Руханият • 31 Мамыр, 2020

Әке рухынан қуат алған қайсар жан

738 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осынау, орта бойлы, қайыңның безіндей берік, қайсар жүзді, өткір көзді, түсі сұсты, көзқарасы салқын ақсақалды ұзақ жылдардан бері білемін. Ол аяғын нық басып, әр қадамына салмақ салып, үнемі бір ой үстінде кетіп бара жатады. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, айнымайтын табандылық, оған қоса жаратылысынан берілген қажырлылық бұл кісінің өмір бойғы жолдасы болып келеді. Қазір 85 жасқа аяқ басқан бұл ақсақалдың аты-жөні Болат Мағазұлы Сағындықов.

Әке рухынан қуат алған қайсар жан

Ол бір жасқа келгенде колхоз басқармасы болып жүрген әкесі Мағазды біреудің көрсетуімен «халық жауы» деп ұстап әкеткен. Үйдегі жеті баланы жалғыз шешесі бағып қалыпты. «Халық жауының әйелі» деп оны да балаларын шырылдатып үйге тастатып, қай жерде ауыр жұмыс болса соған жұмсайды.  Тіпті 40 шақырым жердегі алыс жерлерге де жаяу-жалпылатып жұмсап жібереді екен.

Аштық, жалаңаштықты ел қатарлы көріп жүрген жас балаға ең ауыр тиетіні «халық жауының баласы» деген қорлық еді. Тең құрбылары ғана емес, кейбір санасында саңылауы жоқ үлкендердің өзі жас баланы ата жауындай көріп, «әй, халық жауының баласы» деп әкіреңдейтініне не берерсің. Алайда, «асылды соға берсең жетіледі, жасықты соға берсең кетіледі» деген емес пе, мұндайлардан қайсар бала жасыған жоқ, керісінше ширығып, мен әкемнің адал екенін әлі сендерге танытып, көздеріңе көк шыбын үймелетермін дегенді жас жүрегіне беріштей етіп қалай берді. «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» дегендей ол ешкімге жалынып, жалпақтамай, тек қана өзіне сеніп, өзінің «еңбегі мен қайратының» арқасында ғана жеңіске жететінін де ерте күннен сезген.

Өзге құрдастары қуанып, мәз болып, пионерге өтіп, мойындарына қызыл галстук байлағанда, кеуделеріне «ұлы Лениннің» бейнесі бар значок таққандарына бала көңілі қатты қызыққанымен, сыртқа сыр білдірген жоқ. Бәрін де кеудесіне, өзінің кішкентай жүрегіне тұтты. Бірақ бәрібір мен сендердің бәріңнен озамын, әкемнің атын шығарамын деген жігер оның намысын қайрай түсетін.  

Сталин бұрандасын барынша қатайтып тастаған Кеңес халқы Хрущев өкімет басына келіп, «жылымықтың» шымылдығын түргенде ғана «уф» дегендей болған. 1955 жылы Қызылжар қаласындағы №2 мектеп-интернатты бітірген Болат бұл кезде 19 жаста болатын. Бір жылдары отбасының жағдайымен оқи алмай, тағы бір жылдары бір мектептен екінші мектепке ауысып жүргенде кері шегеріліп, әйтеуір қанша жақсы оқыса да ол өзінің тең құрбыларынан екі жылға кейін қалып қойған еді. Бірақ мектеп бітіргенде жанындағы ақ үрпек сары балапандарға қарағанда бұл жан-жағын танып қалған түбіт мұртты бозбала болатын.

