Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Қызылордада бірнеше мал ұрлығына қатысы бар тұрғын ұсталды

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалық полицейлер бірнеше мал ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қызылордада бірнеше мал ұрлығына қатысы бар тұрғын ұсталды

Осы жылғы 22 сәуірдің түнінде белгісіз адам Жалағаш ауданы Аққұм ауылдық округі тұрғынының мал қорасынан 600 000 теңге тұратын бір бас жылқыны ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалаған. Полицейлер жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 25 сәуір осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 38 жастағы облыс тұрғыны ұсталды. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру кезінде былтыр желтоқсанда Қызылорда қаласында болған мал ұрлығының ауыр санаттағы екі дерегіне, биылғы жылдың басындағы тағы бір ұрлыққа қатыстылығы анықталды.

Барлық деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір күдікті кінәсін мойындап, Жалағаш аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

 – Облыс көлемінде биыл төрт айда 153 мәрте мал ұрлығы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға төмендеді. Облыс бойынша жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 59 қылмыскер ұсталып, олар жасаған 72 қылмыс дәлелденіп, тиісті шешім қабылданды. Сонымен қатар, 13 қылмыстық топ құрықталып, олардың 45 рет мал ұрлағаны белгілі болды, оның 38-і ауыр түрдегі қылмыс. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға малдарды таңбалау, сырғалау мәселелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрақты негізде түнгі рейдтік іс-шаралар өткізіледі, – деп атап өтті облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Шалқаров.