Осы орайда ауданда бос жұмыс орындарының жылжымалы жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Шараның мақсаты – топан судан зардап шеккен ауылдардың тұрғындарына арналып Мырзакент кентінің шығыс жақ бетінде салынып жатқан жаңа шағын аудандағы тұрғын үй құрылысына қажетті жұмысшыларды тарту.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары 2 кент және 9 ауылдық округті аралап, тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынуда. Жылжымалы жәрмеңке барысында 32 мердігер мекемеге қажетті әртүрлі жұмыс ұсынылуда. Жұмысшыларға жалақы келісім түрінде төленетін болады.
Мәселен, қабырға өрудің бір шаршы метрі 7 мың теңге, шатыр жабу 1.5- 2 мың теңге арасында, сеймобелдеу құюдың шаршы метрі 1.5 мың теңге шамасында төленеді. Мақтаарал аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Жақсыбек Тоқбергеновтің айтуынша, жылжымалы жәрмеңке алдағы уақытта да өткізілетін болады.