01 Қазан, 2013

Григорий Марченко Ұлттық банк төрағасы қызметінен босатылды

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

01 10-BankМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қайрат Келімбетов Ұлттық банкінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда.kz хабарлады.

Президент отбасылық жағдайына байланысты берілген өтінішіне сәйкес, Григорий Марченконың Ұлттық банк төрағасы лауазымынан босатылғанын мәлімдеді.– Ол бұл қызметте көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істеді. Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы етіп Қайрат Келімбетовті тағайындау туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етті.– Ол 45 жаста, Мәскеу мемлекеттік университеті мен АҚШ-тың Джорджтаун университетінің түлегі. Соңғы жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды, Кеден одағының қызметі және Еуразиялық экономикалық одақты құру мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізді. Оның ел экономикасы мен қаржылық жағдайы туралы білімі Ұлттық банк жұмысына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент қабылданған шешім еліміздің дамуына септігін тигізетінін атап өтіп, Ұлттық банктің саясаты өзгермейтініне тоқталды.