«Тарта жесең, тай қалады»
Төтенше жағдай режімі және карантиндік шектеулердің қыспағына қарамастан, Қарағанды облысының экономикасы дамып келеді. Облыс әкімі жыл соңында үш пайыздық өсім күтілуде дегенді айтты.
– Қазіргі қарқынды бәсеңдетпеу үшін дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Оған экономиканың негізгі салалары бойынша 108 іс-шара кіреді. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру бағытында
1 трлн теңгеден астам соманың 41 инвестициялық жобасы жоспарланған, – деді өңір басшысы.
Осы орайда, Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы күрес шығындарына байланысты жергілікті бюджет жаппай іс-шаралар бөлігінде оңтайландырылыпты. Дегенмен, мұндай қадам жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларға әсер етпейді, – деп мәлімдеді облыс әкімі. Яғни, бұл жергілікті атқарушы билік өзінің барлық міндеттемелерін орындайды деген сөз.
Дағдарыс пен эпидемияға қарсы іс-шараларға бағытталатын үнемделген ақша форумдар, көрмелер, мәдениет және спорт саласындағы іс-шаралар өткізуден қақшып алынған екен. «Тарта жесең, тай қалады» деген. Үнемделген қаражаттың бір бөлігі эпидемияға қарсы шараларға жіберілді. Атап айтқанда, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды, өкпені жасанды демалдыру аппараттарын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар бұл қаражаттың біразы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталмақшы.
Республикалық және облыстық бюджеттен дәрігерлер үшін жеке қорғану құралдарын, медициналық жабдықтарды сатып алуға, төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды өткізуге және басқа да қажеттіліктерге 4,8 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі – тұрғындарды табысы тұрақты жұмысқа орналастыру. Осы бағыттағы жобаларға 63,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасын жүзеге асыруға 8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.
Қорыта айтқанда, «Халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады», деп уәде берді Ж.Қасымбек.
ПТР-зертханалар бұрын неге ашылмаған?
Маусым айының басында Теміртау мен Жезқазған қалаларында коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР-зертханалар ашылады. Өңір басшысы мұндай зертханалар ашуды облыстың барлық ірі жұмыс берушілері де қолға алуы керегін айтты.
– Әлеуметтік азаматтық жауапкершілік танытыңыздар, қызметкерлеріңіздің денсаулығына қамқорлық жасаңыздар және қызметкерлеріңізді тестілеу үшін көшпелі зертханалардың жұмысын ұйымдастырыңыздар. Бұл өз кезегінде вирус анықталған жағдайда таралу тізбегінің жолын кесуге мүмкіндік береді, ал дер кезінде басталған емдеу аурудың ауыр түріне көшуіне жол бермейді, – деді Ж.Қасымбек.
Бүгінде мұндай зертхана Қарағанды қаласында ғана жұмыс істейді. Оның қуаты тәулігіне 1 200 адамға тест жасауға жетеді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртауда зертхана ашу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты. Сәтін салса, мұнда күн сайын мыңдаған тест өткізілетін болады. Жезқазғанда қуаты тәулігіне 500 тест болатын ПТР-зертханасын іске қосу жоспарланған. Оған қажетті құрал-жабдықтар «Қазақмыс» корпорациясының есебінен сатып алынды. Мұндай зертхананы Балқаш қаласында да ашу жоспарда бар.
Осы орайда, алпауыт кәсіпорындар ПТР-зертханаларды ашуды коронавирустан қауіп төне бастағанда неге қолға алмады деген заңды сұрақ туады.
Қазіргі таңда күннен-күнге өршіп бара жатқан коронавирустың салдарынан медицина саласындағы мәселелерге тың көзқараспен қарау қажеттігі туындады. Мысалы, бүгінде Қарағанды облысында ауруханалар мен емханалар қарқынды түрде жаңғыртылуда. Биыл қараша айына дейін облыстық бюджеттен 905 млн теңге бөліп, 7 медициналық нысанды қалпына келтіру және жаңғырту жоспарда бар. Инфекциялық бөлімшелерді қосымша жабдықтауға 400 млн теңге қарастырылған.
Ж.Қасымбек облыстағы клиникалық эпидемиологтардың барлығы кәсіби деңгейлерін міндетті түрде арттырулары керек деп санайды. Сонда ғана облыста заманауи стандарттарға жауап беретін, білікті мамандармен қамтамасыз етілген инфекцияға қарсы қауіпсіздіктің мықты инфрақұрылымы құрылады.
Дәмхананың ашылуы КВИ-дің ашуына тимесін деңіз...
Брифингте Ж.Қасымбек карантиндік шаралардың босаңсуына қарамастан, санитарлық талаптарды бұлжытпай орындау, қоғамдық орындарда бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау және санитайзерлерді пайдалану қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Сондай-ақ ол карантиндік шектеудің коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір тиімді іс-шарасы екенін атап өтті.
– Суық тию белгілері кезіндегі өзін өзі оқшаулау және дәрігерді жедел шақыру, бетперде кию, кезекте, қоғамдық көлікте, серуендеу кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау – бұл санитарлық дәрігердің талабы ғана емес, бұл өркениетті қоғамның барлық мүшесі орындауы тиіс қазіргі заманғы этикеттің жаңа ережелері, – деді ол.
Брифингте өңір басшысы Қарағанды облысында сауда орталықтары, дәмханалар мен мейрамханалардың 29 мамырдан бастап жұмыс істейтінін мәлімдеді. Дәл осы күні 30 адамға дейінгі сыйымдылығы бар жазғы террасалар мен қонақүйлер де келушілерге айқара есік ашады. Сауда-ойын-сауық орталықтары да ашылғанымен, онда орналасқан балалар алаңдары мен кинотеатрлар әзірге жабық болады. Балабақшалардағы кезекші топтар маусымның 1-жұлдызында жұмысын бастайды.
Сонымен қатар Ж.Қасымбек КВИ аурушаңдығының өсуі төмендеп, эпидемиялық жағдай тұрақтанар болса, маусым айынының басында Теміртау қаласы мен Ботақара кентін ашудың жоспарда бар екенін де хабарлады. Дегенмен, ол КВИ аурушаңдығының өсуі төмендеген жағдайда ғана карантиндік шараларды одан әрі жеңілдетуге болатынын мәлімдеді.
«Ең бастысы, карантин тәртібін қатаң сақтап, ережелерді бұлжытпай орындайтын болсақ, біз коронавирусты міндетті түрде жеңіп шығамыз», деп қорытты ел алдындағы сөзін Ж.Қасымбек.
Қарағанды облысы