Өнер • 29 Мамыр, 2020

Жыр-дастандар – жаңа форматта

899 рет көрсетілді

Қазақ халқының басынан өткен әр алуан жайды аңғартатын үлкенді-кішілі тарихи-қаһармандық эпостар, жырлар өте көп. Халық оларды жадында сақтап, жаттап, ауыздан-ауызға жеткізіп отырған.

Бұл тарихи-қаһармандық жыр­лар­дың басты лейтмотиві – өз елін сыртқы және ішкі жаулардан, бас­қыншылардан қорғау, әділеттік іздеу, елдің бірлігі, бүтіндігі жо­лын­­дағы халқымыздың өмірі, тұ­рмыс-тіршілігі айқын суреттелген.

Халық арасында көп тараған «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді эпос­тық жырлармен бірге «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Сейпіл-Мәлік» махаббат дас­тандары да орын алған.

Бұл – тарихи-қаһармандық жыр­лары мағынасы мен көркем­дік-рухани қасиеттері жағынан әлемдік деңгейдегі белгілі көп­теген батыр­лық эпос-жыр, дастан­дардың қата­рынан орын алған шығармалар екендігі даусыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қа­нымызға сіңген көптеген дағ­­дылар мен таптаурын болған қасаң қағи­даларды өзгертпейінше, толық­қанды жаңғыруымыз мүм­кін емес. Төл тарихымызға, ба­ба­­­ларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагма­тизм­нің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деп атап өткен болатын.

Қазіргі таңда ұлтымыздың баға жетпес құндылығына ба­лан­ған төл өнеріміз – жырды көзі­міздің қара­шығындай сақ­тап, ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізу мақса­тында респуб­­лика көлемінде іс-ш­а­ралар көптеп өт­кізіліп келеді. Себебі музыкалық мұра­мыздың бірі – жыр, алтындай саф өнер. Ата-бабаларымыздың мил­­лион­­даған жолдардан тұратын жыр жау­­һарларының ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жетуінің өзі қазақ хал­қының тектілігі мен бек­зат­ты­ғы­ның көрінісі.

Осы орайда Ақтөбе облысында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала музы­касы мен фольклорының мың­жылдығы» жобасы негізінде қазақ халқының тарихы мен әдебиетінің мәдени мұраларын зерттеп, зерделеп, жинақтау мақсатында кешенді бағдарламалар қолға алынып, жүзе­ге асырылуда.

2019 жылдан бері облыс әкім­дігінің қолдауымен, облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасының бас­шы­­лығымен облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы «Еді­ге» тарихи-қаһармандық эпо­сы­­ның басты кейіпкері «Ер Еді­ге – Ноғайлы дәуірінің жырла­ры»­ атты музыкалық даста­нын елі­міз­дің әр өңірінен шық­қан жыр­шы-жыраулардың орындауында ды­быс­тық жазбаға (СD-диск) тү­сі­ріп, күйтабақшасын шығару жұмыс­тарын қолға алып, жүзеге асыруда.

Ақпараттық-технологиялар­дың­ шарықтаған кезінде қазақ­тың дәс­түр­лі музыкалық шығарма­ла­­рын жинақтап, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу үшін сандық жүйеге өткізу аса маңызды.

Өз кезегінде музыкалық дастан­ның басы-қасында Қазақстанның жетекші ғалымдары, Сыр сүлей­лерінің сарқыты, жыршы-тер­ме­ші, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Алмас Алматов жетек­шілік еткен белгілі өлкетану­шы­лар, этнографтар, музыка зерт­теу­ші­лері қатыстырылған бұл бас­­­тама бүгінде өзіндік маз­мұны жағынан еліміздің әр өңірі­нің жыр­шы-жырауларының орын­дауын­дағы атақты Мұрын жырау Сеңгірбайұлы жырлаған «Қы­рым­ның қырық батыры», ха­лық ақыны Нұрпейіс Байғанин жыр­лаған «Қарасай-Қази», Нұр­туған Кенжеғұлұлы жырлаған «Мәу­лімнияз», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қара­сай-Қази» секілді ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлем­ді дастандармен де ерекше байытылып отыр.

Дастан биыл 500 данамен жа­рыққа шығады. Музыкалық дас­тан екі бөліктен тұрады. Ұлттық нақыш­­тармен безендірілген бірін­ші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жет­кізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жыр­ла­ған жыршы-жыраулардың өмір­баяндары, қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде берілсе, келесі кітап­шаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

Түркітектес байырғы көшпен­ділер жасаған Қазақстанның мә­де­ни мұраларының бірі, қазақ хал­қының жыр­шылық өнері­не ар­налған бұл құн­ды дүние ата-баба­мыздың ру­хани құндылықтарын қайта жаң­ғыртып, жас ұрпақты халықтың тарихи-қаһармандық жырларымен сусындатып, қадір-қа­сиетін арт­тырып, көп жанрлы дәс­түрлі мол мұрамызбен тәр­биелеу­ге бағыт­талған.