Жүрегінің түбіне тұнған сырларын қағаз бетіне түсіріп, оларын облыстық газетке жариялатып, шығармашылықтың шет жағасын түріп, үлкен әдебиетке қадам басармын деген ойы да бар болатын. Бірақ туған ағасы Қилаж Мағазов  оның агроном болуын қалайды. Бұл кісі жас болса да өмірлік тәжірибесі мол, жетпейтін жасын өзі қосып жазып, соғысқа қатысқан, онан жараланып келсе де «халық жауының баласы» деп қудаланып, істеп жүрген қызметінен шығарылған, ал сол кезде мектеп директоры болып жүрген адам еді. Оның «сен ақын-жазушы болғың келсе кейін де боласың. Чехов те алдымен дәрігер болған, сосын ғана жазушылыққа ауысты. Бойыңда талант болса ешқайда кетпейді. Ал қазір тың көтеріліп жатқанда, қазақ мамандары керек. Өзіңдей жастар оқып, маман болмаса елді кім басқарады» деген салмақты сөздері Болатты бұлтартпайды.

Сөйтіп, бозбала Омбы ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне барады. Емтихан орысша, ертеңгі күні оқу да орысша болатынына қарамай, Болат емтихандарды жақсы тапсырып, студент атанады. Бұл 1955 жылдың сарша тамызы болатын. Ал қыркүйек айы туып, оқу енді басталғанда Болат бірнеше күн бас алмай отырып, қайта-қайта түзеп, күзеп сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошиловқа хат жазып, «халық жауы» деп ұстап әкеткен әкемнің дерегі керек, не үшін соттады, қайда жіберді, өлсе қайда көмілді, тірі болса қайда жүр деген сұрақтарды жаудырған еді. 

Бұл да ерлік. Сол кездің көзімен қарағанда «жауап беріңіздер» деген сөздің өзі өкіметке ауыр тиеді. Мыңдаған балалар өздерінің болашағы үшін «халық жауы» атанған әкеден, тіпті шешеден бас тартқан. Оларды іздемейміз, дерегін сұрамаймыз деп аты-жөндерін де өзгерткен. Ал жас Болат бірінші  мүмкіншілік туғанда әкесінің дерегін іздепті. Осының өзінен оның қиялындағы әке бейнесі өшпегенін, жүрегінде мәңгі жүргенін, әбден сағындырғанын, намысын жанып, жігерін қайрап отырғанын көруге болады. 

Арада біраз уақыт өткенде Болат Сағындықовты Омбы облыстық КГБ-сы шақыртады. Бұл мекемеге шақырумен барудың өзі адамның жүрегін зырқ еткізеді. Бірақ Болат мұның Ворошиловқа жазылған хатқа байланысты шақыру екенін сезіп, жанына ауылдасы Ғазиз Есмұқановты ертіп барады. Шақырту шынында жоғарыға жазған хатқа байланысты екен. КГБ қызметкері Болатқа әкесінің 10 жылға сотталып, Қарағанды лагерінде жазасын өтеп жүрген кезінде 1943 жылдың 10 қыркүйекте туберкулез дертінен қаза болғанын хабарлайды.

Ол бір шындыққа алғаш рет осылай көз жеткізеді. Біз Болат Сағындықовтың бұдан кейінгі өмірін тек шолып қана өтетін болсақ, ол Омбының ауылшаруашылығы институтын жақсыға бітірген соң алдымен агроном, одан бас агроном, кеңшар директоры, облыстық жеміс-көкөніс базасының бастығы, одан қайтадан кеңшар директоры, одан шаруа қожалығының басшысы болып, өмірінің 44 жылын ауылшаруашылығы қызметіне арнаған. Бұл қызметтерінің бәрінде ол абыройлы да болды, бірнеше орден-медальдар алды, облысқа танымал азамат болды. Ордалы отбасының отағасына айналды.

