Тарих • 28 Мамыр, 2020

Зұлмат зардабы

540 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат тарихының ақтаңдақ тұсы аз болмағанымен, жекелеген адамдардың мемлекет тарапынан жаппай репрессияға ұшырауына Кеңес Одағының саяси билігі ғана жол бергені анық. Ал қазіргі шежіре «Қызыл террор» атаған сол кезеңнің зардабынан жойылуға шақ қалған тұтас ұлттардың көш басында қазақтың тұрғаны тағы шындық.

Зұлмат зардабы

Нәубет сызы

Сталиндік қуғын-сүргіннің бастапқы жылдарында ғана сол кездегі Қазақстан аумағынан 103 000 адам түрме азабын тартып, 25 000 адам атылған екен. Бұл мәлім болған деректердің бір парасы ғана. Ал нәубет кезеңінің 1928 жылы басталып, 1953 жылға дейін жалғасқанын есепке алғанда қаншама жазықсыз жанның мемлекеттік тұрғыдағы тиранияның құрбаны болғанын айту тіптен ауыр. Тарихшылар Кеңес Одағын И.Сталин билеген кезеңде 40 млн кеңес азаматы зардап шеккенін тілге тиек етеді. Осы тұста қазақ даласы азаптау мен жазалау мекеніне айналған. Ел аумағындағы бірнеше лагерьде 5 млн адам жазасын өтегені жайында мәлімет бар.

Адамдарға қарсы ұйымдасқан репрессия мемлекеттік басқарудың ең жоғары шегіндегі лауазым иесінің бұйрығымен басталған. 1937 жылдың 30 шілдесінде КСРО халық комиссары Николай Ежов қанқұйлы құпия бұйрыққа қол қойған. Архив деректерінде «№447 бұйрық» деген атаумен сақталған бұл құжат бұрынғы Одақ аумағында қызыл террордың заңды түрде іске қосылғанын айғақтайды. Осы бұйрыққа сәйкес Қазақстаннан да жазалануға тиісті адамдардың саны нақтыланған екен. Мәскеуден жеткен нұсқауда аймақтағы репрессия науқанын 4 ай мерзім ішінде аяқтап, 2500 адамды ату жазасына кесіп, 5000 адамды соттау туралы тапсырма болған. Алайда бұл жазалау 15 ай бойы үздіксіз жүріп, «үштіктің» шешімімен атуға үкім шығарылғандар саны 25 000 адамға жетіп, бас бостандығынан айырылғандар үлесі 120 000 адамнан асқан. Ал бұл террор кезінде бүкіл Кеңес Одағының аумағында 1 770 000 адам түрмеге қамалып, 390 000 адам өлім жазасына кесілген екен.

Негізі Қазақстандағы қуғын-сүргін бұдан ерте басталған болатын. Кәмпескеден кейінгі жер аудару науқаны қолдан жасалған аштыққа ұласып, Ұлы дала онсыз да қара жамылып тұрған еді. Сталин 1928 жылы Қазақстандағы зиялы қауым өкілдерінің негізгі үлесін құрап отырған Алаш зиялыларын ұстап, соттауға пәрмен берді. Нәтижесінде, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің қаймағына айналған элита өкілдерінің тұтас бір буыны жойылды. Репрессия зобалаңы да алдымен елдің көзі ашық, оқыған азаматтарын қудалаудан басталған-ды.

 

Ілияс ізі

...Өткен жылы Жетісу топырағы қазақ поэзиясының Құлагері атанған дүлдүл ақын, ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын атап өтті. Айтпағымыз, ақын тойының қалай өткені туралы емес, қаламгердің қасіретке толы кезеңдегі құрбандыққа шалынғаны турасында болмақ. Ілияс Жансүгіровті НКВД 1937 жылы ұстаған. Ол кезде ақын Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағын басқарып тұрыпты. Қазақтың салтына қанық, дәстүріне берік Ілияс жаз айында Алатаудың етегіне киіз үй тіктіріп, демалыс мезгілін сонда өткізеді екен. Жендеттер қайраткерді сондай алаңсыз жатқан шақта тұтқындаған ғой. Оның жұмыс кабинеті мен үйіндегі барлық қағаз, құжаты тәркіленген. Яғни қудалаушылар Ілиясты ұстап, қамауға алудан бөлек, оның бүкіл шығармашылық еңбегін тәркілеп, өртеп жібермек болған. Сол арқылы Жансүгіров есімін ұлт тарихынан біржола өшіруді мақсат тұтты ма екен... Ілиястың Жазушылар одағы отырған үйден табылған қолжазбасы мен кітаптарын арбаға тиеп әкетіп бара жатқан жерінен сол кездегі жас жазушы Сапарғали Бегалин оның бір жинағын тығып үлгерген екен. Бұл жайында жазушы өз естеліктерінде айтады. Ақын кітабын көздің қарашығындай сақтап, Ілияс ақталғаннан кейін оны Фатима Ғабитованың қолына тапсырған. Бұл – «Құлагер» поэмасының толық жинағы еді. Бұл жайында Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят та өз естелігінде «Әкем ұсталатын кезінде Жазушылар одағын басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда дем алады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын тәркілеген. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз...», деп жазады.

