Байқауда Нұржанбек «Экология және ғарыштық қызмет» бөлімі бойынша облыстың климаттық жағдайында «Фитоп» биологиялық препаратының күріштің өсуі мен дамуына әсерін талдау нәтижелерін таныстырды. Жоба жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Гүлназ Әбдікамаловамен бірге мектеп зертханасында арнайы тәжірибе өткізген ол аталмыш тыңайтқыш күріш тұқымдарының өнімділігін 30 пайызға арттыруға мүмкіндік беретіндігін дәлелдеген. Қазылар жобаның маңыздылығын жоғары бағалап, жүлделі екінші орынмен марапаттады.
Препаратты қолдану тұқымның өну энергиясын көбейтіп, тамырды жақсартады және вегетациялық кезеңде ауруларға төзімділігін арттырады. Ең бастысы, бұған көп шығын кетпейді, – дейді Нұржанбек.
«Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын жыл сайынғы ғылыми сайыс биыл алғаш рет бейнеконференция форматында өтіпті. Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның 143 қатысушысы өздерінің ғарыш, ғарыштық технологиялар, астрофизика және модельдеу салаларындағы өнертабыстары мен зерттеушілік теорияларын қорғады.