Отбасындағы кикілжіңді сотсыз қалай шешуге болады? Елордада Senim татуласу орталығы (медиация орталығы) өз жұмысын жүргізуде. Мұнда қиын өмірлік жағдайда жүрген адамдар жүгіне алады.
«Отбасылық қарым-қатынастағы проблемаларға тап болған және психологиялық немесе заң көмегіне мұқтаж адамдар бізге келіп, кеңес ала алады. Біз мәселені сотқа дейінгі әдістермен шешеміз», – дейді «Медиация орталығы» жобасының кураторы Әсем Әлтаева.
Орталық 2019 жылы құрылған. Жоба аясында қоғамдық қабылдау жұмыс істейді, мұнда білікті психологтар мен заңгерлер тегін қызмет көрсетеді, сенім телефоны бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету және оның одан әрі көріністерінің алдын алу бойынша өзара іс-қимыл тетігін талқылау үшін барлық мүдделі құрылымдарды – мемлекеттік ұйымдарды, құқық қорғау органдарын, ҮЕҰ, БАҚ-ты шақыра отырып, түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Сонымен қатар отбасы мен азаматтар арасындағы жанжалдарды тиімді шешуге арналған оқыту қызметтері тегін көрсетіледі. Senim орталығы құқық қорғау органдарымен, соттармен және АХАЖ-мен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасайды. Карантин кезінде Senim заңгерлік көмек онлайн-қызметіне және call-орталыққа 380 адам жүгінген, оның 270-і құқықтық, 110-ы жалпы мәселелер бойынша. Орталықтың жұмысы жаңартылғаннан кейін 230-ға жуық өтініш келіп түсті.
«Өтініштер әртүрлі, еңбек дауларынан бастап, отбасылық жұптар арасындағы даулы жағдайларға дейін», – деп түсіндірді Ә.Әлтаева.
2019 жылдың қорытындысы бойынша жобамен 3 мың адам қамтылды, 10 отбасы татуласты. Татуласу орталығының кеңес беру қызметін жүзден астам адам алды.
«Кейде адамдар бір-бірін көргісі келмейді. Ал білікті медиатордың арқасында тараптар татуласып, мүліктерді сотсыз бөлуге көмектеседі», – дейді орталықтың келушісі Ольга Пескова.
2020 жылы Senim татуластыру орталығы өз қызметін Бейбітшілік көшесі, 14 мекен-жайындағы «Жанұя» отбасы институтын дамыту орталығында жалғастыруда. Байланыс: +7 7172 64 34 78, +7702 172 61 39, +7 771 996 09 27. Instagram: @center_senim.