Өнер • 27 Мамыр, 2020

Сахара үнінің саңлағы

1689 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қайрат Байбосынов – қазіргі қазақ өнерінің алыбы, дәстүрлі музыка саласында ұлт мұрасына еңбегі сіңген бірегей тұлға, қазақ радиосының алтын қорына жазылған дауылпаз дауыс иесін білмейтін кісі жоқ шығар. Әншінің өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған зерттеулер де қомақты, ғылыми мақала, диссертация тақырыптары баршылық, жазушы-журналист қауым қаламынан шыққан көркем очерктер мен ғұмырбаяндық хикаялар де жеткілікті. Қайрат Байбосыновтың шығармашылығы жөніндегі әр кезеңдерде жарияланған, жарияланып жүрген кешелі-бүгінгі ақпарат халық назарында. Үні ұлғайса да, сахнаның сәні болған қайраткердің алқоңыр дауысы әманда талғамшыл тыңдарман жүрегінде. Осы ретпен қарасақ, Байбосыновтың өмірі мен шығармашылық баянына қосымша дерек боларлықтай тың мәлімет жазу өте күрделі жұмыс. Сондықтан осы мақаламыз аясында Қайрат Әукенұлының тек кәсіби-академиялық бейнесіне ғана қысқа қайырым жасауды қанағат тұттық.

Сахара үнінің саңлағы

Баритон сипаты

Қазақта жақсы әнші көп. Оның ішінде халықтық ән дәстүріндегі бәйгенің бәсі қа­шанда жоғары. Бір әнші даусының кең­дігімен (диапазон), енді бірі үнінің күш­тілігімен таң қалдырады. Қайбір әнші тек қана ұнамды сазымен (тембрімен) есте қалуы мүмкін. Әрине кез келген ән­­­ші­лік дауыс – сирек құбылыс және еш­­­қашан қайталанбайды. Алайда өнер бас­тауындағы әуесқой өрелесу мен оқу-тәжі­рибе тағылымдары табиғи қалыптағы үнді тәрбиелеп, «орындаушылық үлгі» дейтін бірыңғай тәлім тезіне салып жібе­ретіні белгілі. Уақыт өте келе осындай тә­лі­ми тезден өткендер көбінесе бір-бі­рі­нен аумайтын, ортанқол сахналық орын­­­даушыларға айналып жатады. Өнер жолы қашанда бітпейтін бәсеке, мәресіз жа­рыс, осынау аламанда кімнің бағы жана­ры халықтың ынсап-талғамына тікелей бай­лаулы. Тек жүрегіне тәңірдің сәулесі түс­кен­дердің ғана өнері озады, олар өз­генің емес, өз рухының ырғағымен дара­ланады, ешкімді қайталауға әурелі де әуе­зе де болмайды. Дәуір үнін өзгерте ала­тын осындай тау тұлғалардың өнердегі ізі ендігі жерде өзгелерге үлгі болмақ, осы бір үлгі-өнеге жолды «өнерпаздың тұл­­ғалық мектебі» десе жарасар. Қайрат Бай­­босыновтың дара жолын осылай қысқа түйін­деуге болады, ол өзіне дейінгі ән саңлақтарының сүрлеуімен жүре отырып, ән өнеріндегі «Абылай аспас арқаның сары белінен» өз соқпағын тапқан асқан дарын иесі.

Әнші Қайраттың аты ерте шықты. Туған жерінде, мектептегі бұла кезінде-ақ «Бала Біржан» атанды. Жаңаарқаның жазиралы төсінде тау жаңғыртып елді аузына қа­ратқан талапты жас сол кезде зәуімен Сарыарқада шығармашылық сапармен жүрген Нұрағаңның, заманымыздың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің назарына ілігеді. Нұрғиса Атабайұлы талапты жастың өнеріне елжіреп, разы болып батасын береді, болашақтағы кәсіби білім алуына да себепкер әрі қамқоршы болады.