Жылдар өткен сайын оның жаны әке рухына жақындай түседі. Оның жатқан жерін тауып, басына мінәжат етіп, құран бағыштау есінен бір сәт те шықпайды. Алдымен ол Петропавлдағы КГБ-ның архивінен әкесінің «қылмыстық» ісін тапқызады. Оған «колхоздастыруға қарсы болған, Отанын сатып, Жапонияның пайдасына шпиондық әрекеттер жасаған» деген жұрттың бәріне қолданылатын барынша сауатсыз, ешкім сенбейтін айыптар тағылған екен. «Үштік» оны ату жазасына кеседі, бірақ атылғаны туралы акт жасалмаған. Демек, оның жазасы 10 жылға ауыстырылып, Қарағандыға жіберілгені рас. Енді қайда жерленгенін табу керек. Осы мақсатпен атқару органдарынының архивтерін сүзіп шыққанымен нәтиже шықпайды. Мағаз Сағындықов туралы еш дерек жоқ. Алған ісін аяғына дейін жетпей қоймайтын Бөкең Омбының КГБ-сына хат жазып, «маған 1955 жылы әкең Қарағанды лагерінде өлді деген едіңіздер. Соны қайдан алғандарыңызды айтыңыздаршы» деген өтініш жасайды. Олар дереккөзі Мәскеуде екенін айтып, ондағылардың 3 телефонын жібереді. Қайта-қайта  соғып, бірнеше ай бойы тосқанда олар тек жазбаша сауалға ғана жауап береміз дегенді айтады. Жазған құлда шаршау бар ма, Бөкең оған да көніп, жазбаша сұрау жібереді. Бірақ пайдасы болмайды, екі айдан кейін келген хатында Мәскеу бізде әкеңіздің еш хабары жоқ деген жауап қана жіберіпті...

Алған бетінен қайтпаған Бөкең алдымен өзіміздің Бас прокуратураға, олар қанағаттанарлық жауап бермеген соң Президентке хат жазады. Соңғы хатында Карлагта қаза болғандардың кімдер екенін анықтайтын комиссия құруды да сұрайды. Төрт рет жасалған сұраққа келген жалтарма жауаптарға қанағаттанбаған Сағындықов сұрағын бесінші рет қайталайды. Өйткені, Президент Әкімшілігі оны қарауды біресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, біресе Мәдениет министрлігіне, біресе Әділет министрлігіне жібереді, ал олар облыстағы қызметтеріне жібереді. Ондағылар ақсақалды шақырып алып, қуғын-сүргін туралы заңды түсіндірмек болады. Оған ақсақал «заңды сіздер маған емес, мен сіздерге түсіндіріп бере аламын, мен онымен айналысқаныма бірнеше жылдар болды», деп жауап берген екен.

«Менің әкем бу болып аспанға ұшып, су болып жерге сіңіп кеткен жоқ қой. Қайда жерленгенін айтыңыздаршы» деп ашына жазған соңғы, Президентке жазған бесінші хаты Бас прокуратураға жолданып, онда Бөкеңнің өзі таныстар тауып, Бас прокуратура Қарағанды облыстық прокурорына және облыстық әкімдікке хат жібереді. Қысқасы солардың көмегімен Долинкадағы түрмеде қырылған жандарды көмген төмпешіктерді тауып, соның бірінде әкесі жатқанын көрсетеді... Сөйтіп, 5-6 жыл бойы соңынан қалмаған сергелдеңнің арқасында ғана әке қабірі табылады. Онда да нақты емес, қаптаған қалың төмпешіктің бірі ғана...

 Әке сүйегі көмілген қорым табылған соң оған туған елден топырақ сеуіп, ал ата-бабасының зиратына әкесінің аты жазылған ескерткіш-тас орнатып, оған Долинканың топырағын сепкеннен кейін ғана ақсақал тыныштанады... 5-6 жылға созылған бір сергелдең осылай аяқталған екен.  

Басқа адам болса осыған қанағаттанып, тыныштанар еді, бірақ Болат Мағазұлының екінші тынысы ашылып, ол енді қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатудың жолына түседі.

