Сұхбат • 31 Мамыр, 2020

Мәмбет Қойгелді: Ұлттың трагедиясы әлі өз дәрежесінде айтылған жоқ

1049 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет ҚОЙГЕЛДІМЕН әңгіме

Мәмбет Қойгелді: Ұлттың трагедиясы әлі өз дәрежесінде айтылған жоқ

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы, EQ

– Мәмбет Құлжабайұлы, сіздің еңбектеріңіз Алаш тарихын, репрессия салдарын зерттеумен тікелей байла­ныс­ты. Күні бүгінге дейін тарих тасасында қалған көптеген беймәлім деректі тауып, оларды ғылы­ми айна­лымға енгіздіңіз. Десек те, қоғам­да қазақ халқының басынан өткен нәубет жылдардың тарихи салдары әлі күнге дейін өз деңгейіне зерттелген жоқ деген пікір бар.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жақын­да берген сұхбатында «Әлемде түрлі үрдіс­тер қалыптасуда. Негізгі қауіп-қатер алда. Қиындықтарды еңсеруге әрқашанда дайын болуымыз керек», деген ойды білдірді. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған бұл пікірдің халқымыздың тарихи танымына да қатысы бар. Тарихи сындарға тарихи жады, салт-дәстүрі, тілі мен ділі іргелі ұлттар ғана жауап бере алады. Бұл адамзаттың сан ғасырлық тәжі­ри­бесі көрсеткен ақиқат. Біз адамзат қауым­дастығының өгей перзенті емеспіз. Ел ретінде жүріп өткен көпғасырлық тарихымыз бар. Тағдыр сынына түспейтін халық болмайды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама сияқты сындардың біразын біздің жұртымыз да басынан өткерді. 1917 жылғы төңкеріспен ере келіп, халқымыздың жартысына жуы­ғын жалмаған аштық, екі бірдей ұлт­тық басқарушы зиялылар буынынан айыр­ған репрессия, ұлттық санамызды ойсы­ратқан идеологиялық агрессия...  Қия­натты көп көрген халықтар мартирологы жасалар болса, қазақ елі осы тізімінің алдыңғы қатарында болар хақ.

– Соңғы отыз жыл ішінде тәуелсіз елге тән тарихи жады қалыптастыра алдық па? Өскелең, азат ұрпақ осы уақыт аралығында бойына қандай құн­ды­лықтарды сіңіре алды?

– Халықтың белгілі бір жағдайда қа­лып­тасқан тарихи жадының өзгере қоюы қиын. Тарихи жады – белгілі дәре­жеде консервативті элемент. Баяу өзгере­ді. Өткен ғасырда халқымыздың тарихи жа­дының қалыптасуына кеңестік партиялық идеологияның ықпалы үлкен болды. Ал оны қаулы-қарармен өзгерте салу мүмкін емес. Халықтың жады күтімді, мақсатты еңбекті талап етеді. Революциялық өзгерістер тұсында да ұлттың бастаушы бөлігі жоғарғы деңгейден табылды. Оған жету үшін ой-пікір бостандығы маңызды фактор. Алаштық мұраны білу – өз еліңді білуге деген ұмтылыс. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай сөзін Алаш зиялылары сол күйінде қабыл алған жоқ па?!.

