Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Түркістан: ҰБТ-ға түлектердің 75,5 пайызы қатысады

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан облысы бойынша  11 сыныпты   24658 оқушы бітірді.   Коронавирус пандемиясына байланысты ҰБТ-ға өтініш беру рәсімі онлайн және дәстүрлі түрде жүргізілген. Облыс бойынша тестілеуге жалпы түлектердің 75,5 пайызы, яғни 18634-і өтініш беріпті. Өткен жылғыдан өтініш берушілер саны 7 пайызға көбейген.

Түркістан: ҰБТ-ға түлектердің 75,5 пайызы қатысады

Nur Otan партиясының облыстық филиалы өңір тұрғындарына арнап ұйымдастырған тікелей эфирде  Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы  Рақымбек Жолаев ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетінін мәлім етті.  Өткізу ережесі бұрынғыдай. Дегенмен әр аудиториядағы тестілеуге қатысушылар саны 2 есеге азайып, екі метр көлемінде ара-қашықтық сақталады. Барлық санитарлық талап қатаң сақталады. «Сонымен бірге 3-4 маусым күндері санитарлық талаптарды сақтай отырып, түлектер үшін мектеппен қоштасу салтанатты іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мектептің ауласында қысқа ғана уақытқа созылатын жиынға сынып жетекшісі мен бірнеше ұстаз және шектеулі деңгейде ата-аналар ғана қатыстырылады. Қатысушылар түгел маска киіп, ара-қашықтықты сақтауы тиіс. Түлектердің өміріндегі ерекше сәтке арналған іс-шара өтуі тиіс ойлаймын»,  деді басқарма басшысы. 

Облыста ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге арналған 15 пункт әзірленген. Шалғай ауылдарда тұратын 11200 оқушыны ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау үшін тиісті қаржы қаралған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мемлекет тарапынан қосымша гранттар да қаралады. Ол үшін әрбір түлек ең төменгі 50 баллдан жоғары жинауы тиіс. Басқарма басшысы, сондай-ақ облыс аумағын кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз ету бағытында жұмыстар басталғанын, егер пандемия жалғасқан жағдайда әрбір ата-ана балаларын қажетті құрылғылар – смартфон, планшет, ноутбукпен қамтамасыз етуге күш салулары керектігін айтты. «Біз 1 қыркүйекте дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп, оқу жылын мектептерде қарсы алуға үміттеніп отырмыз. Карантин тоқтаса, оқушыларымызды жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберуге де дайынбыз. Демалыс орындары сақадай-сай. Бірақ қауіпті індеттің таралуы тоқтамаса, қашықтан оқытуға мәжбүр боламыз», деді Р.Жолаев.   

Жалпы Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырған эфир 2 мыңнан астам қаралым жинап, 100-ден астам сұрақ қойылды. Басқарма басшысы олардың бірқатарына сол мезетте жауап берсе, қалған сұрақтар бойынша да тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.