Тарихқа үңілсек, Едіге батыр­дың өмірі мен ерлік жолдары қазақ­қа ғана емес, татар, ноғай, башқұрт, қырым татарлары, түрікмен тағы басқа исі түркі халықтарына ортақ мұра болып есептеледі.

Яғни Едіге – тарихта болған белгілі тұлға. Биыл Алтын Орда­ның 750 жылдығы болса, ал өз ке­зінде Алтын Орданы 17 жыл бойы билеген даңқты қолбасшы ер Еді­гені сол дәуірден бөліп-қарау мүм­кін емес.

«Едіге деген ер екен, елдің қа­мын жер екен.

Ел шетіне жау келсе, мен бара­йын­ дер екен», деген жыр жолдары бар­шамызға таныс. Дегенмен, жалпы эпостың 60-тан астам нұс­қасы бар екен. Бұл негізінен түр­кітілдес халықтардың басты кейіп­керге деген сүйіспеншілігінің ай­ғағы болып табылады.

Жырдың дәстүрлі нұсқаларын кезінде Ш.Уәлиханов, П.Мелио­ранский, Г.Потанин, В.Радлов, С.Сейфуллин, М.Әуе­зов, С.Мұқа­нов сияқты ғалымдар мен жазушы­лар зерттеп, жоғары бағаласа, ал бүгінде батыр есі­мін ұлықтауда филология ғылымда­рының докторы, профессор Жұма­назар Асан «Едіге» жыры – тарихи-қаһар­мандық эпос» тақырыбында док­тор­лық диссертациясын қорғап, мо­­но­графия жазып, кітаптарын шы­­ға­рып, үзбей насихаттап келеді. Осы Жұманазар Асан бастаған топ өңірде ауқымды жұмыстарды атқарып келеді.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақта қанатты сөз бар. Осы орайда Едіге батырдың рухын қайта жаңғырту мақсатында өңірде көптеген істер жүзеге асырылуда. Соның бірі Мәртөк ауданында көрнекті етіп белгітас ор­натылса, Ақтөбеде Ер Едігеге ескер­ткіш қойы­лып, көше атауы берілді.

Сонымен бірге облыстық ха­лық шы­ғармашылығы орталығы «aqtobe_madeniet» және «aktobe_ocnt» инстаграм парақшалары ар­қылы жаңа форматтағы «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жырлары» айдарымен онлайн шарасы қолға алынды. Тікелей эфир­де бел­гілі өлкетанушы Бек­арыстан Мыр­забай, филология ғылым­дарының докторы, профессор, педагогикалық ғылымдар ака­де­­мия­сының академигі, Бі­лім беру ісінің құрметті қыз­мет­кері, «Үздік өлкетанушы» төс­­бел­гісінің иегері Жұманазар Аса­нов, жыршы-термешілер Демеу­­бай Жолымбетов, Өмірхан Же­тесов және маңғыстаулық Ма­нас Әділбаев, оралдық Фар­хат Ора­зов, қызылордалық Нұр­айым Ер­талапқызы қатысып, халқы­мыз­дың тарихи-қаһармандық эпостарына тоқталып, қара домбыраны қолға алып, арғы-бергі тарихтан сыр шертіп, жырларымен сөздің құнын түсінетін тікелей эфир көрер­мендерінің жанын жадыра­тып, көңілдерін көтеріп, жыр-тер­мелерін төкті.

Жыр кештерінің толық нұсқасы YouTube желісіндегі «Aktobe_OCNT» каналында сақталған.

Жуырда жарыққа шығатын музы­калық дастан жыр қадірін білетін қалың көрермен үшін тең­десі жоқ дүние болмақ. Халық­тың сүйіспеншілігіне айналған ұлттық өнеріміз жасай берсін. Қазақ бар жерде жыршылық өнер өлмейді, мәңгі жасай береді.

 

Гүлнара СЕЙТАЛИНА,

Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы

 

Соңғы жаңалықтар

Теңге қымбаттайды

Қаржы • Кеше

Италияда тоғыз жүлде алдық

Спорт • 07 Наурыз, 2021

«Барыс» ұтылып қалды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Елдос Сметов күміс алды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Ұқсас жаңалықтар