Өкінішке қарай, бүгінгі қо­ғам­да қайсібір азаматтарымыздың ру­лық идеологияға басымдық беретіні түс­і­ніксіз. 1917 жылдың соңына қарай бүкі­л­ре­сей­лік құрылтайға депутаттардың сайлау тізі­міне қарап: «Мынаның бәрі ар­ғын­дар ғой» деген күңкіл шықты. Сон­да большевиктер қазақтың «бас ұлт­шы­лы» атаған Мыржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде осы уа­қытқа дейін кітап жазып, газет шыға­рып, абақты есігін көріп, осының бәрі әр­бір қазақ үшін деп жүрген жоқпыз ба? Әл­гін­дей күңкілдің шығуына байла­ныс­ты құ­рыл­тайға сайланғандардан «бір ар­ғын» кем болсын деген оймен кан­ди­да­турамды қайтардым», деп жазды. Біз­дің қай­раткерлеріміз міне, осындай биік­тен көрінген. Сол алған межені жоғал­тып ал­ғанымыз ба? Біздің оқыған, мәде­ниетті жас буында әлгіндей кейін тарта­тын рулық сана жоқ деп білемін. Алды­ңғы қатарлы елдер рулық санадан ар­ыл­ғалы қашан. Төңірегімізге көз сал­ып көрсек, тайталас ру арасында жү­ріп жатқан жоқ қой. Үндінің ұлы ақы­­ны Р.Тагор «Үндістан ана! Бүкіл Үнді­­стан сенің ұлдарыңның отаны!» деп жар сал­ды. Осы тұста Елбасының ел ор­та­лы­ғын солтүстікке көшіру бас­та­ма­сы­ның құптар­лық іс болғанына көз жет­кізе түсеміз. Ондағы мақсат – еркін елдің ұл-қыз­дары өз елінің қай айма­ғын­да да тұ­руы­на ерікті. Ел аралап, жер көруі ма­ң­ызды. 

– Еліміздің ғана емес, шетелдердің де архивтеріндегі көптеген дерек­ зерттелді. Соңғы зерттеулер қазақ тарихы үшін қандай маңыз­ды мәлі­меттердің ақиқатын ашты? Деген­мен, әлі күнге дейін отандық архив­тердегі жабық қорлардың зерттеушілер үшін қолжетімсіздігі қынжылтады. Тіптен осы мақсатпен Парламентке де хаттар жолдадыңыз емес пе?

– Бұл өзі бір кітаптың бір тарауы­на арқау болған тақырып. «Тарих – күрес алаңы» деген кітабымда Отан тари­хының мәселелеріне арналған ар­найы тарау бар. Сонда Президент Әкім­шілі­гіне, Парламент депутаттарына, тиіс­ті ми­нистрліктерге жазған хаттарым жа­рия­ланған. Қырғызстандық Алаш қана­тын Әбдікәрім Сыдықов басқарды. Осы ретте қырғызстандық құжаттармен танысу үшін Қырғызстанның Жоғарғы кеңесіне де хат жолдадым. Нәтижесіз болды. Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ), Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД), Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (МГБ), Ұлттық қауіп­сіздік комитеті (КНБ) архив қор­ларына қатысты құжаттармен жұмыс істедім. Мәскеу, Орынбор, Таш­кент, өзіміздің архив қорларындағы (рес­пуб­ликалық, облыстық) материалдармен таныстым. Міне, осы архив қорларындағы құжаттармен таныса жүріп, мынаны байқадым. Қазақ қоғамындағы бас­қарушы саяси элита ешкімге де жаулық ұстанымда болған емес.

Иә, өкіметпен үйлесімді ұстанымда болған жоқ. «Неге болуға тиісті?» дегенге келсек, барлық қоғамда ұлт зия­лы­лары мен билік арасында қоғамдық мәселелерге байланысты қайшылықты ұстанымдар болуы табиғи нәрсе. Барлық мәселеде зиялылар бас шұлғып, билік­тің айтқаны­на жүрсе, онда ол өз міндетін орындаудан қалады. Осы ұстанымды қазақ саяси элитасы да танытты. Олар қазаққа өз отаны­на иелік құ­қын қай­таруды, ұлтқа өз тағдырына қа­тысты шешім­дерді өзіне қабылдауға мүм­кіндік беруді ғана талап етті. Ұлы дер­жавалық күштер түрлі демагогиялық әдіс­терге барып, бұл толық негізді таби­ғи талапты орындаудан жалтарды. Осым­ен шектелмей, адамзат қоғамында қабыл­данған заңдық нормаларды аяқасты етіп, өз құқығын сұраған ұлттық шығарма­шы­лықтағы белсенді күштерін, саяси басшылығын перманентті түрде жоюмен, саяси қудалауға алумен, рухани тұрғы­дан сындырумен айналысты. Бұл қия­нат ұзақ және мақсатты түрде жасалды. Ұлттың соңғы ғасырлардағы өз тарихынан алатын сабағына негіз бола­тын фактілер осы.

