Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Карантиндік шектеулерді сақтамайтындар көп

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда бір күннің ішінде карантиндік шаралардың 19 бұзушылығы анықталды. Ол кәсіпкерлердің карантиндік шектеулерді сақтауын полицейлердің тексеру рейдінің барысында белгілі болды.

Карантиндік шектеулерді сақтамайтындар көп

Рейдтер Петропавл қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарымен бірге жүргізіледі. Басты назарға жолаушылар көлігі, сауда орындары алынған еді. Жүргізілген 46 тексерістің жартысында түрлі бұзушылықтар анықталды.

Ең жиі кездесетіні – бетперде кимей жүру болды. Мәселен, жеті автобус жүргізушісі бетперде тағу режімін бұзған. Тағы бір жүргізушіде жолаушылардан жол ақысын алған кезде аса қажет қолғап пен санитайзер болмай шықты. Сондай-ақ, тексерушілер үй астындағы дүкендердің кіреберісінде зарарсыздандырылмай, құрғап жатқан кілемшелерді анықтады. Көп жағдайда сатушылардың бетпердені тиісті талаппен тақпайтыны немесе бетпердесіз жүретіні белгілі болды. Дүкендердің бірінде кезек күтіп тұрған адамдар жиналып қалған, бұл ретте дүкеннің ішінде кемінде екі адам болуы тиіс, қалғандары әлеуметтік арақашықты сақтап, сыртта тұруы керек еді. «Төтенше жағдай режімі тоқтатылғанына қарамастан, облыста карантиндік шектеулер күшін жойған жоқ», - дейді ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.

Оның айтуынша, облыстың географиялық орналасуын ескере отырып, жұқтырудың жаңа ошақтары әлі де болуы мүмкін. Өңірдің қауіпсіздігі бірінші кезекте, тұрғындардың шектеулерге қаншалықты жауапкершілікпен қарауына байланысты. Бірлескен рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Оның мақсаты – карантин жағдайындағы жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Рейд барысында жиналған материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы бойынша шара қолдану үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне тапсырылды.

 

ПЕТРОПАВЛ