Аймақтар • 02 Маусым, 2020

Түркістан облысында жоғалған қыздар табылды

567 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Анасының ұрысқанын көңіліне ауыр алып қалған 11 жастағы қыз үйінен шығып, реніші басылғанша барар жерін бағамдамай жүре берген.

Түркістан облысында жоғалған қыздар табылды

Жалғыз шықпапты үйіне қыдырып келген 6 жасар туысқанын ерте кеткен. Жұмысынан келген әкесі қыздарды үйден де, маңайдан да іздеп таба алмаған соң Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне арызданады. Арызданушының айтуынша, қызы сағат 17:00 шамасында үйлеріне қыдырып келген 6 жасар қызды ерте шығып кетіп, қайта оралмаған.

Аталған жайт полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалып кеткен жасөспірімдерді іздеу жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Пернешов, инспекторлармен бірге шығып, көрген-білгендерден жауап алып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Үш сағатқа созылған іс-шаралар нәтижесінде, жоғалып кеткен қыздар өз үйінен 10 шақырым қашықтықтағы көшелердің бірінен табылды.

Полицейлер табылған екі қызды үйіне әкеліп, отбасына аман-сау тапсырды. Қыздың әкесі Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне, оның ішінде Мұрат Пернешовке алғысын білдірді.

 

Түркістан облысы