Аймақтар • 31 Мамыр, 2020

Алматыда блок-бекеттер алынғанымен, санқауіпсіздік ережесі сақталады

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында 1 маусымға қараған түні қала периметрі бойынша орналасқан кедергілердің алынатынын хабарлады. Сондай-ақ ол блок-бекеттерде жұмыс істеген барлық қызметкерлерге алғысын білдірді.

Алматыда блок-бекеттер алынғанымен, санқауіпсіздік ережесі сақталады

«1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттерді аламыз. ТЖ режимі кезінде бұл бекеттер қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл – коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажет болды. Барлық полиция, санитарлық қызмет, фито- және ветбақылау қызметкерлеріне, аудандық әкімдіктер мен Ұлттық гвардия, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін», – деген Б. Сағынтаев осы 2,5 айдың ішінде олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап, тәулік бойы қызмет көрсеткенін мәлімдеді.

Қала әкімі шектеулерді алуға елде, соның ішінде Алматы бойынша жағдайды тұрақтандырудың арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өтті.

Б. Сағынтаев барлық кәсіпорындар мен ұйымдар санитарлық қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары негізінде жұмыс істейтінін еске салды. Үйлерді, аула алаңдары мен көшелерді дезинфекциялау жүргізіле береді.

«Белгіленген тәртіпке бағынып, сангигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!», – деп қорытындылады сөзін шаһар басшысы.