Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Карантиндегі Алматы. Алдағы жоспар қандай?

847 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүн-дүниені дүр сілкіндірген пандемияның дүбірі қай мәреге барып тоқтайтыны әзірге белгісіз. Денесін дерт дендегендердің саны еселеп өсіп жатыр. Ел аумағындағы науқастанғандардың көрсеткіші бойынша көш басында тұрған алып  Алматының алдағы жайы не болмақ? Мегаполис экономикасына серпін беретін негізгі салаларды кезең-кезеңімен іске қосу қалай жүзеге асып жатыр?  Журналистермен онлайн режімде дидарласқан шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл сұрақтардың жауабын саралап көрді.

Карантиндегі Алматы. Алдағы жоспар қандай?

Тұтас ел көлеміндегі  жалпы ішкі өнімнің үштен бірін қамтып отырған шаһардың экономикасын есеңгіретіп алмау қала билігі нысанаға алып отырған негізгі мәселе. Айбатына мініп,  айбарланып алған ауруға  ауыздық салмаса тағы болмайды. Президент айтқандай: «азаматтардың саламат-саулығынан артық ештеңе жоқ». Қалыпты жағдайға қадам басқан кәсіпорындар мен мекемелерге қойылып отырған басты талап – сақтық шараларын қатаң сақтау. Темірдей тәртіп пен тегеурінді талап қана «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алға жылжуға мүмкіндік бермек. Есте болса, бұған дейін жасаған мәлімдемелерінің бірінде «кім ауырады деп күтіп отырмай, індеттің алдын алуға өзіміз білек сыбана кірісеміз» деген Бақытжан Сағынтаев  қаладағы барлық тәуекел топтарын ПЦР әдісімен жедел-тестілеу  басталатынын мәлімдеген еді. Кезекті жүздесуде әкім бұл мақсат жүйелі жүзеге асқанын, Алматы қаласы бойынша күні бүгінге дейін 149 866 мың адамнан тест алынғанын айтты.

«Оның 123 855-і полимеразды тізбекті реакция (ПТР),  26 мыңға жуығы жедел тест. Бұл тестілеуде негізінен медицина, әскери және әлеуметтік сала қызметкерлері қамтылды. Бүгінгі күні 2353 оң нәтиже бар, оның 90 проценті алдын-алу шаралары кезінде анықталды»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала қақпаларына қойылған өткізу бекеттері бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. Көшелерде көлік санының күрт көбейгені байқалады. Жасыратыны жоқ,  бастапқыда көңілін үрей билеген жұрттың бұл күні «короновирус» деген сөзге құлағы да, бойы да үйрене бастағандай көрінеді. Аулалар мен алаңқайларда қауіпсіздік дәкесін тақпаған, дүкендер алдында топтасып тұрған тұрғындарды күнде көресіз. Осыны ескерген қала билігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жұмыс беруші кәсіпорындарға қомақты айыппұл салыну қажет деген шешімге келіп отыр.

Осыған жекелей тоқталып өткен әкім: «Өкінішке қарай, алматылықтардың басым бөлігі маскасыз жүр. Біз түсіндіруге тырыстық. Енді шара қолданамыз. Адамдар індет өршіп кетуі мүмкін екенін түсінуі керек. Жабық нысандарда болғандардың барлығы міндетті түрде бетперде киюлері қажет. Олар – дәріханалар, дүкендер, кеңселер , медициналық ұйымдар, ХҚКО, қоғамдық көлік, тағы да басқа нысандар. Құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын Департаменттің аудандық басқармаларының мамандары енген мобильді топтар карантин режімін бұзған нысандарды анықтау үшін сол жерлерге арнайы барып, мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күнге дейін біздің мамандарымыз уақытша карантин талаптарын сақтамаған азық-түлік нысандарына 69 әкімшілік айыппұл салды және қоғамдық тамақтану орындарына 2 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Індеттен сақтануға ықпал ететін бетперделерді тұтыну жұқтыру тәуекелін азайтады. Қаладағы азық-түліктік емес дүкендер, құрамына әкімдіктің, СЭҚ-тің, «Атамекен» РКП қызметкерлері енген жұмыс тобы жүзеге асыратын тексерістен мүлтіксіз өткеннен кейін ғана ашылады. Бұл нұсқаулықтың орындалуы  қатаң бақыланады. Бұлардан өзге, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер сақталмаса сауда орталығының әкімшілігі жауапқа тартылады. Қажет болса ашылған сауда орындарын қайта жабуға тура келеді» деді Б. Сағынтаев.

123

Төтенше жағдай кезінде өзін-өзі оқшаулау мен карантиндік шараларды іске асыру жұртшылықтың жаппай індет жұқтыруына тосқауыл болған. Соның арқасында тұрғындар арасында ауыр зардаптар орын алған жоқ. Дегенмен қауіп толық сейілді деп айтуға ерте. Өйткені қалада әлі де болса  150 індет ошағы бар. Алатау ауданында – 59, Медеу ауданында –24, Бостандық ауданында –25. Коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген уақытта қалада 613 ауру ошағы болғанын ескерсек, тәжі-тажалдың беті бері қарағанын байқауға болады.

Баспасөз конференциясы барысында Б. Сағынтаев Алматыда әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға арнап салынып жатқан  орталық туралы да айтып өтті. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталық аталған санаттағы адамдарға кең көлемде қызмет көрсететін болады. Жобаны ағымдағы жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр.

– Төтенше жағдай мен карантин кезінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж қалалықтарға қолдау көрсету ісіне үлкен мән берілді.  Коммуналдық қызметтерді төлеуге 2,1 млрд теңге бөлінді.  Аталған көмекті алу үшін алматылықтардан 198 мың өтініш түсті. Бірінші кезекте әлеуметтік қолдау мүгедектерге, ҰОС қатысушыларына, оларға теңестірілген отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға, көпбалалы отбасыларға, ең төмен зейнетақы алатындарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, сонымен қатар АӘК алатын азаматтарға көрсетілді.  Осы қиын сәтте қала тұрғындарына қоғамдық қорлар және Nur Otan партиясы айтарлықтай көмек көрсетті, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылды. «Жаңа Алатау» қоры азық түлік себеттерін апарып берді. «Birgemiz» қоры 52,1 мың адамға 2,6 млрд теңгенің бір ретік көмегін көрсетті.Әкімдік деңгейінде 1,9 млрд теңгенің қосымша әлеуметтік шаралары қарастырылды, – дейді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сөз соңында шаһар басшысы күні кеше дүйім елді дүрліктірген қос бірдей полицияның өліміне де тоқталып өтті. «Кәсіпкерлер тарапынан азаматынан айырылған екі отбасыға 2 пәтер алып беру туралы ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ, туыстары тарапынан айтылған барлық қаржылық мәселелерге барынша көмек көрсететін боламыз» деді ол. Аталған мәселе бойынша Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен бірқатар лауазымды тұлғалар жұмыстан шеттеліп, бірқатары сөгіс алған болатын.

Қорыта айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтарға қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлікті қолдау басты назарда. Мұның бәрі алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.