Қоғам • 28 Мамыр, 2020

Төл сөздерімізді қолдану – уақыт талабы

646 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда «Қазақстан Респуб­ликасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңының атауынан бас­тап, осы заң баптары мен өзге де қолданыстағы заңнама мәтіндерінде орыс тілінен кірме «судья» сөзі үстемдік құрып, мем­лекеттік тілдегі тиесілі баламасы бекімей, қоғамда да ауқымды сипатта қолданыс тауып отыр.

Төл сөздерімізді қолдану – уақыт талабы

Кең тараған орыс тілі­нің сөздігінде: «Судья, ...Дол­жностное лицо, разрешающее дела в суде» ( С.И. Ожегов. Словарь русского языка.М.,1973, 717 бет) деген тү­сінік берілген. Аудармасы: Судья – ...Соттағы істерді шешетін лауазымды тұлға. Сонымен, «судья» сөзі орыс тілінің төл сөзі екендігі анық болып тұр. Бұдан, ертеден қазақ даласында ел арасы қылмыс пен дау-дамайдың ақ-қарасын анықтап, шешіп беретін ешкім болмаған ба деген сұрақ туындамауы керек. Қазақ даласында ғасырлар бойы қылмыстық, азаматтық және басқа адам құқығына байланысты істерді ел арасында билер шешкен. «Билердің әдет-заң нормаларын талқылауда, билік шығаруда, бұл биліктің орындалу әдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. ...Билер сот қызметін атқарумен қатар жеке ауыл, тайпа, руларды басқарды». (Ақбай Н. Қазақтардың дәстүрлі атау­лары – Алматы, 2013, «Ар­да+7»,101-102 беттер). Бұқа­ра ха­лық әділ билерді құрмет тұт­қан, шешімдерін орындаған. «Қа­зақ әдеби тілінің сөздігінде» «би» сөзіне мынадай түсінік берілген: «Қазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап үкімін шығаратын сот» (Аталған сөздік,3-том, Алматы, «Арыс» бас­пасы, 2006, 332 бет). 1927 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан Н.Қаратышқановтың «Пән сөздері (Терминологиялық сөздік)» кітабында «судья» сөзі «би» деп аударылған(Аталған сөздік, Ер-Дәулет, Алматы-2004, 112 бет). Өкінішке қарай, 2009 жылы жарық көрген «Құқық саласының терминдер сөздігі» алғысөзінде: «Қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттік тілге кең өріс ашуда терминдік сөз­діктердің алатын орны ерекше» деп аталып өтілсе де, осы кө­лемді еңбекте Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында кеңінен қолданылып жүрген бүгінгі заң терминологиясында орныққан терминдер мен терминдік тіркес­тер санатынан «судья» сөзі өзінің биік мәр­тебесіне сай тиесілі орнын алмаған, тіпті ескерілмей де кет­кен (Аталған сөздік, «RedGreenBlue» ЖШС, 2009, 3 бет). Сөздікті құрастырушылар «судья» сөзі мемлекеттік тілге жат екенін, мағынасын түсіну үшін орыс тілі сөздігіне жүгіну ке­рек екендігін басшылыққа ал­ған болар. Бір себепті бұл дұрыс та: бетпе-бет кезіккен мәселені мей­лінше айқындап тұр.

Сонымен, жалпы қазіргі қол­даныстағы орыстың «судья» сө­зі кезінде қазақтың «би» төл сөзімен аталуы ықтимал еді. Бі­рақ Кеңестік биліктің қатыгез то­таритарлық жүйесі беттетпей үстемдік құрған дәуірде, бі­лім­дар ұлтжанды өкілдерін қырғынға ұшыратқаннан кейін, ұлт қамын ойлап, ұсыныс жасайтындар саны сол сәтте жа­ғымсыз «ұлтшылдар» атанып, бастары пәлеге ұшырайтын болған. «Би» сөзі түсінігі де өткен таптық тео­рия саясатының пәрменіне тө­теп бере алмай, мән-мазмұны өзгеріске түсіп, өткен заманнан қазіргі заманның табалдырығынан аттай алмай қалған. Оған дәлел замана жаң­ғырығының белгісі ретінде Кеңес дәуірі кезінде шық­қан «Қазақ тілінің түсіндірме сөз­дігінің» 2-ші томындағы «би» сөзінің түсіндірмесіне көңіл аударайық: «Дау-жанжалға билік айтушы үстем тап өкілі» (Қазақ КСР-нің «Ғылым» баспасы, 1976 ж., 300 бет). Сондықтан да болар, заңшығарушы (законодатель) мен ғалымдар «би» сөзінен шошынып, аластау себебі осындай түсініктен қалыптасқаны айдан анық.

