Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Батыс Қазақстан облысы: Бір тәулікте 51 адам ауырды

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 51 адам тіркелді. Тасқала ауданында карантин режімі жарияланды.

Батыс Қазақстан облысы: Бір тәулікте 51 адам ауырды

Коронавирус инфекциясы анықталған 2 адам – Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Шымкент қаласының тұрғындары екен. Олар Ресей Федерациясымен шекарадағы «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен жедел жәрдем көлігімен карантиндік стационарға жеткізілген болатын.

Тағы 10 адам бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған екен. 12 адам профилактикалық мақсатта сынама алған кезде анықталған. Бұған қоса Атырау облысының Теңіз кен орнында жұмыс істейтін Батыс Қазақстан облысының тұрғындары арасынан 27 адам вирус жұқтырған болып шықты.

«Бұл науқастардың бәрі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

Індет таралғалы бері облыста коронавирусты 544 адам жұқтырған екен. Олардың 269-ы жазылып, үйіне жіберілген. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 275 адам емделуде. Сондай-ақ провизорлық стационарда – 20, карантиндік стационарда – 511, үй оқшаулауында - 1276 адам дәрігер бақылауында тұр.

Соңғы күндері ауру саны өсе түскен Тасқала ауданында 28 мамырдан бастап Батыс Қазақстан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен карантин режімі жарияланды. Яғни ауданда 19 тұрғын вирус жұқтырған. Сонымен бірге Ресей Федерациясы шекарасында тұрғандықтан, осы аудан аумағынан шетелде және еліміздің басқа аймағында тұратын 28 адамнан да COVID-19 диагнозы анықталған.

 

Батыс Қазақстан