Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Оқушылардың жазғы демалысы қауіпсіз болуы керек

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығы жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі туралы брифинг өткізді.

Оқушылардың жазғы демалысы қауіпсіз болуы керек

Ақ Жайық өңірінде 100 мыңнан астам оқушы жазғы каникулға шықты. Оқу жылының соңғы тоқсанын карантин жағдайында өткізген балалар жаз қызығын, демалысты сағынғаны анық.

- Жазғы уақыт табиғат аясында көп қыдырып, суға түсуімен қызықты. Дегенмен қауіпті де ұмытуға болмайды. Әсіресе балалар лагерьлерінде және ауылда балалар демалысын дұрыс ұйымдастыруға жете көңіл бөлуіміз керек. Биыл облыс аумағында мекетп оқушылары демалып, сауығуы үшін 20 ұйымды ашу жоспарланған. Олардың біразы ашық су қоймаларының жағасында орналасқан. Сондықтан, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мүдделі органдармен қатар біздің төтенше жағдай қызметі үшін де басты міндет, - дейді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашев.

Жазғы демалыс уақытында департамент мамандары «Қауіпсіздік мектебі», «Жас құтқарушы», «Жас өрт сөндіруші», «Жас жүзуші», «Жүзуді үйрен» секілді тақырыптық іс-шаралар өткізуді жоспарлапты.

Облыста ашылмақ 20 жазғы демалыс лагерінің алтауы - су қоймаларына жақын орналасқан. 12 лагердің аумағында модульдік-қаңқалы бассейндер орнатылған. Шомылу кезіндегі балалардың қауіпсіздігін арнайы нұсқаушы-тәлімгерлер қамтамасыз етеді. Бұл тәлімгерлер департаменттің Жедел-құтқару жасағы базасында бастапқы дайындық курстарынан өтуі тиіс. Ал лагерлерді ашар алдында департаменттің Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері балалар жарақат алып қалмауы үшін су қоймаларының түбін тексеріп шығады.

Дәл қазір өңірлік Төтенше жағдай департаментінде оқыс оқиғаның алдын алу үшін 72 құтқарушы жұмыс істейді. Департамент бастығының айтуына қарағанда 21 жүзу құралы, 1 катер дайындалып, іздестіру-құтқару жұмыстары мен рейдтік іс-шараларды жүргізу үшін 15 автокөлік сатып алынған.

Жиын соңында Төтенше жағдай департаменті, өңірлік білім беру, денсаулық сақтау, ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт басқармалары басшылары Ұжымдық қауіпсіздік дағдыларын дамыту мәселелері бойынша меморандумға қол қойды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына ормандардың өртке қарсы жай-күйіне және балалар лагерьлерімен және басқа да жазғы демалыс мекемелерімен шектесетін орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды. Сондай-ақ балалардың аттракциондарда жарақаттану оқиғаларының алдын алу мәселесі талқыланды.

 

Батыс Қазақстан