Атасудан Алматыға келіп, әйгілі ән жампозы, кәсіби ән мектебінің атасы Жү­­сіп­бек Елебековтің курсында оқып жүр­ген бозбаланың ешкімге ұқсамайтын бозсалқын дауысы «Қыз Жібек» фильмі (С.Қожықов) арқылы қалың қауымды дүр сілкіндіреді. «Қалиім мен Қосымжаным тірілді!» деп ұстазы шаттанады. Осыдан кейін-ақ зиялы ортада «Байбосынов феномені» деген ұғым қалыптаса бас­тайды, себебі жас әншінің үні ұстазы Жү­сіп­бек Елебеков айтқандай зор дауыс­тарымен аты шыққан дарабоздар Қали Бай­жанов, Қо­сымжан Бабақовтардың диапазонын еске түсіретіні рас еді, дегенмен Қай­раттың вокалдық мәдениеті, тембрлік бояуы ха­лықтық вокалда бұрын-соңды кез­дес­пеген таңғажайып құбылысқа баланды...

Халық әншілігін тақырып ете отырып «вокал» деген ұғымды қолданғанымызға сы­най қарайтындар болады, енді оның оқасы да жоқ. Далалық ән айту машығы мен кәдуілгі біз білетін вокал – қуып кел­­­генде түбі бір өнер, тек терминнің еуро­­палық атауы ғана әнтек ажыраңқы. Әлем­­­дік вокал мәдениетін бұл күнде тек қана опе­раға тән еуропалық дүние деп жада­ғай қарай салуға болмайды, себе­бі ол ән айту саласындағы хор өнері, ка­ме­ралық, эстрадалық (джаз, блюз, рок, т.б.) сияқ­ты барша жанрды түгелдей қам­тып отыр. Кәсіби вокал мектебінің біз­дің ха­лық­тық орындаушылық тәжіри­бемізге араласқанына да ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақы ән мектебінің майтал­мандары Манарбек, Жүсіпбек, Ғари­фоллалар ұлт­­­тық операмыздың алғашқы қар­лы­ғаш­тары болды, яғни кәсіби музыкалық та­рихымыздағы тұңғыш вокал шеберлері де аға буын еді. Осы ыңғаймен келсек, ха­лықтық ән дәстүрі мен кәсіби вокалды бір-біріне қарсы қоюдың қисыны жоқ, себе­бі екеуінің де мұраты – сапалы дауыс шығару, техникалық машығындағы ортақ амалдары да көп. Әсіресе Ита­лия мәдениетіндегі «бельканто» мен қазақтағы «тік шырқаудың» ортақ виброталық тәсілдерін айтпағанның өзінде, орындалу сипа­ттары өзара ұқ­сасып тұрады. Егер Қай­рат Байбосынов опера саласындағы әнші болған күннің өзінде осы табиғаты арқасында әлемдік сахнадағы ірі жұлдыз­дардың бірі болары сөзсіз еді.

Жалпы, музыкалық танымда вокал­дық-орындаушылық табиғаттың қыр-сыры «әншіліктің резонанстық теория­сы» деген жүйемен талданады екен. Түсіндіре кетелік.

Әншіліктің резонанстық теориясы – дауыстың акустикалық, физиологиялық һәм психологиялық заңдылықтарының жиыны, вокалдың табиғи қасиеттерін (тембр-бояу, диапазон-кеңдік) айқын­дайтын ортақ жүйе. Осы теория тұр­ғысынан қарағанда, Қайрат Бай­бо­сы­нов­тың дауысы «баритон» деп жіктеледі. Баритон – ер адамға бітетін күмбірлі, алқоңыр, кең тынысты, кеуделі дауыс. Оның орындаушылық сипаты дыбыс боя­уына қарай «лирикалық», «драмалық», «лирико-драмалық»; диапазонына қарай «бас-баритон», «тенор-баритон» деп негізгі бес типке (тағы да басқа түрлері бар, бірақ олар негізгі сипат болып саналмайды) бөлінеді. Әсілі, баритон дауысты адамға соның бір ғана сипаты бұйырса толық жеткілікті болады. Кейде техникалық мүмкіндігі кемелденген әнші баритонның екі сипатын алып жүруі мүмкін, ал енді үш сипатын игергендер кәсіби операның өзінде некен-саяқ. Бізді ерекше таңдандыратыны сол, Қайрат Бай­босыновтың дауыс табиғатында жалпы баритон атаулыға біткен негізгі бес қасиеттің бәрі бар және бұл жағдай әсіресе әншінің репертуарлық саясаты барысында күмәнсіз байқалады. Әрине осы жерде операдағы партитуралық шектеуден халықтық дәстүрдің бостан­дығы басымдау келетінін айту парыз. Себебі салыстыра келгенде, халық ән­ші­лігіндегі характердің кемелдігі ора­сан, сол кемелдік далалық өнер­паз­дарға осындай таңғажайып ер­кін­дік пен мүмкіндік сыйлай алады. Шын­ мә­нінде, Қайрат Байбосынов өзі­нің көп­­жыл­дық әншілік тәжірибесінде ба­ри­­тонға тән күрделі техникалық тәсіл­дер­ді­ қолданудың хас шебері болды. Дәл бүгінде ол репертуарындағы 500-ден астам ән қорымен дәстүрлі музыка та­ри­­хындағы баритонның типтік таби­ға­­тын­ аша алған бірегей әнші болып отыр­­ға­нын еріксіз мойындаймыз. Ен­ді Қайрат Бай­босыновтың орындау техни­ка­сындағы ба­ритондық сипаттарды тар­қатып көрелік:

