Қоғам • 29 Мамыр, 2020

Бас келісім жобасы: кәсіподақтар алғаш рет күш біріктіруде

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылдың наурыз айында Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімнің жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Қоғамдық сараптама жүргізу үшін жоба барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен жергілікті кәсіподақтарға жіберілді.

Бас келісім жобасы: кәсіподақтар алғаш рет күш біріктіруде

Кәсіподақтар федерациясы барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктеріне жұмысшылардың еңбек және экономикалық құқықтарын, еңбекақы төлеу деңгейіндегі кепілдіктерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұстанымдарды қолдауда біріңғай тәсілдерді бірлесе әзірлеу туралы бастама көтерді.

Орталық кеңседе 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі, республикалық жұмысшылар бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы Бас келісімнің жобасын дайындау бойынша республикалық кәсіподақ бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру туралы бірлескен шешімге қол қойылды. Құжатқа Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» кәсіподақтар республикалық қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь және Қазақстанның еңбек конфедерациясы бас хатшысының орынбасары Бақыт Капаров қол қойды.

Кездесуді ашқан С. Дәулеталин Қазақстанның барлық кәсіподақтарының республикалық бірлестіктерінің алдында ортақ міндет тұр. Ол жұмысшылардың құқықтарын қорғау және олардың мүдделерін әлеуметтік әріптестіктің  барлық деңгейлерінде алға жылжыту деп атап өтті.

«Биылғы  жылдың дағдарыс жағдайында әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлі объективті өсуде, оның аясында дағдарыстың себептері мен ауқымы талданып, жаңа жұмыс орындарын сақтау және құру, әлеуметтік және еңбек саласындағы кепілдемелер беру, экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және тұрақты экономикалық өсу траекториясына  қайтару бойынша ұсыныстар әзірленуі керек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісім - әлеуметтік әріптестіктің барлық жүйесінің шыңы және республикалық деңгейдегі негіз салушы құжат болып табылады», - деді Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, бас келісім нормаларының  ресмилігі мен көмескілігі, түрлі деңгейдегі келісімдер мен ұжымдық шарттар арасында өзара байланыстың болмауы әлі де бар.

«Біз бұл жағдайды өзгертуіміз қажет! Экономикалық өсу кезінде көзге айқын көрінбеген жайт экономиканың төмендеуі, жұмысшылар табысының азаюы кезінде мүлдем болмауы тиіс», - деп атап көрсетті КРКФ төрағасы.

«Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» кәсіподақтар республикалық қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь Бас келісім жобасын әзірлеу үшін бірыңғай жұмыс тобын құруды тарихи оқиға деп атады.

«Республикалық кәсіподақ бірлестіктері тұңғыш рет жұмысшылардың мүдделерін сенімді түрде қорғауға шешім  қабылдады. Бұл Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы тарихындағы тарихи оқиға », - деді Андрей Пригорь.

Қазақстандық еңбек конфедерациясы да  Бас Келісімнің жобасымен жұмыс істеуге күш біріктіруді қолдайды. Бұл туралы Қазақстан еңбек конфедерациясы бас хатшысының орынбасары Бақыт Қапаров мәлімдеді.

«Бізде ортақ мақсаттар бар және олар бізді біріктіруі керек. Қазақстандық еңбек конфедерациясы Бас келісімде көрініс табатын жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен әрекеттерді толық қолдайды », - деді өз сөзінде Бақыт Капаров.

Тараптар жұмыс тобының құрамын бекітті, оның құрамына әр республикалық кәсіподақтар бірлестігінен үш өкілден кірді. Қазақстан еңбек конфедерациясының Бас хатшысының экономика жөніндегі кеңесшісі Мейрам Қажыкен жұмыс тобы мүшелерінің кәсібилігін атап өтті.

«Мен қозғалыстың біртұтас майдан ретінде басталуын қолдаймын. Кәсіподақтар өзінің берік ұстанымын білдіруі тиіс. Жұмыс тобына өзімізге таныс, өз ісінің шеберлерінің басы біріктірілді. Барлығы ешбір қайшылықсыз өтеді», - деді Мейрам Қажыкен.

Кездесуді қорытындылай келе, КРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңа Бас Келісімді жасау бұрын-соңды болмаған қиын экономикалық жағдайда жүріп жатқанын  атап өтті. Сондықтан әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптары үшін жобаға «нақты» нормаларды енгізу өте маңызды.

«Жаңа Бас келісім барлық тараптардың: жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың және Үкіметтің  мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін тірек  және сенімді әлеуметтік серіктестіктің үлгісі болады деп үміттенемін», - деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған қолданыстағы Бас келісімнің мерзімі  аяқталады, сондықтан Кәсіподақтар федерациясы наурыз айынан бастап жаңа Бас келісімнің жобасы аясында тиісті жұмыстарды бастап кетті.

Қазақстанда әлеуметтік-еңбек қатынастары заңнамалық нормалардан басқа, Бас келісімнің нормалары мен ережелерімен, 22 салалық және 16 аймақтық келісімдермен, 125 мыңнан астам ұжымдық шарттармен реттеледі. Ұжымдық шарттар ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында жасалды.