Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы, EQ
– Мәмбет Құлжабайұлы, сіздің еңбектеріңіз Алаш тарихын, репрессия салдарын зерттеумен тікелей байланысты. Күні бүгінге дейін тарих тасасында қалған көптеген беймәлім деректі тауып, оларды ғылыми айналымға енгіздіңіз. Десек те, қоғамда қазақ халқының басынан өткен нәубет жылдардың тарихи салдары әлі күнге дейін өз деңгейіне зерттелген жоқ деген пікір бар.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жақында берген сұхбатында «Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Негізгі қауіп-қатер алда. Қиындықтарды еңсеруге әрқашанда дайын болуымыз керек», деген ойды білдірді. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған бұл пікірдің халқымыздың тарихи танымына да қатысы бар. Тарихи сындарға тарихи жады, салт-дәстүрі, тілі мен ділі іргелі ұлттар ғана жауап бере алады. Бұл адамзаттың сан ғасырлық тәжірибесі көрсеткен ақиқат. Біз адамзат қауымдастығының өгей перзенті емеспіз. Ел ретінде жүріп өткен көпғасырлық тарихымыз бар. Тағдыр сынына түспейтін халық болмайды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама сияқты сындардың біразын біздің жұртымыз да басынан өткерді. 1917 жылғы төңкеріспен ере келіп, халқымыздың жартысына жуығын жалмаған аштық, екі бірдей ұлттық басқарушы зиялылар буынынан айырған репрессия, ұлттық санамызды ойсыратқан идеологиялық агрессия... Қиянатты көп көрген халықтар мартирологы жасалар болса, қазақ елі осы тізімінің алдыңғы қатарында болар хақ.
– Соңғы отыз жыл ішінде тәуелсіз елге тән тарихи жады қалыптастыра алдық па? Өскелең, азат ұрпақ осы уақыт аралығында бойына қандай құндылықтарды сіңіре алды?
– Халықтың белгілі бір жағдайда қалыптасқан тарихи жадының өзгере қоюы қиын. Тарихи жады – белгілі дәрежеде консервативті элемент. Баяу өзгереді. Өткен ғасырда халқымыздың тарихи жадының қалыптасуына кеңестік партиялық идеологияның ықпалы үлкен болды. Ал оны қаулы-қарармен өзгерте салу мүмкін емес. Халықтың жады күтімді, мақсатты еңбекті талап етеді. Революциялық өзгерістер тұсында да ұлттың бастаушы бөлігі жоғарғы деңгейден табылды. Оған жету үшін ой-пікір бостандығы маңызды фактор. Алаштық мұраны білу – өз еліңді білуге деген ұмтылыс. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай сөзін Алаш зиялылары сол күйінде қабыл алған жоқ па?!.
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда қайсібір азаматтарымыздың рулық идеологияға басымдық беретіні түсініксіз. 1917 жылдың соңына қарай бүкілресейлік құрылтайға депутаттардың сайлау тізіміне қарап: «Мынаның бәрі арғындар ғой» деген күңкіл шықты. Сонда большевиктер қазақтың «бас ұлтшылы» атаған Мыржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде осы уақытқа дейін кітап жазып, газет шығарып, абақты есігін көріп, осының бәрі әрбір қазақ үшін деп жүрген жоқпыз ба? Әлгіндей күңкілдің шығуына байланысты құрылтайға сайланғандардан «бір арғын» кем болсын деген оймен кандидатурамды қайтардым», деп жазды. Біздің қайраткерлеріміз міне, осындай биіктен көрінген. Сол алған межені жоғалтып алғанымыз ба? Біздің оқыған, мәдениетті жас буында әлгіндей кейін тартатын рулық сана жоқ деп білемін. Алдыңғы қатарлы елдер рулық санадан арылғалы қашан. Төңірегімізге көз салып көрсек, тайталас ру арасында жүріп жатқан жоқ қой. Үндінің ұлы ақыны Р.Тагор «Үндістан ана! Бүкіл Үндістан сенің ұлдарыңның отаны!» деп жар салды. Осы тұста Елбасының ел орталығын солтүстікке көшіру бастамасының құптарлық іс болғанына көз жеткізе түсеміз. Ондағы мақсат – еркін елдің ұл-қыздары өз елінің қай аймағында да тұруына ерікті. Ел аралап, жер көруі маңызды.
