Өткен тарихқа көз жіберсек: 1911 жылғы бір құжатта Қазақстанда 5 млн 408 мың халық болды деп жазады. Оның 3 млн. 639 мыңы қазақтар екен. Осы тұста Қытай мен Моңғолияда 100 мың қазақ өмір сүрген.
Тағы сол сияқты 1916 жылғы санақ бойынша қазіргі Қазақстан және Қырғызстанның аймақтарында 3 994 500 қазақ, Орта Азияда (Самарқанд, Каспий сырты, Ферғана облыстарында) 235 500 қазақ, Астрахан губерниясында 353 700 қазақ, Орынбор, Самара, Томск, Тобыл, Енисейде 95 100 қазақ, Ресей империясының жерінде барлығы 4 678 800 қазақ өмір сүрген екен. (Марат Мұқанов, «Қазақ жерінің тарихы» 1994 жыл, Атамұра-Қазақстан баспасы. 74 -бет).
Сол кезде көршілес өзбек ағайындарымыз да бізбен шамалас, әуелі бізден бір табан кем де болды. Бүгін қараңыз, 20 миллионның үстінде – тілі де сау, діні де сау келе жатыр.
Хош, сонымен қайтып тағы да тарихқа оралайық. Қала іргесінде орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражай кешеніндегі мәліметтерге көз жіберсек: 1723-28 жылдары болған атақты «Ақтабан шұбырынды» заманында 1,1 млн қазақ қырылған. 1830-40 жылдардағы Кенесары Қасымов, Исатай-Махамбет бастаған патша үкіметіне қарсы көтеріліс кезінде қаншама адам қаза болды. (Бұл туралы мәлімет жоқ). 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде 275 мың қазақ жазықсыз оққа ұшқан. 1931-32 жылғы аштықта 2,3 млн қазақ аштан өлген. Ұлы Отан соғысына қатысқан 350 мың қандасымыз отбасына оралған жоқ. Соғыс жылдары тылдағы ауыр жағдайдан 150 мың адам көз жұмған. 1944-48 жылдары «Соғыс тұтқыны» ретінде 50 мың қазақстандық қуғынға ұшыраған. Қазақ өңіріндегі полигонның салдарынан 23 мың адам зардап шегіпті. 1945-1991 жылдары аралығында Совет армиясының сапында жүрген 25 мың қазақ азаматы шаңырағына оралған жоқ. 1978-1988 жылдары Ауғанстанда әскери міндетін атқарып жүрген 1,5 мың қазақ азаматы тағы да отбасына оралмапты... Деректер осылай, дейді.
Осы зұлматтардың кесірінен біз өспей қалдық. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімов марқұм егер жоғарыдағы қырғынды көрмегенде бүгін 40-50 миллион қазақ болар едік деген болжам жасапты.