Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Павлодар облысында су тасқынының қауіпті кезеңі өтті

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Павлодар облысында су тасқынының қауіпті кезеңі өтті

Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов ағымдағы жылғы су тасқыны кезеңінің қорытындылары туралы баяндады.

- Өткен жылы елімізде көктемгі Су тасқынына қарсы арнайы Жол картасы жасалды. Жол картасы және департаменттің бастамасымен Ақтоғай, Баянауыл аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп инженерлік іс-шаралар өткізілді, бұл шаралар су тасқыны қаупінің алдын алды, - деді Е. Өтегенов.

Сондықтан алдағы 2021 жылы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында қолда бар барлық инфрақұрылымдардың жұмысын ертерек бастау қажет.

Е. Өтегенов бюджет қаражатын тиімді жұмсау арқылы,  тұрғындардың, шаруашылық және тұрғын үй-жайлардың қауіпсіздігін тұрақтандыру мақсатында  Ақсу  қаласы, Ленин кенті, сондай-ақ Кенжекөл,  Шолақсор ауылдарында жасалатын қорғаныс бекеттерін кезең-кезеңімен  нығайтуға көшуді ұсынды.

Яғни, қорғаныс мақсатында жасалған үйінділерді нығайту үшін бекіткіш материалдары бар габионды тор төселіп, құм сусымас үшін түрлі өсімдіктер егу керек.

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов ТЖ департаментінің ұсынысына қолдау көрсетіп, қала және аудан әкімдері мен басқарма басшыларына облыс аумағындағы алдағы жылдарға су тасқыны қауіп-қатерінің деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шараларды өткізу туралы бірқатар нақты тапсырма берді.

 

ПАВЛОДАР