1. Лирикалық баритон – бұл ең жоға­ры тесситуралы (tessitura – әнші дауы­­сы­ның кеңдігін айқындайтын дыбыс­тар бө­лігі), қоңыржай тембрлі күшті дауыс, басты ерекшелігі – шырқау ноталарды алу барысында ешқашан баритональды реңкті жоғалтпайды. Әдетте көкке өр­ле­ген дауыстың қоңыр тембрі сұйыла бастайды, ал Қайрат Байбосыновтың орындауында керісінше, баритонның бар­қыт бояуы шырқауға ұмтылған са­йын мейлінше қоюлана түседі. Осынау сұлу колорит арқылы әннің тұтас мелодиясы еріктен тыс лирикалық сезіммен өріле бастайды. Мысал ретінде, жаңа за­ман композиторлары – Нұрғиса Тілен­диев, Кенжебек Күмісбеков, Шәмші Қал­­­даяқов, Әбілахат Еспаевтардың сүйіс­­­­­пеншілік тақырыбындағы әнде­рін кел­­­­тіруге болады. Жаңа заман сазгер­лерінің қолтаңбасындағы прогрессизм мен модернистік форматты әнші жатыр­қамайды, керісінше лирикалық баритон арқылы автордың композициялық ойын жарқырата түседі. Қайрат Байбосынов дәстүрлі орындау мен заманауи эстра­да­лық ырғақты жарастыра келе орын­даушылық өнердің жаңа бағытын жасаған десек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі «Сен сұлу» (Ш.Қалдаяқов), «Жайлаукөл кеш­­тері» (І.Жақанов) әндерінен осы айт­қан ерекшеліктерді анық аңғара аламыз.

2. Драмалық баритон – әндегі сюжет­ті өрнектей алатын аса қуатты да­уыс, ауыр интонациялар тізбегі штрихтық амал­дың негізі болады, диапазонның орталық және жоғарғы бөліктерінде легато (legato – бірнеше дыбысты бір деммен айту) легі бір үзілмейді. Драмалық баритон тес­ситура бойынша төмендеу болады, бірақ кульминацияда (шырқау шыңы) жо­ға­рғы ноталарға дейін еркін көтеріле береді. Бұл орайда Біржан салдың, Ақан серінің, Мәдидің драмалық тақырыптағы көптеген шығармасын мысал етуге болады. Айталық, Біржанның «Жанботасы» трагизмді, Ақан серінің «Құлагеріндегі» қасі­ретке тұнған драмалық полотноны бейнелеу барысында негізгі акцент ор­таңғы регистрге (дыбыс қатары) түсіп отырады. Ал өзара контрастқа түскен төменгі және жоғары ноталар тембрлік ахуалды мей­лінше қоюлатуды сұрайды. Әрине техникалық тұрғыда бұл өте күрделі во­калдық шешім. Мәдидің «Үш­қарасы» да осы айтылған техникалық тәсіл­­дерді сарқа пайдалануды қажет етеді, әннің ішіндегі драмалық тартысты шы­найы баяндау үшін біз айтып отырған драмалық баритон дауыстың бояуы өте-мөте қажет. Онсыз әннің мазмұны мен сыры ашылмайды.