Кеңестік идеология, оның қызметінде болған тарихнама қазақ саяси элитасын «сепаратистер», «бур­жуа­зия­лық ұлтшылдар», ретроградтар рөлін­де көрсетіп, өз халқына қарсы қоюға тырысты. Бұл, әрине, кеңестік идеология қолданған саяси технология болатын. Ал шын мәнінде, біздің өткен ғасырдың алғашқы жартысында білімді де жігерлі, саяси қарсыласуда шыныққан, кемел, әлемдік деңгейдегі саяси элитамыз болды. Ол ұлттың болашағы үшін арпалыс­ты, күрес жүргізді. Біздің сорымызға қарай, әлем тарихындағы ең бір қаты­гез режім оны мақсатты түрде жойды. Не үшін десек, ұлы державалық мүд­деге құрбандыққа шалды. Смағұл Сәдуа­қас­ұлының кезінде (1921 ж.) «неге ба­сым ұлттардың пролетариаты құр­мақ болған коммунизм жұмағына кіші ұлт­тар құрбандыққа шалынуы тиіс?» деп партия басшылығының алдына қой­ған күдігі орынды болып шық­ты. А.Бай­тұр­сынұлы, М.Жұмабаев боль­ше­вик­тер күшпен енгізген социализм идея­сын қазақ үшін «жат қонақ» деді. Соңғы зерттеулер қазақтар социализм идеясын өз еркімен құшақ жая қарсы алды деген тұжырымның жаңсақтығын көрсетеді. Осыдан 90 жыл бұрын бүкіл қазақ даласын қамтыған халық көтерілістері, олардың ізін ала келген аштық, қырғын алаштың саяси элитасы жасаған тұжырымының негізді дәлелі. Бұл ешқандай да қаулы-қарарсыз мойындауға болатын ақиқат.

– Жабық мұрағат қорларын ашу бүгін­мен аяқталатын іс емес. Осы орайда «Мемлекеттік құпиялар туралы» және «Жаппай саяси қуғын-сүргін­дер құрбандарын ақтау туралы» заң­дардың кешегі тарих ақтаңдақтарын ақтаудағы рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Биыл 1929-1931 жылдары ара­лығында болып өткен халық көтеріліс­теріне – 90 жыл. Бұл тақырыпқа байланысты соңғы зерттеулер нені көрсетті? Мә­селені түсіндіру ісінде кеңестік ке­зең­де орныққан көзқарас жалғыз тура ұс­таным болудан қалды. Біріншіден, көтерілістердің кеңестік билікке қар­сы ба­ғытталғаны нақтыланды. Көтері­ліс­шілер «Кеңес өкіметі жойылсын!» деген талап қойды. Бұл талапты Өзбекстан, Қырғызстандағы көтеріліске шыққан халық та ұстанды. Екіншіден, көтеріліске өз еркімен шыққандардың арасында ауқаттылардан басқа қарапайым кедей-шаруа да, молда-имам, ишандар да, кеңестік партия қызметкерлері де болды. Олар қосылып ортақ мүддені қорғады. Үшіншіден, көтерілістер буржуазиялық ұлтшылдардың немесе шетелдік агент­тер­дің ұйымдастыруымен болды деген тұжырымдардың негізсіз, шындықты бұрмалаушылық тұрғы­дан айтылғаны анықталды. Төртінші­ден, 1929-1931 жылдар аралығын­дағы көтерілістер тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінде болып өтті. Олардың шығу себебі жалпы табиғаты ортақ екені дәлелденді. Ал 1993 жылдың 14 сәуірде шыққан «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбан­дарын ақтау туралы» заң көтеріліс­шілерді толық ақтай алмады. Ел Тәуел­сіздігін алып, арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де, көтерілісшілерді ақтай алмай отыр­ғанымыз қынжылтады. Заң бойын­ша бұл құжаттар отыз жылдан кейін құ­пиялығын жоюы тиіс.