Қазақстан Республикасы Кон­с­­титуциясының 76-бабының 1, 3 тармақтарында былай жазыл­ған: «1.Сот билігі Қазақстан Рес­пуб­­ликасының атынан жү­зе­ге асырылады және өзіне аза­мат­тар мен ұйымдардың құ­­­қық­­тарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қор­ға­у­ды, Рес­публиканың Конс­титу­ция­сының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық ак­тіле­рінің, халықаралық шарт­тарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды»; ...3. Сот­тар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Рес­публиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады». Зер сал­­­­­сақ, «Сот билігі», «Соттар ше­шім­дері» түсініктері Негізгі заңы­мызда айқын қамтылып, бекіген. Сондықтан соттардағы азаматтық, қылмыстық, әкім­шілік және тағы басқа істер қа­ралғанда «сот билігі» мен «сот ше­шімдері» арқылы заңды күшіне енетіндігі анықталған. «Билік» сөзі қолданыстағы заңнамада «сот» сөзінің ажырамас бір бө­лігі болып тұр. «Билік» сөзінің түпкілікті түбірі «би» сөзі екені дау тудырмайды. Сондықтан қа­зіргі таңда, еге­менді елімізде тәуелсіздік пен демократия кең қанат жайып­ орныққан заманда, өткен қиямпұрыс кезең салдарынан кеткен кемістіктер мен бұр­ма­лау­шылықтардан кеткен қате­лер­ді батыл түзеуге бет алу заң шы­ғарушы тараптың айнымас парызы.

Сонымен, ана тілімізді «билігі жүріп, дегенін істетіп отырған» патшалық Ресей, Кеңес дәуірінің өткен бодандық кезеңінен бері кемсітіп тұрған бөгде, құлаққа жа­ғым­сыз естілетін «судья»­ сө­­зін, «көне де жұпыны» – би сөзі­мен алмастырудың жө­ні жоқ деген пікірлер туын­да­са, осы орайда, кең қолда­ныс­қа ұсы­нылып отырған «Бише­шімгер»(би+шешім) деген жаңа тіркеме, қосынды сөз – орыс тілінен өзгермей алынған аталған сөздің ұғымын жан-жақты, дәлме-дәл қамтып қана қоймай, ең бастысы, жат тілдің кірме сөзіне тәуелді болмау саналы жол екенін қаперімізге деректі түрде салып тұр. Осы ұсынысты бекітетін тағы бір аса маңызды аргумент: соттар өз тарапынан шығаратын соттың негізгі құқықтық актілері болып үкімдер, қаулылар, шешімдер, ұйғарымдар, бұйрықтар, ұсы­нымдар және тұжырымдар саналады, қорытып айтқанда олардың бәрі «шешім» деген бір жалпы сөзбен қамтылады. Сонымен, сот ісін жүзеге асыратын су­бъект қашанда «шешім» шығарады. Сон­дықтан «Бишешімгер» орын­ды сөз. Еліміздің барлық заң­дары мен құжаттарында «Судья» сөзін «Бишешімгер» төл сөзімізге ауыс­тыру абыройымыз­ды көте­ріп, Отанымызда шынайы Тәуел­сіздік нышанын айқын орнық­тыратындай тағы бір төлбелгі болары анық! Бұл ұсыныстың жүзеге асуы қиындық тудырмас деген ойдамыз, өйткені жуырда ғана өзіміз куә болған мына тәжірибе үмітімізді арттырып отыр. Мәселен, 2020 жылғы 13 мамыр күні қабылданған «Қа­зақстан Республикасының кей­бiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай қол­даныстағы заңнамалық ак­тілер­дің бүкіл мəтіндеріндегі «оралман, оралмандар» сөздеріне бай­ланысты сөздер тиісінше «қандас, қандастар» деген сөз­дер­мен ауыстырылып, бекіген болатын.

 

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,

 заңгер-публицист