Руханият • 29 Мамыр, 2020

Қобда беті қазақтары: 90 жыл бұрынғы фотосурет

5981 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мына фотосурет осыдан дәл 90 жыл бұрын Моңғол елінің батыс шебі қазақтар шоғыр қоныстанған Қызылқайың (Ұлан-құс) өлкесінде түсірілген екен. Авторы беймәлім. Суретте бес әйел тұр. Жәдігердің  артқы фонына «На память Ташинке Касымовой от Ширетовой» деген жазу оймышталып, «1930 жылы 24 желтоқсан» күні сыйға берілгені таңбаланыпты.  

Қобда беті қазақтары: 90 жыл бұрынғы фотосурет

123

Жоғарыдағы жазуды тәпсірлесек: естелік фотоны қабылдаушы Ширетова дегеніміз – 1930 жылдары Кеңестік большевиктердің жолдамасымен Моңғол елінің қауіпсіздігі үшін қызмет атқаруға Қобда аймағына келген түбі керекулік чекист Кенжебек Қошановтың әйелі. Ширетованың ұлты – алтай.

Бұл фото қалай табылды? Бұны кездейсоқ тапқан адам – түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Қаржекеңді тыңдайық: «1992 жылдың көктемі. Қазақстаннан шығып, Барнаул арқылы Горно-Алтай қаласына келдім. Күн кешкірді. «Алтай» қонақ үйіне келсем, орын жоқ. Қайтерімді білмей, кезекші кемпірдің қасында омалып отыр едім, ол кісі: «Осы көшемен екі квартал жүрсең, көлденең орналасқан бес қабат сұрғылт тұрғын үй тұр. Соның бірінші подъезі 4-қабатында Ширетова деген сарыкідір әйел тұрады. Сол кісі бөлмесін арендаға береді. Бағасы да қымбат емес. Соған барып түнеңіз» деді. Жап-жақын жер екен, жүгіріп жетіп бардым. Кіреберісте екі әйел әңгімелесіп отыр. Олардан «Ширетова осында тұра ма?» деп сұрап едім олардың бірі: «Оны қайтесіз?»  деді. «Жолаушымын қонып шықпақшы едім» дедім.

– Ширетова менмін, - деді жасы жетпісті еңсерген қартаң әйел. Келістік. Жайғасып болған соң әңгімелеспеймін бе, өйткені бұл кісі қазақша жақсы біледі екен. Жас кезінде қазақтар шоғыр қоныстанған Қосағаш ауданында қызмет атқарыпты. Менің монғол қазағы екенімді білген соң: «Сен Кенжебек дегенді естідің бе?» дегені. Анам марқұм «Кенжебек айдаған жыл» дейтін зобалаңды үнемі айтып отыратын, сол есіме түсіп: «Иә, естуім бар» дедім. Содан Ширетова әңгіменің тиегін ағытты: – Ол кісі менің туған жездем болады, – деді.  – Апайыма үйленген. Ол кісі қайтыс болды. Нина деген жалғыз қызы бар еді, ол осында тұрып жатыр. Жездемді 1934 жылы Моңғолияда тап жаулары өлтіріп кеткен. Сүйегі Қобда қаласының шетінде жерленіпті 1960-жылы апайым екеуміз барып көрдік» депті.

Қаржекең аң-таң. Қобда беті қазақтары үшін аты өшпестей тарихта қалған Кенжебек Рүстембекович Кошановтың  балдызымен жолығам деген ой түсіне де кірмеген шығар. Сонымен таңертең тұрып, шай ішіп аттанарға таяғанда үй иесі Қаржекеңе мына фотоны ұстатпай ма: «Бұндағы адамдардың бәрі монғолиялық әйелдер. Апамнан қалған көз еді. Енді бұның маған қажеті болмас, еліңе апар» деп аманаттайды.

Ақыры бұл фотоны Қаржаубай ағам: «Сен Қобда беті қазақтарының тарихымен айналысып жүрсің ғой, мә мынаны ал» деп біздің қолға ұстатты. Сол сәттен бастап: «Мұндағы әйел адамдар кім?» деген сұрақ төңірегінде іздеу салып көрдік. Бай-Өлкелік ағайындар фотоны ары-бері айналдырып қарағанымен тап басып тани алмады.

Сөйтіп жүргенде 1930-шы жылдары Моңғолия қазақтарына жаңа мизам саясатын насихаттауға барған КИМ өкілі өскемендік қазақ Шәріп Өтеповтың күнделігін көріп қалдық. Осындағы жазбада 1930 жылы Қызылқайыңда Мәскеудің арнайы тапсырмасымен келген коминтерн өкілі Абай Қасымов және өзі Шәріп Өтепов, моңғолиялық алғашқы коммунист Түркістан Байжүнісұлы үшеуі фотоға түскені жайлы айтыпты. Демек мына фотода сол кезде түсірілді деген сөз.

Суреттегі адамдарға келетін болсақ, ортада тұрған Ташинке Мірқасымқызы-Абаевна. Яғни, Қобда беті қазақтарына коммунизм идеясын тарату үшін арнайы келген коминтерн өкілі А.Қасымовтың жұбайы. Қалғандары алғаш Қобда бетінде алғаш рет Ақбалшық деген жерде құрылған Қызыл отау мүшелері: (оң жақтан) Күміс Белдемшеқызы, Әлипа Сүгірқызы, Тұқи Нұрмыхатқызы, Күлән Серікбайқызы. Бұған ешқандай күмән жоқ. Өйткені, осы бес әйел бірігіп фотоға түскені жайлы Ш.Өтеповтың күнделігінде анық айтылған.  

Бүгінде бұлардың бәрі өмірде жоқ. Ташинке Абаевна 1948 жылы Семей облысы Бесқарағай ауылында қайтыс болса, қалған апалармыз өз кезегімен бақидың бесігінде тербеліп жатыр.

Бұл фото Горно-Алтайға қалай барып жүр дегенге тоқталсақ: оған жоғарыдағы «На память Ташинке Касымовой от Ширетовой» деген жазуды дәлелге тарта отырып, айтапғымыз: аталмыш жәдігерді Абай Қасымовтың жұбайы Ташинке құрбысы Ширетоваға естелік ретінде берген. Ширетова күйеуі Кенжекбек Қобда бетінде өлген соң Горно-Алтай қаласына барып, төркін жұртын паналап осы қалада тұрақтап қалған.

Ал қалған апаларды бір-бірлеп таныстырсақ: оң жақта шетте тұрған Күміс Белдемшеқызы. Ақбалшықтан алғаш шыққан жаңа заман жаршыларының бірі. Тұлба сұмын бастығы тұрып ату жазасына бұйырылған Түркістан Байжүнісұлының жұбайы. Бұл әйел Абай мен Ташинке Қобда бетіне келгенде баласы шетінеген соң, туған қызы Оңалханды оларға бала қылып берген адам. Бұл оқиға туралы «Егемен Қазақстан» газетінің өткен 16 сәуір күнгі санында жарияланған «Қырық жылдан кейін табылған қыз» атты жазбада толық баяндалған.

Оң жақтан екінші әйел – Әлипа Сүгірқызы.  Бұл апамыз 1983 жылы Бай-Өлке аймағының Ногоннор ауылында қайтыс болыпты.

Үшінші адам – Тұқи Нұрмыхатқызы алғашқы Қызыл отаудың меңгерушісі болған тарихи тұлға, сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш генерал Жайсаныптың анасы есебіндегі адам.

Төртінші әйелі – Күлән Серікбайқызы. Қобда бетінде алғаш құрылған партия ұясының бастығы болған Оспан Кітапбайұлының зайыбы. Күйеуі Оспан 1938 жылы ұсталып, атылған.

Егер де, таратып-тарқатып айтар болсақ, бұл әйелдердің тағдыры өз алдына үлкен тарих.