– Еліміздің ғана емес, шетелдердің де архивтеріндегі көптеген дерек зерттелді. Соңғы зерттеулер қазақ тарихы үшін қандай маңызды мәліметтердің ақиқатын ашты? Дегенмен, әлі күнге дейін отандық архивтердегі жабық қорлардың зерттеушілер үшін қолжетімсіздігі қынжылтады. Тіптен осы мақсатпен Парламентке де хаттар жолдадыңыз емес пе?
– Бұл өзі бір кітаптың бір тарауына арқау болған тақырып. «Тарих – күрес алаңы» деген кітабымда Отан тарихының мәселелеріне арналған арнайы тарау бар. Сонда Президент Әкімшілігіне, Парламент депутаттарына, тиісті министрліктерге жазған хаттарым жарияланған. Қырғызстандық Алаш қанатын Әбдікәрім Сыдықов басқарды. Осы ретте қырғызстандық құжаттармен танысу үшін Қырғызстанның Жоғарғы кеңесіне де хат жолдадым. Нәтижесіз болды. Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ), Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД), Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (МГБ), Ұлттық қауіпсіздік комитеті (КНБ) архив қорларына қатысты құжаттармен жұмыс істедім. Мәскеу, Орынбор, Ташкент, өзіміздің архив қорларындағы (республикалық, облыстық) материалдармен таныстым. Міне, осы архив қорларындағы құжаттармен таныса жүріп, мынаны байқадым. Қазақ қоғамындағы басқарушы саяси элита ешкімге де жаулық ұстанымда болған емес.
Иә, өкіметпен үйлесімді ұстанымда болған жоқ. «Неге болуға тиісті?» дегенге келсек, барлық қоғамда ұлт зиялылары мен билік арасында қоғамдық мәселелерге байланысты қайшылықты ұстанымдар болуы табиғи нәрсе. Барлық мәселеде зиялылар бас шұлғып, биліктің айтқанына жүрсе, онда ол өз міндетін орындаудан қалады. Осы ұстанымды қазақ саяси элитасы да танытты. Олар қазаққа өз отанына иелік құқын қайтаруды, ұлтқа өз тағдырына қатысты шешімдерді өзіне қабылдауға мүмкіндік беруді ғана талап етті. Ұлы державалық күштер түрлі демагогиялық әдістерге барып, бұл толық негізді табиғи талапты орындаудан жалтарды. Осымен шектелмей, адамзат қоғамында қабылданған заңдық нормаларды аяқасты етіп, өз құқығын сұраған ұлттық шығармашылықтағы белсенді күштерін, саяси басшылығын перманентті түрде жоюмен, саяси қудалауға алумен, рухани тұрғыдан сындырумен айналысты. Бұл қиянат ұзақ және мақсатты түрде жасалды. Ұлттың соңғы ғасырлардағы өз тарихынан алатын сабағына негіз болатын фактілер осы.
Кеңестік идеология, оның қызметінде болған тарихнама қазақ саяси элитасын «сепаратистер», «буржуазиялық ұлтшылдар», ретроградтар рөлінде көрсетіп, өз халқына қарсы қоюға тырысты. Бұл, әрине, кеңестік идеология қолданған саяси технология болатын. Ал шын мәнінде, біздің өткен ғасырдың алғашқы жартысында білімді де жігерлі, саяси қарсыласуда шыныққан, кемел, әлемдік деңгейдегі саяси элитамыз болды. Ол ұлттың болашағы үшін арпалысты, күрес жүргізді. Біздің сорымызға қарай, әлем тарихындағы ең бір қатыгез режім оны мақсатты түрде жойды. Не үшін десек, ұлы державалық мүддеге құрбандыққа шалды. Смағұл Сәдуақасұлының кезінде (1921 ж.) «неге басым ұлттардың пролетариаты құрмақ болған коммунизм жұмағына кіші ұлттар құрбандыққа шалынуы тиіс?» деп партия басшылығының алдына қойған күдігі орынды болып шықты. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев большевиктер күшпен енгізген социализм идеясын қазақ үшін «жат қонақ» деді. Соңғы зерттеулер қазақтар социализм идеясын өз еркімен құшақ жая қарсы алды деген тұжырымның жаңсақтығын көрсетеді. Осыдан 90 жыл бұрын бүкіл қазақ даласын қамтыған халық көтерілістері, олардың ізін ала келген аштық, қырғын алаштың саяси элитасы жасаған тұжырымының негізді дәлелі. Бұл ешқандай да қаулы-қарарсыз мойындауға болатын ақиқат.
– Жабық мұрағат қорларын ашу бүгінмен аяқталатын іс емес. Осы орайда «Мемлекеттік құпиялар туралы» және «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңдардың кешегі тарих ақтаңдақтарын ақтаудағы рөліне тоқталып өтсеңіз.
– Биыл 1929-1931 жылдары аралығында болып өткен халық көтерілістеріне – 90 жыл. Бұл тақырыпқа байланысты соңғы зерттеулер нені көрсетті? Мәселені түсіндіру ісінде кеңестік кезеңде орныққан көзқарас жалғыз тура ұстаным болудан қалды. Біріншіден, көтерілістердің кеңестік билікке қарсы бағытталғаны нақтыланды. Көтерілісшілер «Кеңес өкіметі жойылсын!» деген талап қойды. Бұл талапты Өзбекстан, Қырғызстандағы көтеріліске шыққан халық та ұстанды. Екіншіден, көтеріліске өз еркімен шыққандардың арасында ауқаттылардан басқа қарапайым кедей-шаруа да, молда-имам, ишандар да, кеңестік партия қызметкерлері де болды. Олар қосылып ортақ мүддені қорғады. Үшіншіден, көтерілістер буржуазиялық ұлтшылдардың немесе шетелдік агенттердің ұйымдастыруымен болды деген тұжырымдардың негізсіз, шындықты бұрмалаушылық тұрғыдан айтылғаны анықталды. Төртіншіден, 1929-1931 жылдар аралығындағы көтерілістер тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінде болып өтті. Олардың шығу себебі жалпы табиғаты ортақ екені дәлелденді. Ал 1993 жылдың 14 сәуірде шыққан «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заң көтерілісшілерді толық ақтай алмады. Ел Тәуелсіздігін алып, арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де, көтерілісшілерді ақтай алмай отырғанымыз қынжылтады. Заң бойынша бұл құжаттар отыз жылдан кейін құпиялығын жоюы тиіс.
– Репрессия, ашаршылық салдарының бүтіндей бір ұлттың тағдыры мен болашағына тигізген зардабы өте ауыр болды. Кеңес өкіметінің қолдан жасаған осындай қиянатына қатысты батыл пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, кейбір мәселелерде әлі де жалтақтап жүрген секілдіміз...
– Біз көп жағдайда репрессияның сыртқы көрінісіне, цифрлы факторларына тоқталамыз да, сапалық жағын назардан тыс қалдырамыз. Бүгінде өзбек ағайындарымыздың саны 33 млн-ға жетті. Ал Қазақстан халқының саны 19 миллион болса, оның ішінде қазақтар 12 миллионнан асады. Қазан революциясына дейін қазақтар шамамен бес жарым-алты миллион болды десек, ол кезеңде өзбектердің саны қазақтардың жартысына жуығын құрады. Ал қазір екі еседен көп. Қазақ халқы әлі он бес миллионға да жетпей отыр. Бұл ненің көрінісі? Осы тұста француз ғалымының «Мемлекеттің жағымды және жағымсыз қызметінің өлшемі халқының санынан көрінеді» дегені еске түседі. Кеңес кезінде сан жағынан кемідік, ал 1959 жылғы санақ бойынша үш миллионға да жетпедік. 1931-1933 жылдардағы аштық тұсында халқымыздың жартысына жуығынан айырылдық. Бұл компартияның, Кеңес өкіметі қылмысының көрінісі. Алашты да, Алаш идеясын да жойған – кеңестік империя! Ал бүгінде Кеңес Одағы да, партиясы да жоқ. Сонда біз кімнің қылмысын жасырып отырмыз?.. Ақиқат ашық айтылуы тиіс.
– Өткен жылы «Я себя совершенно не признаю виновным» деген кітабыңыз жарыққа шыққаны белгілі. Кітапқа өткен ғасырдың 60-80-жылдарында орын алған оқиғаларға байланысты материалдар еніпті. Деректер Қазақстанның Ішкі істер министрлігі архивінде бола тұра, материалдардың көрші Ресей архивтерінен алынғанын қалай түсінуге болады?
