Аймақтар • 30 Мамыр, 2020

Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты мәселе

831 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде "Балалардың жазғы демалыс кезеңінде жазатайым оқиғалардың алдын алу" тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты мәселе

Жиын барысында өңірдің білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, жергілікті полиция қызметінің, ювеналды полиция мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, биыл жазда 105 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы мен бос уақытын лайықты өткізу жоспарланған.

Облыста әртүрлі бағыттағы 750 балалар лагері ашылады. Департамент бастығының орынбасары Самат Асайынов жазғы демалыс кезінде балалардың қаза болуы мен жарақаттану фактілеріне жол бермеу қажеттігін алға тартып, балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының балаларын  адамгершілік-рухани, патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында ұл балаларға арналған "Жігер" жобасы және қыз балаларға арналған "Балауса" жобасы іске асырылады.

Сонымен қатар, балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті. Өткен жылы  облыстың су айдындарында 10 бала суға батқан еді.

Самат Асайынов балалар лагерлерінің қызметкерлері мен педагогикалық ұжымының қауіпсіздік техникасын білуі бойынша жұмыс  жүргізіп, лагерьлердегі бастапқы өрт сөндіру құралдарының техникалық әзірлігін тексеру қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, депаратмент қызметкерлері мамыр айында өңірдің суқоймаларында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша 249 рейд жүргізді. Рейдтер барысында Департаменттің қызметкерлері 1570 адамға жадынама таратты, олардың ішінде 377 бала бар.

 

Павлодар облысы