– Репрессия, ашаршылық сал­дарының бүтіндей бір ұлттың тағ­дыры мен болашағына тигізген зар­дабы өте ауыр болды. Кеңес өкіметінің қолдан жасаған осындай қиянатына қатысты батыл пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, кейбір мәселелерде әлі де жалтақтап жүрген секілдіміз...

– Біз көп жағдайда репрессияның сыртқы көрінісіне, цифрлы факторларына тоқталамыз да, сапалық жағын назардан тыс қалдырамыз. Бүгінде өзбек ағайындарымыздың саны 33 млн-ға жетті. Ал Қазақстан халқының саны 19 миллион болса, оның ішінде қазақтар 12 миллионнан асады. Қазан революциясына дейін қазақтар шамамен бес жарым-алты миллион болды десек, ол кезеңде өзбектердің саны қазақтардың жартысына жуығын құрады. Ал қазір екі еседен көп. Қазақ халқы әлі он бес миллионға да жетпей отыр. Бұл ненің көрінісі? Осы тұста француз ғалымының «Мемлекеттің жағымды және жағымсыз қызметінің өлшемі халқының санынан көрінеді» дегені еске түседі. Кеңес кезінде сан жағынан кемідік, ал 1959 жылғы санақ бойынша үш миллионға да жетпедік. 1931-1933 жылдардағы аштық тұсында халқымыздың жартысына жуығынан айырылдық. Бұл компартияның, Кеңес өкіметі қылмысының көрінісі. Алашты да, Алаш идеясын да жойған – кеңестік империя! Ал бүгінде Кеңес Одағы да, партиясы да жоқ. Сонда біз кімнің қылмысын жасырып отырмыз?.. Ақиқат ашық айтылуы тиіс.

– Өткен жылы «Я себя совершенно не признаю виновным» деген кітабыңыз жарыққа шыққаны бел­гілі. Кітапқа өткен ғасырдың 60-80-жыл­­дарында орын алған оқиға­лар­ға байланысты материалдар еніпті. Дерек­тер Қазақстанның Ішкі істер ми­нистр­лігі архивінде бола тұра, мате­риал­дардың көрші Ресей архивтерінен алын­ған­ын қалай түсінуге болады?

– Мұндағы құжаттама деректердің барлығы дерлік Мәскеудегі Ресей Федерациясы Орталық Архивіндегі Бас прокуратураның қорынан алынған. Құжаттар соңғы социалистік кезеңге, 60-80-жылдарға тиесілі. Бізде саяси репрессиялық шаралар өткен ғасырдың 30-шы жылдарымен аяқталады деген пікір бар. Мұндай пікір дұрыс емес. Реп­ресс­ия­лық шаралар кейінгі жылдары да жалғасты. Бірде ашық, бірде жабық, деге­нмен үзіліссіз. Аталған кітапта беріл­ген, мәселен, Махмет Құлма­ғам­бетовтің, Хасен Қожахметовтің және басқа да кеңеске қарсы­лық көрсеткен тұлғалардың  ісіне байла­нысты құжаттық материалдар Қазақ­стан Ішкі істер министрлігінің архив қор­ларында бар. Бірақ оларға қол жеткізу мүм­­кін емес. Ал Мәскеу архивтерінен алу­ға болады. Солай! Алдағы уақытта бұл істе өз­герістер болатын шығар деген үміт бар. Ал архив мәселесімен соңғы кезде жүйелі түрде айналысып жүрген заңгер, белгілі азамат – Сабыр Қасымов. Бұл азамат «Қаһармандар» қоғамдық қорын құрып, түрлі себептерге байланысты Ота­ны­мыздың бостандығы мен тәуел­сіз­дігі үшін күресіп, осы жолда мерт бол­ған тұлғаларды анықтау, олардың ізгілікті есімд­ерін қалпына келтіру, қоғам жадын­да қалдыру ісінде қайраткерлік таны­тып жүр. Өз басым осы азаматтың қолға ал­ған ісі билік жүйесінде түсіністік, қолдау тапса екен деген ниеттемін. Сол қордың жұмысы нәтижесінде біраз жұмыс атқарылған болар еді.