– Мұндағы құжаттама деректердің барлығы дерлік Мәскеудегі Ресей Федерациясы Орталық Архивіндегі Бас прокуратураның қорынан алынған. Құжаттар соңғы социалистік кезеңге, 60-80-жылдарға тиесілі. Бізде саяси репрессиялық шаралар өткен ғасырдың 30-шы жылдарымен аяқталады деген пікір бар. Мұндай пікір дұрыс емес. Репрессиялық шаралар кейінгі жылдары да жалғасты. Бірде ашық, бірде жабық, дегенмен үзіліссіз. Аталған кітапта берілген, мәселен, Махмет Құлмағамбетовтің, Хасен Қожахметовтің және басқа да кеңеске қарсылық көрсеткен тұлғалардың ісіне байланысты құжаттық материалдар Қазақстан Ішкі істер министрлігінің архив қорларында бар. Бірақ оларға қол жеткізу мүмкін емес. Ал Мәскеу архивтерінен алуға болады. Солай! Алдағы уақытта бұл істе өзгерістер болатын шығар деген үміт бар. Ал архив мәселесімен соңғы кезде жүйелі түрде айналысып жүрген заңгер, белгілі азамат – Сабыр Қасымов. Бұл азамат «Қаһармандар» қоғамдық қорын құрып, түрлі себептерге байланысты Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп, осы жолда мерт болған тұлғаларды анықтау, олардың ізгілікті есімдерін қалпына келтіру, қоғам жадында қалдыру ісінде қайраткерлік танытып жүр. Өз басым осы азаматтың қолға алған ісі билік жүйесінде түсіністік, қолдау тапса екен деген ниеттемін. Сол қордың жұмысы нәтижесінде біраз жұмыс атқарылған болар еді.
– Бүгінде репрессия құрбандарының санына қатысты нақты деректер бар ма?
– Деректерді негізге алатын болсақ, бір сандардың айтылып жүргені рас. Онда құрбан болғандардың саны 103 мың, атылғандар 25 мың деп көрсетіледі. Тақырыпты ұзақ жылдар зерттеген маман ретінде бұл санның дәл еместігін айтар едім. Өйткені мәліметтер әлі де сараптауды қажет етеді. Ол үшін репрессия, аштық тақырыбындағы іргелі зерттеулер жолға қойылуы қажет. Бұл бүтіндей бір халықтың қайғы-қасіреті. Біз осы уақытқа дейін салғырттық танытып келдік. Украина мен Балтық жағалауы елдерінде арнайы орталықтар, институттар құрылып, зерттеулер жасалды. Ал бізде репрессия тақырыбының белгілі бір ғылыми институттың, ғылыми топтың нысанына айналғанын көрген емеспін. Салада зерттеулер жеке энтузиастар тарапынан жасалып жүр. Ұлттың трагедиясы әлі өз дәрежесінде айтылған жоқ.
– Репрессия жылдарында атылған, айдауға кеткен қазақтың маңдайалды тұлғалары белгілі бір салалардың мамандары болды. Жалпы қуғын-сүргін жағдаяттарын жеке салалар бойынша зерттеу жұмыстары қалай жолға қойылған?
– Репрессияның ауқымды тақырып екенін жоғарыда да атап өттік. Өткен жылы «Менің ғылымдағы өмірім. Қазақстанның ғылыми мектептері. Геология» деген кітап жарыққа шықты. Осы кітаптың «Геология саласындағы мамандар» тарауын жазған едім. Онда 32-ші жылдарда Мәскеуде инженер-геолог мамандығын алған Оразалы Жандосов (Ораз Жандосовтың бауыры), Мардан Нығметұлы Әзірбаев, Мерғали Қадылбекұлы туралы бұрын-соңды көтерілмеген мәліметтер бар. Олар қазақ геологиясының ең алғашқы буыны еді. Мардан Әзірбаев Алтайдағы «Шыңдағы той» кен орнынан вольфрам және молибден сияқты сирек кездесетін құнды металлдарды ашқан. Сол кезде Мәскеудің тапсырмасымен бұл жоба қаржыландырылған. Алғаш 250 мың рубль, ал өнеркәсіптік ауқымын анықтау үшін 700 мың рубль бөлінуі тиіс екен. Қазақ геологы кен орнын ашқаннан кейін әрі қарайғы терең бұрғылау жұмыстары үшін қосымша қаражат сұрап, Мәскеуге барып, Өкімет төрағасының орынбасары Т.Рысқұловпен жолығады. Дегенмен, Геолком қаржыны Әзірбаевқа емес, басқа геологқа береді. Артын ала қисынсыз айыптаумен атылып кетеді.