3. Лирико-драмалық баритон – лири­калық және драмалық мазмұндағы әндердің сұранысын біріктіре алатын алуансазды тембр. Әуен жоғары ноталарға бар­ғыштағанымен негізгі тесситура ор­таша деңгейде. Лирико-драмалық ба­ри­тондар әннің ішіндегі мәтінмен өріл­ген ахуал мен саздағы түйсікті қатар тү­­сіндіруге құмбыл келеді, мұндайда ме­­лодия көбінесе речитативке (сөзге) ба­ғынышты болары аян. Естайдың «Қор­ланы» лирикалық сезіммен айтыла отырып, драмалық уақиғаны да қоса қамтиды. Осы әнді Қайрат Байбосынов орындағанда күллі драмалық сюжет қай­­та тіріледі, тыңдарман музыкалық хи­кая­­ның баянына толық қаныға алады. Ре­жиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жі­бек» фильмінде айтылатын Төлегеннің әндері (ариялары) осы лирико-драмалық баритонмен орындаудың жарқын мысалы. Халықтық классикадағы махаббат тақырыбындағы басқа әндерден де баритонның біз келтіріп отырған ли­рико-драмалық сипаты жиі кездеседі. Ли­рикалық толғаныс мен драмалық шиеленіс қабысқан кезде вокалдық әрекет аса күрделі техникалық тәсілдердің қы­сымына түседі, сондықтан лирико-драмалық рәуіштегі шығармалардың әншіге артар тәуекелі де көп. Солай бола тұрса да Қайрат Байбосыновтың лирико-баритон дауысы талай күрделі фор­мадағы классикалық дүниелердің таби­ғатын жарқырата аша алды. Халық әні «Қаракөз», Ақан серінің «Ақтоқтысы» да лирико-драмалық дауыспен орындалған туындылар.

4. Бас-баритон – әншінің межелік диа­пазонын сынайтын дауыс сипаты, баритонның қоюлана келіп, төмендегі ноталарды еркін ала алатын сирек қа­білет. Әдетте, баритон өз шеңберінде ғана са­палы дыбыстарды меңгере алады десек те, бас-баритон сипатын игеру үшін төменгі дыбыс шегінен бірсыпыра «артық» интервалдар алуға тура келеді. Бас-баритон ноталары орташа төменгі регистрде, кернеулі һәм қуатты келеді. Мысал ретінде, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін, Зілғараның «Жиырма бесін», Сәкеннің «Тау ішін­десін» келтіруге болады. Мұнда әдет­тегі жарқын баритон аяқ астынан қою­ланып, тембр құмыға бас­тайды, сосын дыбыстардың ұзақтығы да кеуде резонаторына алапат күш түсіреді. Жаяу Мұсаның азалы «Гауһар қызы», қай­ғылы «Сапары» баритонның осы сипатымен орындалатын сүйекті туындылар. Салыстыру үшін айталық, қатардағы баритон дауысты әншіге осы келтірген туындыларды транспозиция (ыңғайына келтіріп) жасағанның өзінде игеру оңайға түспейді. Қайрат Байбосынов мәнерін өзге баритондардан ерекшелендіретін қасиеттердің сирек тұсы осы.

5. Тенор-баритон – шырқау биікке көтеріле алатын барқытқоңыр дауыс.­ Жалпы тәжірибедегі атауы «жеңіл баритон» (bariton martin), әншілер арасында «баритональды тенор» деп те аталады. Бұл тенор диапазонына бара алатын баритонның бір сипаты, халықтық дәс­түрде сирек болса да кездеседі. Әдетте бари­тондар биік дауыста ән шырқау ұзақ­қа созылған машық нәтижесінде ғана қол жеткізе алады, соның өзінде жоғарғы дыбыстар сапасы сақталмауы мүмкін, себебі тенор мен баритонның табиғаты екі басқа. Тенор-баритондық қасиет ән­шінің тума табиғатында болғанда ғана диапазондық мүмкіндігі мейлінше таза болады. Қайрат Байбосынов Ақан серінің «Көкшетаудың биігі», Сәтмағамбеттің «Шәмсиқамары» сияқты әндердегі жекелей эпизодтық үзіктерді өте жоғары және мейлінше таза «тенормен» алады, бұл жерде әнші тербелістің (vibrato) өзіне ғана тән амалдарын қолданады. Сол арқылы жоғары ноталарды еркелете тербелтіп, адамның интонациялық қабылдау сезімін шаттыққа бөлейді. Қайрат Байбосынов романс жанрындағы шығармаларды домбыралы дәстүрге батыл түрде енгіз­ген әнші. Еркеғали Рахмадиевтің өзіне арнайы ұсынған ән-романстарын орындау барысында осы «тенор-баритон» сипатын қолданады және сол арқылы романстың ішкі мазмұнын дөп басады. Еркеғали Рахмадиевтің «Сәкен ту­ған Жаңаарқа», «Ақан сері» туынды­лары – шын мәнінде өте сәтті шыққан ше­деврлер. Кәсіби ба­ритон репер­туарын­дағы ең жауһар шығар­малар – Сыдық Мұхамеджановтың Абай­дың сөзіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маң­дай­лы», «Өзгеге көңілім тоярсың» романстары, Қайрат Байбосынов осы шығар­малардың барша партитуралық та­лап­тарын бұзбай отырып, дәстүрлі дала во­калымен шырқағанда хас шебердің көр­кемдік шешіміне таңданбасқа амал қалмайды.

