Тарих • 28 Мамыр, 2020

Тұрар Рысқұлов тәлім алған мектеп

1220 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың қайраткер перзенті Тұрар Рысқұловтың қилы тағдыры туралы толғанғанда, оның Меркі орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқығанын айналып өте алмаймыз. Әділетсіздікке төзбеген әкесі Рысқұлдың Саймасай Үшкемпіров деген болыс­ты атып өлтіріп, сол үшін Верный түрмесіне қамалғанда жанына бала Тұрарды алдыртқаны тарихтан белгілі. «Түрме баласы» атанған жас Тұрар абақты ауласын сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. 1906 жылы Рысқұл Сахалинге жер аударылған соң Тұрар Меркіге келіп, «Қырғызбаев» деген тек алып, нағашыларының қолында оқиды.

Тұрар Рысқұлов тәлім алған мектеп

Тұрар Рысқұлов оқыған Меркідегі орыс-түземдік бас­тауыш мектебі шамамен 1860-1870 жылдары салынған де­лінеді. Салынғанына бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл мектептің ғимараты әлі сақталған. Осыдан екі жыл бұрын Меркі ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, бұл мектеп ғимараты қайта жөнделіп, Үкімет қаулысымен тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне алынды. В.Савва атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп-лицейдің ауласында орналасқан кезіндегі орыс-түземдік мектеп бүгінде «Тарихи-өлкетану» мұражайы болып қайта ашылды. Аталған мектеп-лицей директорының орынбасары Назгүл Әнесованың айтуынша, бала Тұрар Меркіге келген соң әуелі мал бағады. Ал 1907 жылдан 1910 жылға дейін орыс-түземдік мектебінде білім алады. «Тұрар Рысқұлов Меркіге келген соң, нағашы атасы Қырғызбай оны орыс-түземдік мектепке оқуға береді. Мұнда Тұрардың Иван Андреев деген ұстазы болған. Сол кісі әйелі екеуі Тұрарға сабақ бер­ген. Негізінен мұнда 25 бала оқыған екен. Оқыған балалардың ішінен кейіннен Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақ­сұт Жылысбаев сияқты еліміз­ге танымал қайраткерлер шық­­қан. Естеліктерден оқып-білге­ні­міздей, Тұрар жас күнінен-ақ орыс тілін жетік білгендіктен, озат оқушы атанады. Ұстазы Иван Андреевтің өзі бала Тұ­рарды өзіне жақын тартқан», дейді Наз­гүл Әнесова.

Тұрар Рысқұлов Меркідегі орыс-түземдік мектепті 1910 жылы жақсы бағамен бітіріп, Қырғыз елінің Пішпек қаласын­дағы бірінші дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Одан кейін айбынды тұл­­ғаның тағдырындағы елеулі кезеңдер, тақсірет тартса да тауы шағылмаған қайраткерлік белес – Самара, Ташкент сапарлары. 1916 жылдың қасіреті қазақ халқы үшін қаралы кезеңнің бірі. Қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Тұрар Рысқұлов Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына қайта келіп, Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілер жағына шығады. Сонда жиырмадан енді ғана асқан Тұрардың тектілігіне, қайраткерлігіне сүйінген Ақкөз Қосанұлы оған бата берген екен. Ақкөз батыр Тұрарға беріпті деген бата, яғни «Шырағым, ер­жетерсің! Қиындықтан, кедей­ліктен құтыларсың! Халқыңның маңдайындағы жарық жұлдызы боларсың», деген тілек сөзі ел ішінде әлі күнге дейін айтылады.

Ұлттың тарихын білетін, оған құрметпен қарайтын әрбір азамат Меркі жеріне келгенде Тұрардай тұлғаның табан ізі қалған мекенді көруге асығады. Қазіргі В.Савва атындағы бі­лім ошағының ауласындағы бұл көне ғимарат тарихтан тә­бәрік ретінде қалған құнды жә­дігерлердің бірі. Өткен жылы Тұ­рар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай осы мұра­жайда бірқатар рухани шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар мектеп оқушыларынан құралған «Жас тұрартанушылар» клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелерінің әрқайсысы Тұрар Рысқұловтан бастап, барлық Алаш қайраткерлері туралы айт­қанда, еріксіз сүйсінесің.

Меркідегі орыс-түземдік мектебінде Тұрар Рысқұловпен қатар оқыған азаматтар туралы деректер көп болмаса да, бар. Архив деректеріне сүйен­сек, Мақсұт Жылысбаев, Қа­был­бек Сармолдаев, Үсіп Са­ты­­­балдинов, Тұрдалы Тоқ­баев, Рахманқұл Орынтаев, Сә­­­дуақас Жамансартов және Қалыш Ходжабергенов сияқты азаматтардың бала күнінде қатар жүріп, бірге оқығанын көруге болады. Бұл кісілердің бәрі де кейіннен Әулиеата өңірінде жауапты қызметтер атқарған екен. Өкінішке қарай, олардың кейбірі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Жалпы, «Тарихи-өлкетану» мұ­ражайы үш бөлмеден тұрады. Бүгінде барлық бөлмелер тиі­сінше жабдықталған. Мұн­да Тұрар Рысқұловтың еңбек­тері, фотосуреттері, түрлі бұ­йым­­­дармен қатар Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза сынды қалам­герлердің шығарма­лары және тұлға туралы жазылған көптеген еңбектер жинақталған. Сонымен қатар қабырғаларға 1937 жыл­дың ойранында жазықсыз жа­па шеккен ұлтымыздың 600 қай­раткерінің есімдері жазылған тақталар ілінген. Сол сияқты мұнда Меркі өңірінен шыққан Асанбай Асқаров сияқты көр­некті тұлғаларға да қатысты мә­­ліметтер бар. «Күн сайын мұ­­­ғалімдер де, оқушылар да мұражайға келіп тұрады. Тұрар Рысқұлов сияқты биік тұлғаның Меркі жерінде оқығаны біз үшін әрдайым мақтаныш. Мұражайға еліміздің әрбір өңірінен сыйлы қонақтар да көп келеді. Қазіргі кезде аталған мұражай аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен жөндеуден өтіп, жабдықталды. Сонымен қатар мұражайда Тұрар Рысқұлов отырған ер-тоқым бар. Оны бізге Мақсұт Жылысбаев атамыздың інісі Байсейіт Жылыс­баев тапсырды. Бұл ер-тоқым да мұражайымыздың баға жетпес байлықтарының бірі», дейді Назгүл Әнесова.

Тұрар Рысқұловтың тағды­рындағы барлық белестің бас­тауы Меркідегі орыс-түзем­дік баста­уыш мектептің бол­ға­ны шын. Оған дейін де өмір­дің сан өткелдерінен өткен өне­­гелі тұлғаның көз­қара­сын қалып­тастырған, рухын шың­даған бұл мектеп – бүгінде өңір­дегі ғана емес, елі­міз­дегі рухани орта­лық­тың бірі. Тұрар тағдыры Мұх­­тар Әуе­зовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», Темірғали Нұр­та­зиннің «Тұ­рардың анты», Шер­хан Мұр­тазаның «Қызыл жебе» шығар­маларында жан-жақ­ты көрініп, туған халқының жадын­да тағы­лым болып берік орнады.

 

Жамбыл облысы