Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Мамлютка қаласының 69 жастағы тұрғыны бір жылға бас бостандығынан айрылды

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

СҚО Мамлютка қаласының 69 жастағы тұрғыны ақыры әділетті жазасын алып, бір жылға бас бостандығынан айрылды. Қымбат машинасы бар дәулетті тұрғын қоғамдық тәртіп пен заңды белінен басып, осыған дейін «Toyota Land Cruiser» автокөлігін мас күйінде жүргізгені үшін жүргізушілік куәлігінен 3 жыл 4 айға айрылған еді. Бірақ ол жазаны місе тұтпай, рөлден түспеген.

Мамлютка қаласының 69 жастағы тұрғыны бір жылға бас бостандығынан айрылды

Осы жылдың ақпанында ішімдік ішкен күйінде ол тағы да рөлге отырып, көлікті басқара алмай жол жиегіне түсіп кеткен. Мас күйінде рөлге отырудың өзі – қоғамға қауіпті екендігі ескеріліп, осы құқық бұзушылығы үшін ер адам ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын да жол ережесін бірнеше рет бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, сот оны жуырда бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еңбек Сембиннің айтуына қарағанда үстіміздегі жылдың қаңтар айында мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің жауапкершілігін қатайтқан заңнама қабылданғанда мұндай бұзушылықтар біршама азайған. Бірақ заңда елегісі келмейтіндер әлі де кездесіп қалады. Соның бірі осы, ата жасынан асып кеткен Мамлютка қаласының тұрғыны. Жалпы, жыл басынан бері облыста мас күйінде көлік жүргізуге қатысты 31 қылмыс тіркелген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы