Кеңестік тоңмойын саясатқа қарсы тұяқ серпіп қарсылық танытқандар қойдай тоғытылған бұл лагерьлер сол жүйенің адам санасы жетпес сұмдығы мен қиянатының дәлеліндей көрінетіні бар кейде. Жалған жаламен жаза арқалаған қаншама адам осы қабырғалар қамауында жан қиды. Біз олардың жазалаушы жүйеге қарғыс айтқан дауысын көп жылдардан кейін ғана естідік. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «ҚарЛАГ», «АЛЖИР», «Дальний», «СтепЛАГ» секілді ондаған лагерь жайлы белгілі болды. Ал Сыр бойында да осындай лагерь болғандығы әлі де көпке белгісіз күйде қалып келеді.
Жалпы, Кеңес Одағындағы қуғын-сүргін өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың соңында-ақ басталып кетіп еді. Зорлықпен жүргізілген ұжымдастыру саясатына қарсы болғандар бай-құлақтың қатарына жатқызылып, қолдағы барын тартып алды. Сол тұста кемерін кеміріп, айдыны толып тұрған Аралдың Көкарал түбегіне 1927 жылы Балтық бойынан жер аударылғандар жеткізіліпті. Оншақты жылдан кейін Қиыр Шығыстан келген корейлер, Қап тауынан жеткен кабардин мен балқарлар, Еділ бойынан ауған қалмақтар, іле-шала осындай азапты жолды кешіп өткен немістер түбектегі босқындар қатарын толықтыра түсіпті. Отаршылдық өктем саясат қияндағы Көкаралды осылай қамтыған екен.
Сол тұста бұл түбек айналасын көкпеңбек теңіз көмкерген мекен болған деседі. Тіпті ел аузында «Көкаралда су ақпайды, балық ағады» деген сөз де айтылса керек. Жырыла қашар жолы жоқ осы аймаққа қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланғандар жеткізіледі. Адам айтқысыз азап көріп, қияннан қиналып жеткен осы босқындардың біразы алғашқы жылдары-ақ жан тапсырады. Алла алқап, аман қалғандары қолындағы барын берген жергілікті халық пен теңіз несібесінің арқасында жан сақтап қалады.
– Бала кезімізде «Босқындардың моласы» дегенді еститінбіз. Құм суырып, сыртқа шығып қалған адам сүйектерін де көп көрдік. Үлкендер бізді жақындатпай сол сүйектерді жинап, жерлеп жүретін. Әкем ауылдағы бастауыш мектеп мұғалімі болды, лагерьдегілерге қатысты көп жайтты сол кісіден естідім, – дейді осы Көкаралдың тумасы, өңірге белгілі азамат Қуанышбай Ердіқалықов.
Қуанышбай аға жазықсыз жазалы болғандарды орталықтан жырақта ұстау үшін жүргізілген экспериментті лагерьдің қайғысы мен қасіреті әлі күнге дейін жұмбақ болып келе жатқанын айтады. Өзі қуғын-сүргін жылдары Аралдың дәмін татқандардың тағдыры туралы жазып келеді.
Көпке белгісіз болып келген Аралдағы босқындар лагері жайлы зерттеп жүргендердің тағы бірі аудандық архив басшысы Болатбек Қуатов 30-жылдардың басындағы байларды тап ретінде жою мен жаппай ұжымдастыру науқанын жүргізу саясаты жаңа жерлерді игерудің нақты стратегиялық жоспары болғанын айтады. Ұшан-теңіздің қуыс-қолтығы осы жоспардың ауқымды бір бөлігі болса керек.
Көп ұзамай теңіз жағалауы Кеңес Одағының саясатына қарсы келгендерді, ауқатты адамдарды Ресейдің орталық бөлігінен алыстату мақсатында жіберетін лагерь ретінде таңдалып алынады.
Болатбек Қуатов ұсынған архив деректерінде Қазақ өлкелік партия комитетінің БКП(б) 18 ақпан 1930 жылғы жиналыс хаттамасында екі апта уақыт ішінде 2000 бай-құлақтың отбасын Арал теңізі жағалауына қоныс аударып және оларың орналасу сызбасын дайындау туралы тапсырылғаны көрсетілген.
БКП(б) саяси бюросының 1930 жылғы 20 ақпандағы «Мешеу қалған ұлттық экономикалық аймақтардағы ұжымдастыру және бай-құлақтарға қарсы күрес» туралы №49 қаулысына жауап ретінде КСРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ) Қызылорда өлкелік бөлімінің аса құпия құжаттарында 4000 адамға 20 барак үй; 22 ақпанда 5000 адамға арнап тағы осындай 25 үй дайындалатыны баяндалған. Бұл орындарға балалар мен қарттарды орналастыру көзделсе керек. Осы құжат негізінде 20 ақпанда Көкаралда 4000 адамды 20 үйге, 25 ақпанда 30 баракқа 6000 адамды орналастыру жоспарланыпты. Қоныс аударушылар баспаналарының кем-кетік жерлерін өздері жөндеуге міндеттелген.
Құжатта жергілікті тұрғындардан 300 киіз үй жинап, сол арқылы Көкаралға 2500-3000 адамды орналастыру көзделіп отырғаны көрсетілген. Осылайша 12000-13000 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады деген де жоспар жасалған.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның» кезеңінде ұжымдастыру туралы жалынды рапорттар да беріліп жатыпты. Бір құжаттарда отызыншы жылы жоғарғы жаққа Шиелі ауданы басшылығы өңірді «тұтастай ұжымдастырылған» деп тану жөнінде өтініш бергенін айтады.
Өкілдердің әмірімен 2 сағаттың ішінде колхоз құрылған елді мекендер де болған екен, ал мұндай асығыс шешімге қарсы болғандар мал-мүлкінен айырылып, айдалып кете барған.
Ата-бабасы аяқ басып көрмеген Арал өңіріне жер аударылғандардың да тағдыры осындай болды. «Жер аудару» деген желеудің астарында 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы жатыр еді. Олардың көпшілігі үшін туған жеріне қайтар жол мәңгілікке жабылды.
– Қазақ өлкелік партия комитетінің БКП (б) 1930 жылғы 30 наурыздағы қаулысымен Қазақстан бойынша күштеп қоныс аударылғандар арасынан Аралға 7105 адамның жіберілгені жазылған. Қабылдау-орналастыру пункттеріне 7535 адамның келгені көрсетіліпті. Бұлардың барлығы Көкарал мен Құландыға жіберілген, – дейді аудандық архив басшысы Болатбек Қуатов.
Осы жылғы 22 сәуірде Қызылорда өлкелік атқару комитетінен Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Исаевқа хат жазылып, онда Арал теңізі стансасындағы концлагерьге қоныс аударушылардың орналасуы туралы баяндалады. Онда лагерьге күштеп қоныс аударушылардың жағдайы мүлде төмен екендігі айтылады. Айдалып келгендер тұратын барактар аздығы, санитарлық талаптардың сақталмайтыны және ауыз судың тапшылығы атап көрсетілген. Бұл деректі санитарлық дәрігер Смайловтың Арал лагеріндегі 30 баракта 6340 адамның орналасқаны туралы мәліметі бекіте түседі. Осыған қарамастан, орталық Аралға жер аударылатындар санын жыл сайын үсті-үстіне көбейте берді. 1931 жылдың басында КСРО Халком төрағасының орынбасары А.Андреев жетекшілік еткен комиссия Ресей мен Кавказдан жер аударылғандардың көпшілігін Қазақстанға аттандыру туралы ұйғарым жасайды. Көп ұзамай Кавказ бойынан әуелі 350, екінші кезекте 400 отбасы тиелген эшелонды Қазақстанға жіберудің кестесі жасалады. Бірінші эшелондағы 150 отбасы Шалқар стансасына, ал 175 шаңырақ Арал теңізі стансасына жеткізілген. Араға екі апта салып пойызбен жеткен тағы осынша отбасы теңізді ауданнан пана табады.
Құжаттардан лагерьдегілердің жағдайы 1931 жылы тіпті қиындай түскені көрінеді. Сол тұста ҚазАССР прокурорының көмекшісі Я.М.Гринбергке «Арал теңізіне жер аударылғандардың жағдайы» туралы берілген мәліметте теңізді өңірге жер аударылғандардың тұрмыс жағдайларының мәз емес екендігі баяндалыпты. Өлкелік комитеттің 17 тамыздағы ұсынысы мен 28 тамыздағы қаулысы негізінен орындалмағаны, барактарда пеш салынбағаны атап өтіледі.
