Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Алматыда «Бақыт Соқпақтары» жобасының тұсауы кесілді

485 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда экологиялық туризм мен спортты дамыту аясында Іле Алатауы тауларына 71 шақырымдық   соқпақ  жол  жайғасады. Сонымен қатар,  тағы  9 шақырымдық спорттық жолдар абаттандырылады. Бұл туралы бүгін Интерфакс-Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн-конференцияда хабарланды.

Алматыда «Бақыт Соқпақтары» жобасының тұсауы кесілді

Бүгін Алматы қаласында BI Group-тың «Бақыт Соқпақтары» жаңа жобасының тұсаукесері өтті. Идеяның бастамашысы – «BI Group» холдингі. Компания өкілдері өздерінің бұл жобасын  Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа  2019 жылдың күзінде ұсынған еді, тың бастама әкімдік  тарапынан    қолдау тапты.

Жобаның бірінші кезеңінде 71 шақырымға жуық   тоғыз тау жолын (Тұйықсу, Кімасар, Горельника, Жапон жолы және т. б. ) абаттандыру жоспарлануда. Күркелер қойылады, қауіпті жерлерде – металл көпіршелер мен жолдар жасалады,сондай-ақ бивуактарға арналған орындар жайластырылады. Қажет жерлерде маршруттардың көрсеткіштері мен ақпараттық қалқандар орнатылады. Жоба аясында қала тұрғындары үшін жаяу жорықтар, спорттық іс-шаралар, білім беру экскурсиялары ұйымдастырылады. Алматының өзінде Есентай және Кіші Алматы (Терренкур) өзендерінің бойындағы спорттық жолдарда спорт қалашықтары жөнделеді, аумақ абаттандырылады.

BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев жобаның таныстырылымында  былай деді: 

– Осыдан бес жыл бұрын компанияның 20 жылдығына орай біз Қазақстанның елордасында «Триатлон-парк» салып, оған 2 миллион доллар жұмсадық. Біз бұл жобаның  астаналықтарға ұнағанын көріп отырмыз, олар жылдың кез келген мезгілінде спортпен шұғылданады, онда бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылады. Енді міне, компаниямыздың 25 жылдығы қарсаңында біз еліміздің ең  ару қаласына, сүйікті Алматымызға  да осындай жобаны сыйға тартқанымыз жөн деп  шештік. Біз жобаны кезеңдерге бөле отырып, оған шамамен 1 миллион доллар жұмсауды көздеп отырмыз: жұмыстардың бір бөлігі биыл,  бір бөлігі – алдағы  жылдарда  орындалатын болады.

Айдын Рахымбаевтың айтуынша, шетелдік тәжірибе көрсеткендей,  экотуризм қоршаған ортаға зиян келтірмейді, индустриялық инфрақұрылымды қажет етпейді, қайта  жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, өңірлік экономикаға жақсы табыс әкеледі. Ұйымдастырушылар «Бақыт Соқпақтарын» экологиялық туризмді дамытуға және спорттық өмір салтын насихаттауға стратегиялық инвестиция ретінде қарастырып отыр. Жоба қалалық спорт белсенділерінің қатысуымен, жұмыс тобы аясында пысықталуда.

 – BI Group ұсынған жоба қаланы дамытудың жалпы тұжырымдамасына өте  сай келеді. Біздің таулар – бүкіл Қазақстанның қазынасы. Туристерге қажетті инфрақұрылымды абаттандырып  қана қоймай,  олардың өзіне ғана  тән сұлулығын сақтап қалу  да өте маңызды. Біз  «Бақыт Соқпақтары» осы мақсаттарға жету жолындағы  маңызды қадам болатынына сенімдіміз, деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.

– Әлемдік туристік картада Алматының орны анық  айқындалып, айшықталып келеді.  Бүгінгі  кезең – туристік индустрияда  жаһандық өзгерістер кезеңі. Пост-вирустық кезеңде жаңа бағыттар, жаңа өнімдер сұранысқа ие болады. Сарапшылар спорттық және салауатты өмір салтына байланысты шытырман оқиғалы туризмге сұраныс артады деп болжап отыр. Осыған байланысты көптеген жылдар бойы спортшылар арасында танымал болып келе жатқан біздің тауларымыз орасан зор әлеуетке ие, – деді  Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасының басшысы Сәбина Аманкелді.

«Соңғы жылдары біз алматылықтар арасында  тау спортына деген қызығушылықтың  күрт артқанын  байқап отырмыз. Тауда шетелдік туристерді де жиі кездестіруге болады. Біздің тауларымыз  спортты дамытудың халықаралық орталықтарының бірі болуға әбден  лайық», – дейді альпинизм бойынша спорт шебері Андрей Пучинин. Оның бұл тұжырымымен  Қазақстанның елордасында триатлоннан марафон мен жарыстар өткізудің  белсенді де дара  ұйымдастырушысы Алексей Сидоренко да келіседі.

А.Сидоренко: «қазақстандық BI Marathon және BI Ironman халықаралық танымалдылыққа ие. Алматы жобасы шаһар экономикасының дамуына  жаңа серпін береді, қала тұрғындарының  спорттық өмір салтына ұйысуын күшейте түседі», – деген сенімде.

 

 

АЛМАТЫ