Бұл тарихи-қаһармандық жырлардың басты лейтмотиві – өз елін сыртқы және ішкі жаулардан, басқыншылардан қорғау, әділеттік іздеу, елдің бірлігі, бүтіндігі жолындағы халқымыздың өмірі, тұрмыс-тіршілігі айқын суреттелген.
Халық арасында көп тараған «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді эпостық жырлармен бірге «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Сейпіл-Мәлік» махаббат дастандары да орын алған.
Бұл – тарихи-қаһармандық жырлары мағынасы мен көркемдік-рухани қасиеттері жағынан әлемдік деңгейдегі белгілі көптеген батырлық эпос-жыр, дастандардың қатарынан орын алған шығармалар екендігі даусыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деп атап өткен болатын.
Қазіргі таңда ұлтымыздың баға жетпес құндылығына баланған төл өнеріміз – жырды көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында республика көлемінде іс-шаралар көптеп өткізіліп келеді. Себебі музыкалық мұрамыздың бірі – жыр, алтындай саф өнер. Ата-бабаларымыздың миллиондаған жолдардан тұратын жыр жауһарларының ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жетуінің өзі қазақ халқының тектілігі мен бекзаттығының көрінісі.
Осы орайда Ақтөбе облысында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала музыкасы мен фольклорының мыңжылдығы» жобасы негізінде қазақ халқының тарихы мен әдебиетінің мәдени мұраларын зерттеп, зерделеп, жинақтау мақсатында кешенді бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
2019 жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығымен облыстық халық шығармашылығы орталығы «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының басты кейіпкері «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жырлары» атты музыкалық дастанын еліміздің әр өңірінен шыққан жыршы-жыраулардың орындауында дыбыстық жазбаға (СD-диск) түсіріп, күйтабақшасын шығару жұмыстарын қолға алып, жүзеге асыруда.
Ақпараттық-технологиялардың шарықтаған кезінде қазақтың дәстүрлі музыкалық шығармаларын жинақтап, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу үшін сандық жүйеге өткізу аса маңызды.
Өз кезегінде музыкалық дастанның басы-қасында Қазақстанның жетекші ғалымдары, Сыр сүлейлерінің сарқыты, жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов жетекшілік еткен белгілі өлкетанушылар, этнографтар, музыка зерттеушілері қатыстырылған бұл бастама бүгінде өзіндік мазмұны жағынан еліміздің әр өңірінің жыршы-жырауларының орындауындағы атақты Мұрын жырау Сеңгірбайұлы жырлаған «Қырымның қырық батыры», халық ақыны Нұрпейіс Байғанин жырлаған «Қарасай-Қази», Нұртуған Кенжеғұлұлы жырлаған «Мәулімнияз», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» секілді ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлемді дастандармен де ерекше байытылып отыр.
Дастан биыл 500 данамен жарыққа шығады. Музыкалық дастан екі бөліктен тұрады. Ұлттық нақыштармен безендірілген бірінші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяндары, қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.
Түркітектес байырғы көшпенділер жасаған Қазақстанның мәдени мұраларының бірі, қазақ халқының жыршылық өнеріне арналған бұл құнды дүние ата-бабамыздың рухани құндылықтарын қайта жаңғыртып, жас ұрпақты халықтың тарихи-қаһармандық жырларымен сусындатып, қадір-қасиетін арттырып, көп жанрлы дәстүрлі мол мұрамызбен тәрбиелеуге бағытталған.
Тарихқа үңілсек, Едіге батырдың өмірі мен ерлік жолдары қазаққа ғана емес, татар, ноғай, башқұрт, қырым татарлары, түрікмен тағы басқа исі түркі халықтарына ортақ мұра болып есептеледі.
Яғни Едіге – тарихта болған белгілі тұлға. Биыл Алтын Орданың 750 жылдығы болса, ал өз кезінде Алтын Орданы 17 жыл бойы билеген даңқты қолбасшы ер Едігені сол дәуірден бөліп-қарау мүмкін емес.
«Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе, мен барайын дер екен», деген жыр жолдары баршамызға таныс. Дегенмен, жалпы эпостың 60-тан астам нұсқасы бар екен. Бұл негізінен түркітілдес халықтардың басты кейіпкерге деген сүйіспеншілігінің айғағы болып табылады.
Жырдың дәстүрлі нұсқаларын кезінде Ш.Уәлиханов, П.Мелиоранский, Г.Потанин, В.Радлов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты ғалымдар мен жазушылар зерттеп, жоғары бағаласа, ал бүгінде батыр есімін ұлықтауда филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпос» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, монография жазып, кітаптарын шығарып, үзбей насихаттап келеді. Осы Жұманазар Асан бастаған топ өңірде ауқымды жұмыстарды атқарып келеді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақта қанатты сөз бар. Осы орайда Едіге батырдың рухын қайта жаңғырту мақсатында өңірде көптеген істер жүзеге асырылуда. Соның бірі Мәртөк ауданында көрнекті етіп белгітас орнатылса, Ақтөбеде Ер Едігеге ескерткіш қойылып, көше атауы берілді.
Сонымен бірге облыстық халық шығармашылығы орталығы «aqtobe_madeniet» және «aktobe_ocnt» инстаграм парақшалары арқылы жаңа форматтағы «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жырлары» айдарымен онлайн шарасы қолға алынды. Тікелей эфирде белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, филология ғылымдарының докторы, профессор, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Жұманазар Асанов, жыршы-термешілер Демеубай Жолымбетов, Өмірхан Жетесов және маңғыстаулық Манас Әділбаев, оралдық Фархат Оразов, қызылордалық Нұрайым Ерталапқызы қатысып, халқымыздың тарихи-қаһармандық эпостарына тоқталып, қара домбыраны қолға алып, арғы-бергі тарихтан сыр шертіп, жырларымен сөздің құнын түсінетін тікелей эфир көрермендерінің жанын жадыратып, көңілдерін көтеріп, жыр-термелерін төкті.
Жыр кештерінің толық нұсқасы YouTube желісіндегі «Aktobe_OCNT» каналында сақталған.
Жуырда жарыққа шығатын музыкалық дастан жыр қадірін білетін қалың көрермен үшін теңдесі жоқ дүние болмақ. Халықтың сүйіспеншілігіне айналған ұлттық өнеріміз жасай берсін. Қазақ бар жерде жыршылық өнер өлмейді, мәңгі жасай береді.
Гүлнара СЕЙТАЛИНА,
Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы