Қоғам • 29 Мамыр, 2020

Елімізде Орталық Азиядағы ең үлкен қонақжай кешені ашылады

113 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков туризм саласын мемлекеттік қолдау және Қазақстанда ішкі туризмді дамыту шаралары туралы айтты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде Орталық Азиядағы ең үлкен қонақжай кешені ашылады

Жиында комитет басшысы өткен жылы 31 мамырда қабылданған «2019-2025 жылдары туризмді дамытуға арналған» мемлекеттік бағдарламаның нәтижелерімен бөлісті.

«Елімізде 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы өткен жылы жоғары деңгейде өтті. Аталған бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – туристік аймақтарды инженерлік, коммуникациялық және транспорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Осы ретте облыс әкімдіктерімен бірлесіп, республикалық бюджеттен 44 жобаға 51,5 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін Бурабайдан басқа ешбір туристік аймаққа осыншама қаржы бөлінбеген.  Инфрақұрылым жүйесін жолға қою арқылы елімізге алыс-жақын шет мемлекеттерден инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Осы орайда Маңғыстау облысын мысалға алуға болады. 2019 жылы мемлекет есебінен көлік жолы және сумен қамтамасыз ету ретке келтірілді. Ақтау қаласындағы Каспий теңізі аймағында 17,8 млрд теңгеге газ құбыры мен жарық жүргізілді. Енді биыл жыл ортасында Орталық Азияда ең үлкен қонақжай кешенін ашамыз. 500 орынға арналған ауқымды кешеннің жалпы құны – 60 млрд теңге», - деді Дастан Рыспеков.