Қоғам • 01 Маусым, 2020

12 мың шақырым тоқтамай ұшқан көкек

1551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқаны әнімен қырған Біржан сал Қожағұлұлының «Аты жоқ құс болады көкек деген, Алдында терезенің секектеген. Ойымда үш ұйықтасам, бар ма менің, Айырылып сені, сәулем, кетед деген» деп келетін «Көкек» атты ойнақы әні бар.

12 мың шақырым тоқтамай ұшқан көкек

Осы әндегі көкек кәдімгі қарапайым – жыл құсы. Атам қазақ бұл хайуанды өзінің атын өзі «көкектеп» шақыратындықтан «аты жоқ құс» деп де айтады.

Жуырда алпауыт ақпарат көзі «ВВС» агенттігі қызық ақпар таратты. Яғни, жыл құстарының көш жолын зерттеумен айналысатын ұлыбританиялық орнитологтар тың жаңалыққа куә болған көрінеді. Бұндағы зерттеу нысанына Біржан сал атамыз айтқандай  екі аты жоқ құс, яғни көкек таңдап алынған.

Бұл құстарды зерттеушілер Африка құрлығындағы Замбия елінің территориясынан ұстап алып, бұларға арнайы құрылғы орнатып, оны ғарыштағы спутник  арқылы бақылаған. Сөйтіп, қара құрлықтан көтерілген қос көкек 20 наурыз күні Азияны бетке алып ұшып шыққан.

Алғаш болып көкке көтерілген «Онон» атты көкек Үнді мұхитының үсті 2600 шақырымдық жолды  көктей өтіп, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен ұшып, жолай Кения, Үндістан, Бангладеш, Сауд Арабия қатарлы 16 мемлекеттің жерін басып өтіп, онымен қоймай мұхит үстіне қарсы соққан дауылды жарып ұшқан.

Екінші көкек әуелі, Шығыс Африканың Килиманджаро шыңын жанай ұшып, айналма жолда Қытай территориясы Юньнань провинциясы жеріне келгенде байланыс үзілген екен. Бақылаушылардың пайымынша, бұл бейбақ ұзақ сапарға төтеп бере алмай зорығып өлген сияқты. Соның өзіне 14 тәулік ішінде тоқтамай 10 мың шақырым жолды артқа тастап үлгерген.

Ал жоғарыдағы «Онон» аты көкек қажымай-талмай ұшып, 12 мың шақырымнан астам жолды басып өтіп, Моңғолияның байтақ даласына жетіп келіп байыз тапқан. Яғни, «үһ» деп аман-есен жерге қонған.

Жыл құстарының көші-қон жолын зерттеуші оронтологтар бұған дейін, яғни 2007 жылы жыл құстары 11500 шақырымды тоқтаусыз ұшып өткені жайлы рекорд тіркеген болса, бұл реткі көкек көзсіз ерлік жасап жаңа өлшем жасады.

3