Мерғали Қадылбекұлы – Ащысайдағы полиметалл комбинатында қорғасын кен орындарын ашқан алғашқы қазақ геологы. Бүгінде сол маңда Мірғалым деген сай бар. Ол Мерғалидің ашқан руднигі болуы әбден мүмкін. Мерғали Қадылбекұлы Оразалы Жандосовпен бірге Текелі комбинатында «халық жауы» ретінде сотқа тартылып атылды. Бүгінде Қазақстанның инженерлік қалыптасу үрдісін зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды құжаттар жабық қорларда сақталған. Бұл сұрақтың жауабына әзірге кең көлемде жауап бере алмаймыз. Құжаттар Ішкі істер министрлігінің жабық архивінде жатыр. Алғашқы геологтардың өмірін зерттеу жұмыстары Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Онда да жалпы репрессия емес, жекелеген мамандықтарды зерттеу бағытында жасалды. Материалдар Ресей архивінен алынды. Қазақ офицерлерінің репрессия құрбаны болғаны жайындағы деректер де толық ашылмаған.
Ал мемлекеттік қайраткерлеріміздің қаншамасы атылып кетті. Сталиндік жүйеге қарсы С.Сәдуақасов, Ж.Сұлтанбеков, Ы.Мұстамбаев бастаған топтың «голощекиндік режімге» қарсы күресі, Голощекинді қайтару әрекеті арнайы тапсырыспен зерттеуге лайық мәселе емес пе?! Репрессия құрбандарының қатарында дәрігерлер де болды. Бұл бағытта зерттеулер жасалғанымен де, толыққанды кітап басылып шықпаған болатын. Осы орайда жеке ізденуші дәрігер-ғалым Әлихан Досахановтың «Алаштың алғашы дәрігерлері» кітабы баспаға дайын екенін айта кеткім келеді. Онда автор Ресей, Ташкентте білім алған елу шақты дәрігердің еңбектерін Алашордаға қатысты мәліметтерді арқау еткен.
– Репрессия ақиқатын ашу жолында бүгінде қандай жұмыстар қолға алынуда? Тарихтың ақиқат парақтарының ашылуы жабық архив ісімен ғана байланысты ма?
– Күні бүгінге дейін бірқатар басылым жарыққа шықты. Президент қорындағы материалдар негізінде Алаш қозғалысына арналған бес кітаптан тұратын құжаттар жинағы екі тілде шықты. Тұрсын Жұртбайдың Алаш қозғалысына арналған үш томдық құжаттар жинағы жарық көрді. Алайда Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың академиялық басылымы әлі жарық көрген жоқ. Бұл біздің елдігімізге сын мәселе. Оған тарихшылардың кәсіби деңгейі жететін еді. «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» бағдарламасы аясында да осыған қатысты мәселелер көтерілген болатын. Дегенмен, репрессияның салдарын қоғам түсінігіне өнер арқылы, әдебиет арқылы жеткізу тетіктері кемшін. Ол үшін қарапайым жұртшылыққа түсінікті тілде кітаптар шығаруы керек. Бұл бағытта Т.Жұртбай мен Д.Досжанның еңбектерінен басқа қолжетімді дүниелер аз. Құжаттамалық фильмдермен қатар көркем туындылар, театр спектакльдері көрсетілуі тиіс. Германияның Ганновер қаласына барған сапарымда гитлерлік геноцидті еске салатын «стеланы» көрдім. Онда құрбан болғандардың тізімі Орталық театр маңындағы мәрмәр тасқа қашалған екен. Бұл сол халықтың жадының бір көрінісі дер едім. Кейде неге артқа қарайлай береміз деген пікірлер айтылып қалып жатады. Тәні де, жаны да сау ұрпақ қалыптастыру үшін өткен тарих қорытындылануы қажет. Өйткені тарихи жады мемлекеттік маңызды мәселе. Іргелі тарихи, толыққанды жады бар қоғам – болашағы жарқын қоғам.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»