Сенат Төрағасы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – халқымыз басынан өткерген қасіретті жылдар жаңғырығы екенін жазады. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басындағы тоталитарлық жүйенің салдарынан дәстүрлі тұрмысымыз күшпен өзгертілген. «Ел ашаршылыққа тап болып, екі миллионға жуық адам көз жұмды. Жүздеген мың қандасымыз туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды.
Саяси қуғын-сүргін жылдары да қазаққа оңай тиген жоқ. Ұлттың көшін бастаған зиялы тұлғаларымыз тар қапастарға қамалды және ату жазасына кесілді. Олардың жақындары да қудалаудан құтыла алмады.
Біз осындай «тар жол, тайғақ кешуден» береке мен бірліктің, сабыр мен төзімнің, үміт пен сенімнің арқасында аман өтіп, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Аз уақыттың ішінде елдіктің іргесін нығайтып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Қазіргідей күрделі кезеңдердің өзін абыроймен еңсеріп келеміз», дейді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар қаншалықты қасіретті болса да, төл тарихымызды ұмытуға болмайтынын айта келе, Мемлекет басшысының тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру тапсырмасына тоқталады.
«Шын мәнінде, Президентіміз атап көрсеткендей, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Сондықтан тарихтан тағылым алып, ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыздың есімдерін мәңгі ұлықтап өткеніміз жөн.
Енді ешқашан мұндай зұлмат болмасын! Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!», дейді Сенат төрағасы.
Ал Дәурен Абаев Президент тапсырмасымен құрылатын комиссияның міндеттері туралы айтты.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғандығын жария етті. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін – тарихымыздың жанындағы жазылмаған жара. Процестердің жабықтығы, құпиялығы, өкінішке қарай, тарихымызда көптеген ақтаңдақ қалдырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыздардың барлығы бірдей ақталған жоқ. Біздегі мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні 6 мыңға жуық істі қарау қажет. Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған», деп жазды Дәурен Абаев желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол «Тарихты өзгертіп, тас-талқан болған тағдырларды қалпына келтіре алмаймыз. Өлгендерге қайта өмір беру де мүмкін емес. Бірақ олардың ұрпақтары, келешек қазақстандық ұрпақтар алдындағы парызымыз – кінәсіз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау», деді.
«Жаңадан құрылған органның миссиясы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау мақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және соның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай: біріншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу; екіншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту; үшіншіден, ақталғандарды мәңгі есте қалдыру, олардың жерленген жерлерін іздеу және күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу; төртіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында қоғамға тұрақты түрде ақпарат берілетін болады», деп жазды Дәурен Абаев.