Бұл жолы полицейлер Рудный қаласындағы облыстық балалар үйіне барды. Мұнда 228 бала тәрбиеленуде, оның тоғызы мектепке дейінгі жаста.
Облыстық ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев балаларға спорттық бұйымдар табыс етті. - Карантин жағдайына қарамастан, балаларды қорғау күні қарсаңында «Динамо» қоғамымен бірлесе отырып, балғындарға қажетті спорттық құрал-жабдықтар тарту етуді жөн санадық. Біз бұл мекеме тәрбиеленушілерінің көптеген спорттық жетістіктері бар екенін жақсы білеміз, - деді А. Ынтықбаев.
Осы орайда, балалар үйі футбол командасының өткен жылғы Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, осындағы Ольга Ким есімді қызбаланың үстел теннисінен республикалық турнир жеңімпазы болғанын айтпай кетпеуге болмайды.
Рудный балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елена Спасюк полицейлерге көңіл бөліп, көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
- Біз полиция қызметкерлеріне өте ризамыз. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында да тәртіп сақшылары түрлі сыйлықтар тарту етіп, балаларды қуантып кетіп еді. Біздің түлектердің арасында полицияда қызмет ететіндер бар. Әрине, оларды үнемі мақтан тұтамыз. Биыл бір түлек ҚР ІІМ академиясына түсуге дайындалуда,- деді Е. Спасюк.
Сыйлықтар табыс етілген соң балалар полицейлерге алғыс айтып, бейнежазба жолдады. Өткен жылы да полицейлер Балаларды қорғау күні қарсаңында балғындарға қонаққа келіп, мерекелік концерт ұйымдастырған болатын.
Қостанай облысы