– Бүгінде репрессия құрбандары­ның са­ны­на қатысты нақты деректер бар ма?

– Деректерді негізге алатын болсақ, бір сандардың айтылып жүргені рас. Онда құрбан болғандардың саны 103 мың, атылғандар 25 мың деп көрсетіледі. Тақырыпты ұзақ жылдар зерттеген маман ретінде бұл санның дәл еместігін айтар едім. Өйткені мәліметтер әлі де сараптауды қажет етеді. Ол үшін реп­рессия, аштық тақырыбындағы іргелі зерттеулер жолға қойылуы қажет. Бұл бүтіндей бір халықтың қайғы-қасіреті. Біз осы уақытқа дейін салғырттық танытып келдік. Украина мен Балтық жағалауы елдерінде арнайы орталықтар, институттар құрылып, зерттеулер жасалды. Ал бізде репрессия тақырыбы­ның белгілі бір ғылыми институттың, ғылыми топтың нысанына айналғанын көрген емеспін. Салада зерттеулер жеке энтузиастар тарапынан жасалып жүр. Ұлттың трагедиясы әлі өз дәрежесінде айтылған жоқ.

– Репрессия жылдарында атылған, айдауға кеткен қазақтың маңдайалды тұлғалары белгілі бір салалардың мамандары болды. Жалпы қуғын-сүргін жағдаяттарын жеке салалар бойынша зерттеу жұмыстары қалай жолға қойылған?

– Репрессияның ауқымды тақырып екенін жоғарыда да атап өттік. Өткен жылы «Менің  ғылымдағы өмірім. Қазақ­­станның ғылыми мектептері. Геоло­гия» деген кітап жарыққа шықты. Осы кітаптың «Геология саласындағы мамандар» тарауын жазған едім. Онда 32-ші жылдарда Мәскеуде инженер-геолог мамандығын алған Оразалы Жандосов (Ораз Жандосовтың бауыры), Мардан Нығметұлы Әзірбаев, Мерғали Қадылбекұлы туралы бұрын-соңды көтерілмеген мәліметтер бар. Олар қазақ геологиясының ең алғашқы буыны еді. Мардан Әзірбаев Алтайдағы «Шыңдағы той» кен орнынан  вольфрам және молибден сияқты сирек кездесетін құнды металлдарды ашқан. Сол кезде Мәскеудің тапсырмасымен бұл жоба қаржыландырылған. Алғаш 250 мың рубль, ал өнеркәсіптік ауқымын анықтау үшін 700 мың рубль бөлінуі тиіс екен. Қазақ геологы кен орнын ашқаннан кейін әрі қарайғы терең бұрғылау жұмыстары үшін қосымша қаражат сұрап, Мәскеуге барып, Өкімет төрағасының орынбасары Т.Рысқұловпен жолығады. Дегенмен, Геолком  қаржыны Әзірбаевқа емес, басқа геологқа береді. Артын ала қисынсыз айыптаумен атылып кетеді.