Ал ілиястанушы ғалым, Жетісу университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов Ілияс Жансүгіров пен оның замандастарының ұсталып, атылуына сол тұста Қазақстанды басқарған Л.Мирзоянның Сталинге жазған құпия хаты себеп болғанын айтады. Мирзоян ол хатында ел ішінде әлі де бөтен пиғылды адамдардың көп екенін, жат элементтерден құтылу үшін соттау мен ату жазасын қолдануға берілген лимитті көбейтуді өтініп сұраған көрінеді. Нәтижесінде, қызыл террор қайта күшіне мініп, сұрақсыз соттап, себепсіз ату науқаны қызып берген.

– Бұл зұлмат жалғыз Ілиястың басына түскен зобалаң емес еді. Осы кезде қазақ интеллигенциясының үлкен шоғырының басына қара бұлт қайта үйірілді. Өйткені алашшыл азаматтардың біразы бұл кезде жазасын өтеп, ақталып, ел ішіне оралған болатын. Олар өнер мен мәдениетке, білім беру ісіне үлес қосып жатты. Мирзоянның хатынан кейін қамауға алынған зиялылар бірден ату жазасына кесілген, – дейді ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов.

Жалпы, репрессия басталған 1937-1938 жылдары ел қызметінде жүрген оқыған аза­мат­тар­дың тұтас тобы тізім бойынша қуда­ланып, жер аударылған, сотталған және атылған екен. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Темiрбек Жүргенов, Әлiбек Қоңыратбаев, Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Бiрiмжанов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұлов, Ыдырыс Мұстамбаев, Бiләл Сүлеев, Мырзағазы Есболов, Абдолла Асыл­беков, Әбдiрахман Айсарин, Сейiтқали Меңдешев, Жалау Мыңбаев, Халел Ғаббасов сияқ­­ты тұлға­лар ұсталып, өлім жазасына кесіл­ген болатын.

 

Музей мұңы

Алматыда қамауға алынып, кейіннен «үштіктің» үкімімен атылған азаматтар қазіргі Алматы облысының Талғар ауданына қа­рас­ты Жаңалық ауылының маңына жерленген. Әсілі, «жерленген» деген жай сөз ғана. Өйт­кені ауыл маңында қазба жұмыстарын жүр­гізгендер әлі күнге дейін адамның қаңқа сүйек­терін тауып алады екен. Бұл сол кезде жүздеп, мыңдап атылған саяси құрбандардың мүр­десін көлікке тиеп, Жаңалыққа жете бере көрін­ген шұңқырға аударып, көме салғанын айғақ­тайды. Кейбір деректерде 4 мыңнан астам жазықсыз жанның жүзін Жаңалықтың топырағы жасырғаны жайын­да айтылады. Қалай болғанда да Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы ауылдың маңы 1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылған адамдарды жерлейтін орынға айналғаны ақиқат. Елімізде 1988 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары басталғанда бұл маңға көмілген жазықсыз жандарды еске алу ісі де қолға алынған болатын. Ал тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында «Әділет» қо­ғамының мұрындық болуымен Жаңалық ауы­лында мемориалды ескерткіш кешені тұр­ғызылып, репрессия құрбандарына музей ашу мақсаты тұрды. Сол саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарына арналған музей араға 20 жылдан астам уақыт салып, 2018 жылы қолданысқа берілген болатын.

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен басталып, бір жыл ішінде ірге көтерген музейдің жалпы аумағы 535 шаршы метр музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылған. Аталған тізімнің сыртында ғылыми іздестіру жұмыстары нәтижесінде қуғынға ұшыраған тағы 3000 адамның дерегі табылған екен.

Жаңалық ауылы нәубет жылдары оққа ұшқан адамдардың ортақ моласына айналған қасіретті орын ретінде ерекше назарда болуы керек. Ал саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ашылған сол музейде зарлы жылдарда жапа шеккен адамдардың мұңлы үні құлаққа келетіндей...

 

Алматы облысы