Ақтөбе БМСБ-ның (ОГПУ) «Арал теңізінің 19 комендатурасындағы жер аударылғандар жағдайы туралы» 1932 жылғы 25 қазандағы мәліметінде 4294 көшіп келушінің 1368-і ер адам, 1324-і әйел, 602-сі бала екендігі көрсетілген. Олардың 1227-сі Арал қаласына, 611 босқын Көкарал түбегіне, 612 адам қияндағы Құландыға, мың жарымнан астамы Возрождение аралына, Ауан, Ұялы ауылдарына орналастырылған. Қарашалаң, Қаратүп елді мекендеріне орын тепкен босқындар да аз болмады.
«Арал ауданының экономикалық шолуы» тақырыбындағы құжатта (Ақтөбе ОММ 13-қ; 1-т; 42-іс; п-3) 1932 жылы аудан халқы 55 335 болса, соның 11 954-і (21пайыз) өзге ұлт өкілдері екендігі көрсетіледі. Бұл зобалаң жылдары алыс ауданға зорлықпен жер аударылғандар еді. Құжаттарда күштеп көшірілгендердің жатын орыннан бөлек жейтін астан да зәрулік көріп отырғаны жазылыпты. Оларға күндік нан нормасының өзі толық берілмеген.
– Отызыншы жылдардағы ойран, күштеп қоныс аудару, тоталитарлық жүйенің негізсіз жазалау шараларының зардабы осындай болыпты. Оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Депортациялық саясаттың салқынымен Арал топырағына табан тіреген өзге ұлт өкілдері қолындағы барын беріп, қиналғанға қамқор болған жергілікті халықтың көмегінің арқасында жан сақтады, алапат кезеңнен аман қалды. Жер ауып келгендер бұл өңірден пана тауып, ұрпақ өсірді. Өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды, – дейді Болатбек Қуатов.
Алмағайып заманда Арал теңізі аумағына күштеп көшірілгендер бастан кешкен тарих осындай. Олардың көпшілігіне туған жеріне оралу бұйырмады, теңізді жағалай мәңгілік мекен тапты. Босқындар арасында сауатты, сан түрлі мамандық иелері де болатын. Олар жергілікті тұрғындардың кәсіпке бейімделуіне жол ашты. Отызыншы жылдары Көкарал түбегіндегі Ауан ауылында орыс мектебі ашылды. Осы ауылдағы балық зауытында 1960 жылдарға дейін көптеген ұлт өкілдері жұмыс істеді. Жер ауып келгендер арасынан әр салада елге танылған көптеген азаматтар шықты. Солардың бірі, Ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Валерий Очиров Арал қаласына жақын Жақсықылыш кентінде туған қалмақ баласы. Сондықтан Арал тұзын өндіретін ауылда кіндігі кесілген Ауған соғысының отты жолынан өткен генерал-лейтенант Валерий Очировті аралдықтар өз жерлесі санайды.
Ел еркіндігін алған тоқсаныншы жылдары Аралға Қалмақ Республикасынан өкілдер келіп, Бөген ауылына дейін барған екен. Сол сапар қалмақ елінің азаматтары зобалаң жылдардың естелігін білетін қарияларға жолығып, қиын сәтте қанатының астына алған жергілікті жұртқа алғысын білдіріпті.
Кеңес Одағының әр қиырынан тағдыр айдап, Арал топырағын басқандардың барлығы дерлік өткен ғасырдағы 60-жылдары тарихи Отандарына көшіп кетті. Олардан қалған бір белгі құмды ауылдардағы қарайған зираттар ғана. Бір кезеңдерде Көкарал түбегінен әр ауылға тарағандардың ұрпақтары қазір бұл тарихты білмеуі де мүмкін.
Ел арасында да осы оқиғаның куәгерлері де жыл санап азайып келеді. Қиналған жұртқа өзек жалғатып, алдағы күндерге аман жеткізген теңіз тартылған, талай ауылдың бүгінде тек орны ғана жатыр.
Көпке беймәлім болып келген Көкарал лагері жайлы біздің білгеніміз осы болды.
Қызылорда облысы