кейін қайта қалпына кел­ті­ру; еліміздің тұрғындарына және қор­ша­ған табиғи ортаға антропагендік факторлардың қауіпсіздік деңгейін мей­лін­ше төмендету; қоршаған табиғи ортада қандай да болмасын туындаған негативтік жағдайлардың аумағындағы тұратын халықтың қауіпсіздігін жедел түрде қамтамасыз ету жұмыстары қарас­ты­рылуға міндетті десек, аталмыш заңның сапасы артатыны сөзсіз.

Қабылданған заң қаншалықты сапалы болса да, оның іс жүзінде орындалуы көп жағдайда Республикалық бюд­жеттен бөлінетін қаражатқа тікелей бай­ланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Экологиялық кодекс жобасының қаржылық-экономикалық негіздемесінің баспасөзде ашық жарияланбағандығы біздерді қатты алаңдатады. Қорыта айт­қан­да, Экологиялық кодекс бап­та­ры­ның өміршеңдігі және олардың орындалуы тек Үкіметтің міндеті деуден аулақпыз. Осы елдің азаматымын дейтін әрбір адам, сапалы заңның қабылдануына атсалысуы қажет.

 

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

Республикалық «Байтақ - Болашақ» Экологиялық альянс қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары