Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселе – адами капиталды дамыту. Ал адами капиталды көтеру азаматтардың білім мен денсаулық сапасын арттырумен тікелей байланысты. Соған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кешегі отырысында бірқатар шешім қабылданды. Ең бастысы, ғылымға бөлінетін қаржының көлемі өсетіні белгілі болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап ететінін айтты. Яғни, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылым саласына 7 есе өсетінін хабарлады. Бұл елдегі ғылымның дамуына үлкен серпін болмақ. Сонымен бірге ауыл мен қала мектептерінің ахуалы теңестіріліп, техникалық мүмкіндігін жүйелеу қарастырылады. Елді мекендерде шығармашылық орталықтар санын көбейту тапсырылды. Үш ауысымда білім беру тоқтатылып, алдағы 4 жылда 650 000 орындық 800 мектеп, 700 спорт кешені салынатыны айтылды. Бұл келер ұрпақтың жақсы білім алуына мүмкіндік ашпақ. Тағы бір айтып өтетіні, ауыл мен қаладағы интернет байланысының теңестірілуі де қуанарлық жаңалық. Қазір цифрлы теңсіздік деген ұғым бар. Енді ол жойылып, ауыл балалары да интернетке қол жеткізеді деген сенімдеміз.
Ал енді бүгіннің батырлары – медицина қызметкерлеріне де баса назар аударылды. Дәрігердің жалақысы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болатыны мәлім болды. «Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық», – деді Президент.
Пандемия кезінде барлығымыз, мұғалім мен дәрігердің біздің қоғамдағы орны ерекше екенін, қарапайым жұмысшылардың еңбегі ерен екенін түсінгендей болдық. Сондықтан қарапайым еңбек адамының әлеуметтік деңгейінің жоғарылауын маңызға алуымыз керек. Сол кезде елімізде әлеуметтік теңдік те, даму да болмақ.
Ерлан САЙЫРОВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі