Руханият • 31 Мамыр, 2020

Елордалық әртістер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай,  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының
басшылығы мен әртістері Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында
орналасқан «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым»
монументіне гүл шоқтарын қойды. 

Елордалық әртістер  саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Жазықсыз құрбан болғандарға құрмет көрсету үшін Қуат Ежембек Естеу Нүсіпбековтің «Қуғын-сүргін құрбандарының кесенесінде» өлеңін оқыды. Зобалаң уақыт құрбандарын еске алу барысында елордалық филармонияның бас директоры Ерлан Дакенов саяси қуғын-сүргін жылдарының тарихтың қайғылы беттері болғанын атап өтті.

«Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні − ел тарихындағы ерекше күн. Біз қатігез тоталитарлық жүйеден зардап шеккен адамдарды, ұлттық интеллигенцияның өкілдері - жазықсыз қаза тапқан Әлихан Бөкейханов, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және т.б. құрбандарды мәңгі есте сақтауымыз керек», - деді ол.

Ерлан Дакенов біздің халқымыздың басына түскен барлық қиындықтарға қарамастан, қазақстандықтардың қонақжай екенін атап өтті.

«Біздің жеріміз, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халықтар үшін құтты мекенге айналды. Біз тарихымыздың қайғылы беттерін еске түсіре отырып, тәуелсіз Қазақстанның болашағын жасай аламыз. Мәңгілік тыныштық болсын!», - деп толықтырды.