Қайрат Байбосыновтың орындаушы­лық шеберлігі жөнінде өнертанушы, ән теоретигі Бекболат Тілеухан былай деп жазады:

«Қайрат Байбосынов – Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естайлар негізін салған Арқадағы әншілік дәстүрдің өкілі. Өкілі бол­ғанда да өзгеше өреге көтерген, өзін­дік айшық, ерекше сипат пен ән өнерін әр­лей түскен, ән күмбезінен кетік та­уып қа­лан­ған алтын кірпіш, асқақ әнші, адуын өнер­паз.

Осы пікірдің ғылыми түйіндемесі әуелі әншіге біткен ерекше дауыс бай­лы­ғына қатысты болса керек.

Әрине опера өнерінде баритон дауыс­қа қатысты тәпсірлер басқаша болуы мүм­кін, себебі операда әнші тек бір ғана мәнерлік мәдениетке бейімделеді. Ал ұлттық өнерде дауыстың табиғи бейімі де, мүмкіндігі де сан қырлы. Солай десек те екеуінің жүгінетін жері – мәртебелі вокал өнері екені даусыз.

Қазақтың әншілік өнері туралы жаз­ған қайсыбір зерттеушілер арасында­ Қайрат Байбосыновтың орындауын «дәс­түрлі мектепке жатпайтын мәнер» деп кесіп-пішкендер болған. Бұл енді назар аударуға тұрмайтын сауатсыз пікір. Қайрат Бай­босыновтың ескі әншілердің мұрасын тірілт­кен, көне нақышты жаң­ғыртқан, байыр­ғы дала салтын дамытқан еңбектерін санап тауыса алмайсыз.

 

Интерпретация

Кез келген әнді орындаудың өзін­дік мәнері болады, оны жалпылама тәжіри­беде «интерпретация» дейді. Қайрат Бай­босынов халықтық болсын, авторлық бол­сын, өзі орындаған туындыларға жанынан суырып композициялық өрнектер қосып отырады. Солай болғанмен де түп­нұсқалық, авторлық талаптарды қатаң сақ­тайтын қасиетін атап айтуымыз керек. Бұл әсіресе Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Мәди әндерін орындау барысында анық көрінеді, бір қарағанда әннің түпнұсқасында иненің жасуындай өзгеріс жоқ секілді, енді бір айналып келіп тыңдағанда тұтас музыкалық формат басқаша түрге енгендей әсер қалдырады. Себебі әнші ұстазы Жүсіпбектен қалған сара жолды сары алтындай сақтайды және оны жаңа заман үніне лайықтап ұштастырады, сонымен бірге жалпы халыққа ортақ әншілік дәстүр аясында өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастыруға ұмтылады, яғни осы қарекеттер арқылы ән мектебі дегеннің рухты құбылыс екендігін, рух табиғатын тіріл­тудің жолы көшірме мен зағип елік­теуден аулақ болатынын ұққандай боламыз.

Кәсіби орындаушыға дауыспен бірге табиғи композиторлық қабілет қоса дарымаса, ісінде әсте береке болмайтын шығар. Қайрат Байбосынов көптеген ән­нің мелодиясын «қайта туғандай», өз жанының сазымен жаңғыртты. Кәкімбек Салықов, Жақсыкелді Сейілов, Мұратхан Егінбаев, Қасымхан Асанов, Жағыпар Әлім­ханов сынды халық арасынан шық­қан сазгерлердің әндері Қайрат Бай­босыновтың композициялық өңдеуінде бұқараға ортақ кәсіби туындыларға ай­на­лып кеткені осының дәлелі. Ком­позитор Ілия Жақанов вокалдық-циклды шығармалардың шебері, оның Қайрат Байбосыновқа ұсынған әндерінде де орындаушының өз трактовкасы мен интерпретациясы алға шығып отырады. «Еділ мен Жайық», «Қайықта», «Балқан тау­дың баурайында» сияқты заманында хит болған әндер әуелде камералық үлгіде жазылған еді, Қайрат Байбосынов домбырамен орындағаннан кейін осы туындылардың мазмұны мүлде өзгеріп шыға келді. Ол ән авторының ойындағы көр­кемдік идеяны жанына сіңіріп, аранжировка (көркемдеу) жасау арқылы өзінше бөлек картина жасайды, нәтижесінде композитор мен орындаушының шығар­ма­шылық тандемі халық жүрегін тебірен­те­тін шығармашылық мұраттарға қол жет­кізеді.

