Театр директоры Берік Жәменовтің айтуынша, ашық алаңдағы композиция «Шығармашылық әңгіме» деп аталады. Бұл композицияны жасауға алматылық мүсінші Гүлфия Мелдеш таңдалыпты.
– Біз халық әртістерінің атын ел есінде сақтауымыз қажет. Өйткені, олар – отандық кинематография мен театр өнерінің бастауында тұрған қайталанбас тұлғалар. Оларды аға буын жақсы біледі. Алайда кейінгі буын үшін олардың еңбегі тарихқа айналып барады, – дейді Берік Жәменов.
Ал Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Аманбайұлының мәлім етуіне қарағанда, театр алдындағы тарландардың қатары тағы бір топ өнер мен руханият майталмандарының бейнесімен толығады. Алдағы уақытта Қазақ КСР-нің халық әртісі атанған Қуат Төлеков, Алма Ахметова, Зарифа Сүлейменова, Жұпар Манапова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Төлеген Қуанышев, Құрманғали Доғалақов, Күнипа Иманғалиева, Оңай Жақсыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Чапай Зұлхаш пен Нариман Үлкенбайұлы, Рахымжан Отарбаев секілді ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың ойға шомған ескерткіштері қойылады.
АТЫРАУ