Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Оралда 53 жастағы азамат коронавирустан қайтыс болды

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясынан 53 жастағы азамат қайтыс болды. Ол «Теңізшевройл» ЖШС-і кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істеген.

Оралда 53 жастағы азамат коронавирустан қайтыс болды

Ол 3 мамыр күні Атырау облысынан Орал қаласына әріптестерімен бірге автобуспен келген. Науқастармен қарым-қатынаста болған адам ретінде провизорлық стационарда оқшауланып, бір аптадан соң ауру белгісі байқалмаған соң үйіне жіберілген.

«10 мамырдан бастап бекітілген емхананың медицина қызметкерлерінің бақылауымен үй карантинінде болды. 10 мамырдан бастап тамақтың қышуы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі белгілері пайда болғанына қарамастан медициналық көмекке жүгінбеген. Күн сайын қоңырау шалған медицина қызметкерлеріне өз денсаулығына шағымданбаған. Келесі 9 күн бойы медициналық көмекке жүгінбей, 19 мамыр күні жүріп-тұру кезінде ентігу, төсектен тұра алмай айқын әлсіздік пайда болған соң жедел жәрдем шақыртып, провизорлық стационарға жеткізілді» делінген дәрігерлердің ақпарат мәлімдемесінде.

Осы жерде науқастан алынған анализ оның COVID-19 вирусын жұқтырғанын көрсеткен. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, тыныс алуы қиындаған соң жедел түрде облыстық жұқпалы ауруханының реанимациялық бөлімшесіне жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуынша, науқас жан сақтау бөлімінде ауыр жағдайда болған. Реанимациялық іс-шаралар өз нәтижесін бермеген. Сөйтіп, 30 мамыр күні науқастың жүрегі және тыныс алу қызметі тоқтаған.

«Аталған факт COVID-19 вирусы өте қауіпті ауру екенін және оған немқұрайлы қарауға болмайтынының айқын дәлелі. Көмекке уақытында жүгінгенде науқасты өлімнен аман алып қалуға болатын еді» делінген хабарламада.

31 мамыр күні Батыс Қазақстан облысында 41 адамнан COVID-19 диагнозы анықталып, өңірде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 621-ге жетті. Олардың 285-і жазылып, үйіне шықты. 336 адам жұқпалы аурулар ауруханасында ем-дом алып жатыр. Провизорлық стационарда – 14, үй карантинінде – 1278 адам оқшауланған.

 

Батыс Қазақстан