 

Аккомпанемент

Аккомпанемент – дауысты аспаппен қос­тау өнері. Қайрат Байбосынов қазіргі тәжірибеде домбырада ән сүйемелдеудің екі түрлі үлгісін жасаған жаңашыл музыкант. Бірінші үлгі мынау, ол халық әндерін сүйемелдеудегі құлаққа сіңісті болып қалған қағыстардың штрихтық порымын өзгертіп, аккомпанементтің әдепкі үлгісін виртуоздық деңгейге көтерді, сосын әннің бастауында орындалатын күйге бергісіз кіріспе ойлап тапты. Әлбетте күй шертпелі яки төкпелі болатыны белгілі. Бұл орайда Сай­далы сары Тоқаның тарау­лы тол­ғаулары, Ықыластың қайрауық қобыз қайы­рымдары, Дайрабайдың жібектей желдірмелері домбырада сөй­легенде опералық қойылымдағы увер­тюраға (музыкалық кіріспе) бара-бар әсер тудырды. Осы күнгі жас әншілер жиі қолданатын, халық әндерінің қа­йыр­масында домбыраны құйын қағыс­пен бебеулету тәсілі – Қай­рат Бай­босы­новтың методикасы.

Қайрат Байбосыновтың аккомпонемент саласына енгізген екінші үлгісі де бұл күнде тәжірибеге еніп халық игілігіне айналып кетті. Ол домбыра акком­панементіне гармониялық ак­корд­­­тарды тұңғыш рет пайдаланды және бұл өте сәтті шыққан тәжірибе бол­­ды, кейінгі әншілерге де жұғысты, бола­шағы бар өнеге болды. Әсіресе «Түнгі сыр» (І.Жақанов) әнін тоникалық, доми­нанталық, субдоминанталық аккордтармен өрнектеуі алғашқыда шығармаға аспаптық-эстрадалық көрініс берді. Мұ­ның себебі аталған әннің стилі жаңа заман ырғағында шыққан серенада болатын. Қайрат Байбосыновтың қазақ әніне гармониялық аккордтармен енгізуі домбыра аккомпанементі саласындағы озық ғылы­ми-әдістемелік жаңалық болып саналады.

Әрине Қайрат Байбосыновтың тек қана минор емес, мажор ладында да осы әдісті қолданғанын заманауи компо­зиторлар шығармаларынан аңдауға болады. Ілия Жақановтың «Толағайы», «Жаңаарқасы» мажорлық аккордтармен орындалады. Кейде домбырадағы қос ішекке өзінің дауысын қосып, «үшдауыстылық» үндестігін туындатады, қос дыбысты терциялыққа теңес­тіре отырып, дауысты бір нотада созып тұру арқылы полифониялық әсерге ұлас­тыратыны, енді айтуға тіл жетпейтін әсерге бөлейді. Қайрат Байбосынов «ва­риация» әдісін әннің басында да, шу­мақаралық кезеңдерде де, ортаңғы қайы­рымдарында да батыл кіргізді, тәжі­рибе барысында бұл да сәтті шешім болды.

Ал енді домбыраның бұрауларына, пернедегі қалыптасқан дыбыс тұрақтарын (негізінен тоника) ауыстыра пайдалануға, қағыс штрихтарын күрделендіруге ен­гізген тәжірибелерін айтып түгендеу мүмкін емес. Себебі бұлардың бәрі көп жыл­дық концерттік, педагогикалық, ғылы­ми-әдістемелік ізденістердің жемісі.

Бүгінде қазақтың ұлы әншісі, сахара үнінің саңлағы Қайрат Байбосыновқа, азат Отанымыздың рухани мұрасының шырақшысы болып жүрген ән абызына зор денсаулық, шығармашылық бақыт, ұзақ ғұмыр тіледік.