Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болды

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты. Ауданда 2018-2019 жылдар аралығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 4 нысан пайдалануға берілген. Биыл оннан астам нысанның ел игілігіне берілуі жоспарлануда.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болды

Өңір басшысы алдымен аудандағы Төменарық елді мекенінде салынатын ауылдық аурухана жобасымен танысты. Ауыл ақсақалдары аймақ басшысынан ғимарат құрылысын тездетіп бастауға ықпал етуін сұрады. Елдімекеннен бой көтеретін дәрігерлік амбулатория-аурухана 15 төсекке лайықталған.

Мұнан соң облыс әкімі «Орда Сығанақ»  ЖШС-нің шипажай жұмысын көрді. Шипажайдың құрылыс жұмыстары 2017 жылы  сәуір айында басталған. Ашылған уақытта 60 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудан әкімдігінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті.

-Жалпы 4 айдың қорытындысымен ауданда өнеркәсіп өндірісі 1,3%, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 8,5% артқан. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында да 4,3% өсім байқалады. Дегенмен, есепті кезеңде инвестиция көлемі 76,4 %, құрылыс жұмыстары  36,8 %, тұрғын үй құрылысы 98,6 % және бөлшек сауда айналымы  80,6 % төмендеген. Осы бағыттағы жұмыстарды ширату керек. Сондай-ақ, билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы қажет. Себебі, мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл мемлекеттік орган үшін өзгермейтін қағида. Ел экономикасын дамытудағы қабылданған шаралар мақсатты және нәтижелі болуы керек, - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы кентте құрылысы былтыр басталған 600 орындық мектептегі жұмыс барысын көрді. Білім ұясының құрылысын сапалы жүргізіп, жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Байкенже ауылдық округіндегі барлау, өндіру, уран шикізатын қайта өңдеуге бағытталған «Байкен-U» ЖШС-нің кәсіпорнына барды.  

Мұнан кейін, аймақ басшысына Жаңарық елді мекеніндегі ауылдық клубты күрделі жөндеу жұмысы көрсетілді. Жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 116 млн 144 мың теңге қаражат бөлініп, 45 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сапар аясында өңір басшысы Жаңақорған кентіндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт кешендерінің проблемалық мәселесімен танысты. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік  бағдарламалары арқылы жүзеге асырылатын Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде болды. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов аудан көлемінде мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Облыс әкімі аудан басшысына  мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асатын жобалар мен күрделі жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу қажеттігін міндеттеді.

Сапар барысында облыс әкімі Жаңақорған кентіндегі құрылысы жаңадан салынатын 300 орындық мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Ақүйік ауылындағы салынып жатқан балабақша мен газдандыру мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарды көрді.  

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кен орнымен танысып, брифингке қатысты. 610 адам жұмыспен қамтылған кәсіпорын сыртқы және ішкі нарықта сұранысқа ие қорғасын және мырыш концентраттарын шығаруды жоспарлап отыр. ТБК жобалық қуаты-жылына 4 млн.тонна, толық қуатқа шыққан кезде 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.