Мерғали Қадылбекұлы – Ащысайдағы полиметалл комбинатында қорғасын кен орындарын ашқан алғашқы қазақ геологы. Бүгінде сол маңда Мірғалым деген сай бар. Ол Мерғалидің ашқан руднигі болуы әбден мүмкін. Мерғали Қадылбекұлы Оразалы Жандосовпен бірге Текелі комбинатында «халық жауы» ретінде сотқа тартылып атылды. Бүгінде Қазақстанның инженерлік қалыптасу үрдісін зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды құжаттар жабық қорларда сақталған. Бұл сұрақтың жауабына әзірге кең көлемде жауап бере алмаймыз. Құжаттар Ішкі істер министрлігінің жабық архивінде жатыр. Алғашқы геологтардың өмірін зерттеу жұмыстары Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Онда да жалпы репрессия емес, жекелеген мамандықтарды зерттеу бағытында жасалды. Материалдар Ресей архивінен алынды. Қазақ офицерлерінің репрессия құрбаны болғаны жайындағы деректер де толық ашылмаған.

Ал мемлекеттік қайраткерлеріміздің қаншамасы атылып кетті. Сталиндік жү­йеге қарсы С.Сәдуақасов, Ж.Сұлтан­беков, Ы.Мұстамбаев бастаған топтың «голощекиндік режімге» қарсы күресі, Голощекинді қайтару әрекеті арнайы тапсырыспен зерттеуге лайық мәселе емес пе?! Репрессия құрбандарының қатарында дәрі­герлер де болды. Бұл бағытта зерттеу­лер жасалғанымен де, толыққанды кітап басылып шықпаған болатын. Осы орай­да жеке ізденуші дәрігер-ғалым Әли­хан Доса­хановтың «Алаштың алғашы дәрі­гер­лері» кітабы баспаға дайын екенін айта кеткім келеді. Онда автор Ресей, Таш­кент­те білім алған елу шақты дәр­і­гер­дің  еңбектерін Алаш­ор­даға қатысты мәліметтерді арқау еткен.

– Репрессия ақиқатын ашу жолында бүгінде қандай жұмыстар қолға алынуда? Тарихтың ақиқат парақ­тарының ашылуы жабық архив ісімен ғана байланысты ма?

– Күні бүгінге дейін бірқатар басылым жарыққа шықты. Президент қорын­дағы материалдар негізінде Алаш қоз­­ға­лысына арналған бес кітаптан тұ­ра­тын құжаттар жинағы екі тілде шық­ты. Тұрсын Жұртбайдың Алаш қозғалысына арналған үш томдық құжаттар жинағы жарық көрді. Алайда Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың академиялық басылымы әлі жарық көрген жоқ. Бұл біздің елдігімізге сын мәселе. Оған тарих­шы­­лар­­дың кәсіби деңгейі жететін еді. «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» бағ­дар­ламасы аясында да осыған қатысты мәс­елелер көтерілген болатын. Дегенмен, репрес­сияның салдарын қоғам түсінігіне өнер арқылы, әдебиет арқылы жеткізу тетіктері кемшін. Ол үшін қара­пайым жұртшылыққа түсінікті тілде кітап­тар шығаруы керек. Бұл бағыт­та Т.Жұрт­бай мен Д.Досжанның еңбектері­нен басқа қолжетімді дүниелер аз. Құжат­­тамалық фильмдермен қатар көр­кем туын­дылар, театр спектакльдері көр­­сетілуі тиіс. Германияның Ганновер қала­сы­­на барған сапарымда гитлерлік геноцидті еске салатын «стеланы» көрдім. Онда құрбан болғандардың тізімі Орта­лық театр маңындағы мәрмәр тасқа қашал­ған екен. Бұл сол халықтың жады­ның бір көрінісі дер едім. Кейде неге артқа қарай­лай береміз деген пікірлер айты­лып қалып жатады. Тәні де, жаны да сау ұрп­ақ қалып­­тастыру үшін өткен тарих қорытын­ды­­лануы қажет. Өйткені тарихи жады мем­ле­кеттік маңызды мәселе. Іргелі тарихи, толыққанды жады бар қоғам – болашағы жарқын қоғам.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»