Петропавлдың Сүтішев және Пушкин көшелерінің қиылысында бір сұрқай, екі қабатты, аумағы үлкен ескі үй болатын. Ол үй кезінде НКВД-ның кеңсесі болып, бертін де ішкі істер қызметінің де офисі болған. Бір күні Бөкең сол үйдің бұзылып жатқанын көреді. Әлденеден денесі дір етіп, басына бір ой келе қалады. Апырмай, осы үйде талай жазықсыз жан нақақтан күйді емес пе, талай адам жапа шегіп, қандары төгілді емес пе? Соның ішінде менің әкемнің де қаны төгілді ғой. Ендеше сол құрбандарға арнап осы жерде неге ескерткіш тұрғызбаймыз деген ой оны бірден баурап алады. Сол күннен бастап ақсақалдың өмірінде екінші сергелдең басталады.

Алдымен сол кездегі қала әкімінің атына өтініш жазады. Айтқандай, бұл кезде ол қуғын-сүргіндерді ақтау жөніндегі облыстық «Память» қорының төрағасы болатын. Осы қордың бастамасымен облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова, өлкетанушылар мен зерттеушілер Қ.Мағазов, В.Трусов, Қ.Мұқанов, С.Жұмабаев, З.Тайшыбай және т.б. үлкен қолғабыс тигізуімен  Солтүстік Қазақстан облысында қудаланған 8 мыңға жуық адамның тізімі жасалып, «Ақталған есімдер» деген қазақ-орыс тілдеріндегі жинақ та шығарылған.

Сол жылдары Петропавл қаласында ешкімнің сауалына құлақ аспайтын, алдарына келген кісілерді алдарқатып шығарып салуды ғана білетін В.Никандров деген бір қу әкім болған. Болат Сағындықов ескерткіш тұрғызу мәселесімен оның алдына 5 рет барады. Бәрінде де арызыңызды тастап кетіңіз, шешеміз, хабарын өзіміз береміз деген сөздермен шығарып салады. Бұлардан түк шықпасын білген Бөкең сол кездегі облыс әкімі В.Смирновтың алдына барады. Обалы не керек, ол ақсақалды жақсы түсініп, облыстың архитекторына тапсырма беріп, келесі 2004 жылдың бюджетіне ескрткіш пен аллеяның шығынына 10 млн теңге ақша бөлгізуді де қаражат басқармасына тапсырады. Сөйтіп, ақсақал қуанып жүргенде әкім ауысып кетіп, оның орнына Т.Мансұров келе қалады. Ол басында бұл мәселеге салғырт қарағанымен Бөкеңнің дипломатиялық тәсілінің арқасында жібіп, мәселені бірден шешіп жібереді.

Сөйтіп, 2005 жылы Қызылжарда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш те ашылады. Бөкең мұнымен де тынбайды. АЛЖИР-де болғандардың тізімі жазылған «қаралы қабырғаны» көргеннен кейін оған Солтүстік Қазақстанда жапа шеккен 8 мыңға жуық адамның есімдері жазылған қабырғаны бізге де орнатуға болады екен-ау деген ой келеді.  Сөйтіп, қажырлы қарт үшінші сергелдеңге түседі. Қаншама есікке кіріп, қаншама табалдырықты тоздырғандығының арқасында ол 2012 жылы «Қаралы қабырғаны» орнатуға да қол жеткізген. Оған сол сегіз мыңға жуық адамның ұрпақтары мен туыстары үнемі келіп, аталары мен аналарын еске алып тұрады.

Осымен Болат Сағындықов ағаның қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының алдындағы ерен еңбегін баяндауды тұжырсақ болар еді. Бірақ... бірақ енді 85-ті алқымдап отырған ақсақал Солтүстік Қазақстан облысынан Көкаралға айдалған жандарға және Желтоқсан құрбандарына арнап осы жерде қосымша ескерткіш орнатпақшы.  Міне, қажыр деп осыны айт!  

Арасында ақсақал жүрегінің түкпіріндегі сырларын жырмен де төгіп қояды. Қазір оның 8-ші жинағы жарық көргелі жатыр. Әкеге деген сағыныш, оның басына түскен қасірет жігерін жанып, бойына қуат болып құйыла беретін сияқты.